Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәкен ауылының өз моншасы бар

Сәкен ауылының өз моншасы бар

Тәуекелге бел буып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар жетерлік. «Еңбек түбі – береке» деп, кәсіптен нәсіп таппақ болғандарға мемлекет ұдайы қолдау көрсетіп келеді.

Егемендікке қол жеткелі, еңсе тіктеп, етек жиған халыққа қазір барынша жақсы жағ­дай жасалған. Бұрын қалалық жерден ғана кездесетін фаст-фуд өнімдері дейсіз бе, небір дүкен дейсіз бе, сауда орталықтары болсын, барлығы ауылдық жерде де қолжетімді. Тұрмыста керегіңізді табу үшін шаһарға «шапқылаудың» қажеті жоқ. Ал жеке кәсіпкерлер өз кезегінде ел экономикасының дамуына ықпал етуде.

Осындай берекелі бизнес бастап, монша ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған бүгінгі кейіпкеріміз – Абай Тоқтаров.

«Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» дейді қазақ. Бұл күнде жасы небәрі 25-тен асқан жігіт ауыл тұрғындарын моншамен қамтамасыз етіп отыр.

Сәкен ауылының тұрғындары ризашылықпен көпшілік ортада ауыздарынан тастамай айта жүр­ген соң, жағдайды өз көзімізбен көріп, «Абайдың моншасы» деп аты шыққан моншаның егесін көпке үлгі етуді жөн санадық.

С.Сейфуллин ауылының тумасы 2015 жылы М.Мә­метова атындағы гуманитарлық колледжді тәмамдағаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс жасаған. 2017 жылы аудандық ішкі саясат бөлімінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында білік­тілігін толықтырған ол белгілі себептермен біраз уақыт қызметке орналаса алмайды. «Еш нәрсе се­беп­сіз емес» деген, екі қолға бір күректің табылмауы арманы асқақ, ойы жүйрік, еңбекқор жігіттің жігерін жанып, жеке кәсіпке бет бұруына себепкер болады.

Қыстың күні апта бойына, жаз шыға демалыс күндері Абайдың ауласынан адам қарасы үзілмейді. Екінің бірінің ойына келмейтін, ойына келсе қолынан келмейтін бұл істі қалай бастағанын сұраған едік.

– Бұл жұмысты жүргізу 2012 жылдардан бас­талған болатын. Ол кезде есік алдында шағын монша еді. Сол уақытта ауылда көпшілікке арналған мұндай монша болмаған. Оқуда жүріп не аудан орталығында жұмыс жасаған кезімде демалыс күндері үйге барып, осы жұмыстарға үйреніп, ағама қолғабыс етіп жүрдім. Кейін, беріде, бұл кәсіпті бірыңғай өз қолыма алдым. Одан бері де екі жылдай уақыт өтті,– деген жауап алдық.

«Ой – жүйрік» деген. Психология ғылымында мы­надай тәмсіл бар: «Егер адам бір нәрсені беріле ойлап, шынайы армандаса, миға сигнал барады. Сол сигналдың салдарынан ойға алған нәрсе міндетті түрде орындалады». Кейіпкеріміздің жағдайына назар салсақ, теорияның туралығына көзіміз жете түседі.
Абай бала кезінен жеке кәсіппен айналысуды армандаған. Отбасымен кәсіп пен саудаға жақын жандар «саудада береке бар» дейді. Кішкентай кезінен ата-анасы мен бауырларынан үлгі алып есейген Абайдың үлкен қаладағы керемет моншаларды көріп, балалық арманына қанат біткен.

Бертін келе моншаны үлкейту, заман талабына сай етіп қайта жасауды қолға алған. Алғашқыда кәсіпкерлік грант ұта алмай, жаңа жоба құры­лысын жеке табыспен қаржыландырған. 2019 жылы ауылдық елді мекен кәсіпкерлеріне арналған «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС-дегі «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында қайтарымды несие алған. Үкіметтің көрсеткен қолдауы кәсіпкердің аяққа тұруына ықпал етіп, жаңа монша 2020 жылдың көктемінде халыққа қызмет көрсете бастаған.

– Көптен күткен құрылыс аяқталып, енді ғана көпшілікке арнап жұмыс жүргізе бастағанда коронавирус індеті келіп, қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі туды. Бірнеше жылға созылған еңбектің нәтижесін халыққа көрсетеміз бе дегенде, тағы да біршама уақыт жұмысты тоқтатуға тура келді, – дейді жас кәсіпкер.

Қазір монша жұмысы тұрақты жүргізілуде. Ауыл тұрғындарына тиімді жағдайда қызмет көрсетіп тұр. Халық тән тазалығымен жан рақатын сезінген са­йын кәсіпкерге алғысын білдіріп жатады. Құны да қолжетімді. Бұл туралы:

– Бұл біреуге тиын болғанымен, біреуге ауыр­лық етуі мүмкін екенін түсінемін. Сондықтан халықтың қалтасына ауырлық етпеу жағын назарда ұстауға тырысамын, – деген кәсіп иесі кәсіптен бұрын, адамдық қасиетті ұмытпай, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұру­ды естен шығармайды.

Ата-анасының тәрбиесімен «Бір қолың берген­ді екінші қолың білмесін» дейтін ауылдың ұяң баласы «кәсіпкер ретінде қайырымдылық шараларын жасап тұрасыз ба?» деген сұрағымызға жауап бергісі келмегені рас. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп оны да сұрап алдық.

Ораза айында ауыз бекіткен ауыл тұрғындары үшін моншаға түсуді тегін етіп, елдің алғысына бөленген ол алда түрлі жоспарларының бар екенін, қайырымдылық шараларын міндетті түрде ұйымдастырып тұратынын айтты.

– Бәріне бірден жеттік дей алмаймын. Әрине қиындығы бар, қызығы бар, жайлап несібемізге қарай тіршілік етудеміз. Мақсатқа қарай бір қадамдап үздіксіз әрекет ету берекелі болады. Десе де, ойға алған армандарым Алланың қалауымен орындалып келеді, – деп бір түйіндеді Абай әңгімені.

С.Сейфуллин ауылындағы құт дарыған шаңырақтың егесі, Абайдың әкесі – Т.Бекішов қарапайым күрішші болып жұмыс жасаса, анасы – Б.Ділдабаева алтын құрсақты ана, «Алтын алқа» иегері. Бала күнінен әкенің тәрбиесін, ананың «ұят боладысын» естіп өскен Абай – отбасындағы жеті баланың кенжесі.

Ауыл экономикасын көтеруге барынша үлес қосып отырған азаматпен кішігірім әңгімеміз барысында оның көпшіл, адал, «нәтиже – түзу жолда» дейтін турашыл адам екенін аңғардық. Сондай-ақ, көкірегінде намыс, көзінде от жанған жігіттің сөзінен көшбасшылық қасиет айқын аңғарылып тұрды.

А.Тоқтаров аудан жастары арасында өте белсенді. Жастар форумдарында, аудандық, облыстық концерттерде ұдайы бой көрсететін. Белсенділігімен көзге түсіп, облыс, аудан әкімдерінің марапатына ие болған.

Шағын кәсіп иесімен шағын әңгімеміздің соңына таяу болашаққа деген мақсаты мен жоспарын да сұрадық.

– Арман көп, баста идея толып жатыр. Алда осы жұмысты жандандырсақ дейміз. Басқа салалар бо­йынша да жұмыс жасау ойда бар. Еңсе тіктеп, аяққа тұрған соң, адамдарды жұмыспен қамтығым келеді. Осылайша ауыл экономикасын дамытсақ дейміз. Қазір шағын ауылдарда да тұрмыс жақсы. Ауыл тұрғындарына үлкен қаладағыдай тиімді жағдай жасауға үлес қосқым келеді, – деп ағынан жарылды ол.

Аға буыннан үлгі алып бой түзеген Абай өзінен кейінгілерге үлгі болғысы келеді.

– Қос қолға бір күрек таппай жүргендерге өзің әрекет етсең береке өзі келетінін ұғындырғым келеді. Тек адал еңбек пен ащы маңдай терді төгу қажет. Бұл тұста мен бір белесті алып тастадым демеймін, әрине. Адал еңбекпен өрісімізді кеңейте түсуге күш саламыз, – дейді А.Тоқтаров.

Ауыл тұрғындары да Абайға дән риза. – «Ауыл аралас, қой қоралас» дегендей, бұл отбасын бұрыннан танимыз. Ауылда орталық монша жоқ кезден бастап «Абайдың моншасына» келетінбіз. Қазіргі монша тіпті керемет. Келушілер үшін жайлы жағдай жасалған. Абай ауыл тұрғындары үшін ең керек қызмет түрін кәсіпке айналдырып, алғысқа бөленіп отыр, – дейді пікірімізді қуаттай түскен ауыл тұрғыны А.Ғалымова.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ 
12 маусым 2021 ж. 332 0