Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалжан ахун қабірі: рухани мұра жаңғыртуды қажет етеді

Қалжан ахун қабірі: рухани мұра жаңғыртуды қажет етеді

Жасын болып тигенмен жатқа бабам,
Ала жіптен қазағым аттамаған.
Атқа қонған жеріне қорған болып,
Топырағын өзгенің таптамаған.
Ардақтаған айбынын адал ардың,
Тұлғаларым тұрғанда табалар кім?!
Келер ұрпақ кешпейді егер бүгін,
Тірілтпесек рухын бабалардың.


Ұлы дариямен аттас аудан орталығы Тереңөзек кентінен 12 шақырым жерде орналасқан қасиетті мекен Қалжан ахун мешіті Сыр халқының рухани мұрасы саналады. Қалжан ахун ауылының батысында 2 шақырым жерде орналасқан мешіт ХІХ ғасырдың соңында ХХ ғасырдың басында салынған. Нақты айтқанда, 1902 жылы іргетасы қаланған мешіт-медресенің құрылысына Қалжан ахунның өзі атсалысқан. Архитектуралық жобасынан бастап, құрылыстың сапалы болуын жіті қадағалаған. Дегенмен, тарихи деректер бойынша ахун мұнда бала оқытып үлгірмеген. Себебі, медресе құрылысы 1916 жылы ахун дүниеден өткеннен кейін аяқталған.

Ғасырдан астам уақыт өтсе де медресенің сақ­талуы оның кірпішінің сапалы болуынан екеніне дау жоқ. Негізінен, құрылысын Қалжан ахун өзі оқыған «Көкілташ» медресесіне ұқсатқысы келген деседі көзкөргендер. Тарихи орынға барғандар медресенің 20-дан астам бөлмесі, мешіті, тамақтанатын орны бар екенін аңғарады. Теміржолға қараған бетінде мешітке тәу етушілер үшін қақпа орнатылған. Кеңес үкіметі тұсында мектеп-интернат, кейін астық сақ­тайтын қойма, тіпті мал қораға да айналған.

Тарихи орын мемлекет қорғауына алынған­дықтан қаржы бөлініп, реставрация жасалады. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау» жылына орай жөндеу жүргізілген. Десе де қазіргі медресенің және Қалжан ахун жерленген қабірдің жағдайы туралы киелі орынға зиярат етуге барғандар айтып жүр. Бұл жайында әріптесіміз Дәурен Сейітжанұлы «Facebook» әлеуметтік желісінде де мәселе көтерген болатын. Жазбада былай делінген:

«Айтпағым, сәуір айының соңында осында зия­рат еттік. Жанымда Сырым деген ағам бар. Әуелі мешіт-медресенің ішіне кіріп, аралап шықтық. Ары қарай осы ғимараттың батыс жағында 50-60 метр­дей жердегі шағын мешітке беттедік. Соның ішінде Қалжан ахун мен балалары жерленген. Рухтарына Құран бағыштап, дұғамызды қылып болғасын Сырекең «Ахун бабамыздың қабірі опырылып, төмен түсіп кетіпті. Осыны дұрыстауға болмай ма екен?» деді. Ойды ой қозғайды ғой, шағын мешітті, көктастарды жанарыммен бір шолып шығып «Ке­зінде үлкен мешіт-медресені қайта жаңғыртудан өткізгенде мұны елеусіз қалдырған сияқты» дедім. Шынында солай болып шықты».

Сонан соң мән-жайды анық білетін нағыз жанашыр азаматты іздеген қаламгер Дәурен Сейіт­жанұлы талай жыл аудандық музейде ғылыми қызметкер болған, мәдениет майталманы Жәнібек Маханбеттің пікірін береді. Медресеге қатысты өз ойын тарқатып айтып берген сала ардагері мешіт құрылысына сипаттама жазады.

– Ол жазғы мезгілде пайдаланған шағын ме­шіт үйі. Жақсы күйдірілген қышпен қаланған. Мешіт аумағының өлшемі мынадай: ұзындығы - 14 метр 50 см, ені - 8 метр 50 см, ал биіктігі - 2 метр 50 см болса, құрылыстың батыс жағынан 2 метр 30 см-дей үстіңгі бөлігі жабылған. Ал қалған бөлігі ашық күйінде жатыр. Осыған қарап мешіт жаз мезгілінде жұмыс жасағанға ұқсайды. Мешіт үйінің оңтүстік бетінде ішке кіріп-шығуға есік орнатылса, есік үстінде төрт бұрышты ойық қалдырылып, оған жазуы бар тас плита орналастырылған. Кезінде облыстық «Рухани жанғыру» орталығының қызметкері, бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындығы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев бауырымыз ағайыншылық танытып, осы жазуды фотоға түсіріп, филология ғылымының кандидаты Серікбай Қылышбайға жіберіп оқытқан еді. Ондағы жазу мазмұны «1334 жыл 22-маусым» деп жазылған. Онда мешіт құрылысы аяқталып, халыққа осы жылы қызмет көрсете бастаған деуге негіз бар. Мешіт құрылысы өте сапалы, күйдірілген қыш кірпіш асқан шеберлікпен өрілген. Ғасырдан астам уақыттан бері қоғам мен табиғаттың зұл­матын көрсе де қабырғалары сол қалпында.

Қандай құрылыс нысаны болса да, ол іргетасқа тәуелді екені белгілі. Іргетасы үлкен мешіт-медресе құрылысының іргетасы секілді жерді тереңдігі 1 метр 70 см-дей қазып сол уақыттағы құрылыс заңдылығына сәйкес, алдымен қамыстың бауын төсеп, үстіне бір метрден бастап жоғары қарай сүйірлене (конус) қабырғаға дейін өріліп келген әрі ары қарай қабырға болып өрілгенге ұқсайды. Жүз жылдан астам уақыттан бері сыр бермей келген, бірегей құрылыс нысанының, қыштардың арасындағы байланыс «растворы» бізге әлі құпиясын ашқан жоқ. Құрылысты теміржол құрылысының шебері орындаған секілді. Теміржол құрылысы жұмысына оның орындау тәсілдері ұқсас.

Қалжан ахун өмірінің соңына таман Жалағаш кентінде ғұмыр кешеді. 1916 жылы Жалағаш кентінде бұл дүниеден озғанда қариялардың айтуынша, ахун мүрдесін Қайқы батыр бастаған Тереңөзектен келген халық ахунды өзінің құтты қонысы болған бүгінгі мешіт маңына қоюды қалап барғанда, Жалағаш халқы қарсы болады. Талас бітіспес дауға айналады. Сонда Қайқы батыр қылышын көтеріп «Ендеше денені екіге бөлемін, бөліп алыңдар» дегенде сескенген халық ахун денесі салынған табытты теміржолдың бойымен жағалай бүгінгі мәңгілік орын тепкен жерге жерлесе керек. Міне, осы уақыттан бері шағын мешітте өзі зайырлы балаларымен бірге.

Ұзын сөздің қысқасы, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының аясында жаңағы өзің айтқан, біз айтқан бір мәселені қолға алу керек, – деп мәдениет жанашыры бірнеше ұсыныс айтады.

– Біріншіден, ғұлама ғалым, рухани ұстаз Қалжан ахунның мәңгілік орны сағанаға апарар жалғыз аяқ жолы бейіттер арасымен жүргендіктен, көктем-күз айларындағы лайсаң, қыстағы қалың қар, жаздағы май топырақ келушілерге бір ыңғайсыздық туғы­зуда.

Екіншіден, сағана іші келген кісілерге жақсы әсер қалдырмайды. Себебі, кейбір мүрделердің бе­йіттері ішіне құлағаны бар және әркелкі орын тепкен. Осыларды бір реттілікпен заман талабына сай, үстін бірдей өлшемде плиталармен қайта жауып, еденіне қайта плита төсесе дейміз. Қабырғаларын қайта сылап, әрлеу керек. Сағананың үстіңгі ашық бөлігін ішке жарық түсетіндей етіп шатыр жабындысымен жапса, сонда сағана іші жауын-шашыннан бүлінбес еді.

Үшіншіден, сол маңайда Қалжан ахунның үйі­нің орны байқалады. Қабырғалары опырылып, мүжілген. Сонымен бірге Қалжан ахун арығы да бар. Қасиетті бабаның көзіндей болып сақталған бұл орындарды жермен-жексен болмай тұрғанда қоршауға алып, бір әрекет жасасақ, – дейді.

Әрі қарай Жәнібек Маханбет тағы бір маңызды істің мәнін ашады.

– Қалжан ахунмен бірге Көкілташта білім алған Төлегенұлы Сымағұл ахун (1850-1928 жж) кезінде белгілі себептермен Арал өңірінен осы Қалжан ахун ауылына келеді. Қалжан ахун замандасын жылы қабылдап, құрмет көрсетеді. Өзінің қамқорлығына алған жетім қызды «туған қызым» деп жөн-жоралғы жасап, Сымағұлға қосады. Үй тігіп, дүние-мүлкін беріп, жеке шаңырақ етіпті. Мұны аралдық ақсақал Жеткерген Нұрқабыловтан естідім. Бүгінде Арал өңірінде Шижаға елді мекенінде Сымағұл мен Салтанаттан тараған ұрпақтар ғұмыр кешуде. Сымағұл ұрпағы Зәйтүннің үйінде кезінде Қалжан ахун берген киіз үйдің белгілі бір бөлшектері сақ­таулы екен. Соны тауып, ағайынмен келіссөз жүргізіп, біздегі аудандық музейге қойса, құба-құп болар еді, – деп Жәнібек аға ел-халықты осыған үн қосуға шақырған.

Сыр елінің тамаша тарихи ескерткіші, әрі кие­лі орны саналатын рухани орда Қалжан ахун медресесінің бүгінгі жай-күйін күйіттеген жанашыр азаматтың жазбасына көптеген зиялы қауым өкілдерімен қатар ауыл тұрғындары да пі­кір білдіріген. Сондай-ақ Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы да Қалжан ахун сағанасы мемлекет қорғауына алынып, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілгенінен хабардар еткен.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ескерткіштің төлқұжаты әзірленіп, қорғау тақтасы орнатылды. 2020 жылы сағананың қорғау аймағы белгіленді. Бірінші кезекте Қалжан ахунның мешіт-медресесіне баса көңіл бөлінгендігі белгілі. Себебі, өңірімізде қайталанбас сәулет өнерінің үлгісінде салынған және өңірдің қасиетті орындарының бірі саналатын ескерткіш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы қайта қалпына келтірілді. Ал Қалжан ахун сағанасын жөндеу бюджеттің мүмкіндігіне орай биылғы жылға жоспар­ланған» деген басқарма басшылығы Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұраларына жанашырлық танытқандарға ризашылық білдірген.

Қазақ елінің мәдени асыл мұрасы саналатын осынау қасиетті жердің топырағы мен әрбір тасын кие тұтып, оны көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші жанашырлық танытып, баба рухына тағзым етуді мұрат еткен ұрпағымыздың болашағы үшін қолымыздан келгенше қолдау біл­дірсек, нағыз рухани жаңғырғанымыз емес пе?!

Бибісара ЖАНӘЛІ
08 маусым 2021 ж. 353 0