Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер аңсаған қызыл қой.....

Жер аңсаған қызыл қой.....

Жаздың жайлы жылуы тарқап, сары күздің күрең қабағына қатқан шықпен бірге жайлаудан еңкейген ел Қара аралдың тік қабағына жағалай қоныс тепті. Бұл қойлы ауылдың жылдағы әдеті. Мұнда көп отырмайды.

Қарашаның алғашқы ызғары түсе қыстауға қарай үдере көшеді. Көктұмсықтың шилі тастағын жанай қонған екі үй кешеден бері абыр-сабыр. Ауыл ағасы Темірхан қария қасына бір-екі белді жігітті ертіп, қыстаудың қиын оюға кеткен. Темкең қалай келеді, қос үй қойшы ауыл қыстауға көшеді. Мына абыр-сабырдың мәні осы.

Қарагердің шылбырын белдеуге іле салып үйге кірген Темірхан қарияның көңілі пәс. Ауыр күрсінді де, қолындағы дойыр қамшысын босаға жаққа сүлесоқ лақтыра салды. Төрге беттеп бара жатып тағы да ауыр күрсінді.

Сары қарын бәйбіше аң-таң. Шалының мұндайы жоқ еді... Бұлай терең күрсінгенін ешқашан көрмепті. Шапанын шешіп, көнетоз сырмаққа жайғасқан отағасы тағы бір терең күрсініп алып бәйбішесіне:

– Көктемде орысқа айдатқан қызыл ісек қашып келіпті, – деді. Тосын жаңалыққа селк еткен бәйбіше таңданғаны соншалық, «Қайда?» деді үні құмығып:

– Жемтігін көрдім. Жүні бұрқырап қора­ның шетінде жатыр. Құлағындағы сырға­сынан таныдым. Кемпір, менің ұлым Қойлан емес, осы қызыл қой екен. Әттең қадірін кеш білгенім-ай, – деп төбе-құйқасын таудың қырлы қара тасымен үйкесең былқ етпейтін Темкең кемсеңдеп жылай бастады.

Манадан бері терең күрсіністің байыбына бармай теңселіп тұрған сары қарын бәйбіше дауыс салып, жер-көкті жаңғыртып көріс айтты. Күңіренген көрістің үнін естіген көршілер де желіп жетті.

– Сабыр, сабыр. Не болды сіздерге?

Төрде малдас құрып, еңкейе бүкшиіп Темкең отыр. Сақалына құлаған тамшылар былғары етіктің қонышына тырс-тырс тамады. Сары қарын бәйбіше пеш түбінде өксиді. Көршілер аң-таң. О құдірет темірден қатты Темірбек жылайды деп кім ойлаған.

– Бәрі жақсы, – деді Темкең көрік кеудесін лезде көтеріп. – Бәрі жақсы, әй, кемпір, тый көз жасыңды, дастарқан жай қоңыр ісекті еске алып, азаның шайын ішейік.

Талайды көріп, тағдырдың тезіне шыныққан Темкең дереу есін жиып, ежелгі темір кейпіне ене қалды. Көршілер болса әлі оқиғаның байы­бына барар емес. «Құдай-ау малға аза тұтқаны несі?!». Ақыры шыдамы таусылды ма, әлде мәселенің байыбына жеткісі келді ме көрші Атшыбай:

– Темке, бұл не жағдай? – деп сұрады. Өйт­кені отыз жыл жолдас болып келе жат­қан бұл кісінің әсте теріс қылығын көр­ген емес, мінезі қаттылау дегені болмаса, діңі берік адам. Ешқашан, ешкім Темір­ханның жасығанын көрген емес.

Өксі­гін басқан бәйбіше төр алдында қатқан қазық­тай қайсарлана қалған шалына бір қарап, көкей­лерінде таңданыстың шоғы өшпеген көр­шілерге бір қарап:

– Көктемде орысқа етке айдатқан қызыл ісек қашып келіпті. Бейшараның жемтігі өзі туған тасқораның түбінде жатыр дейді. Шал қи оюға барғанда көріпті.

Мән-жайға қаныққан көршілер аң-таң. Бұл өңірде қызыл ісекті білмейтін жан баласы жоқ. Атшыбай басын шайқады. Көзінде жас. Оқанның жас келіншегі еріксіз еңіреп жіберді. Жыламаған жан қалмады. Оқиғаның бұрынғы сүрлеуінен хабардар жұрт «қойға аза тұтудың» мәнін енді түсінді.

* * *

Темірхан – бір атадан жалғыз жан. Бала күнінде керуенге ілесіп Қобда бетіне Алтай­дан асып келген екен. Ат айылын тартып мінгенге дейін кім көрінгеннің малын бағып, от жағып күн көрді. Бертін келе жаңадан ашылған Ақкөл базасына қара жұмысқа орналасып, жатақ атанған.

Сырт көзге кексе көрінгенімен, Темкеңнің жасы әлі алпысқа аяқ баса қойған жоқ. Бәйбішесі өзінен он жас кіші. Ол да бір басы өспеген елдің қызы. Жарықтықтардың жанына балаған жалғыз ұлы болады. Аты – Қойлан. Қос бейбақтың қу жаны жалғыздың үстінде болатын. Жалғыз ұл шолжыңдап, ерке өсті.

Үш жыл бұрын түбіт мұрты тебіндей бастаған Қойлан көктемде үшжылдық әс­кери міндетін өтеуге аттанатын болды. Ата-анасы оның жолына ақсарбас айтып сойып, ерте туған құрт мүйіз қоңыр қойдың еркек қызыл қозысын Қойланға атады. Ұлы үш­жылдық борышын өтеп қайтқанда мына қызыл қозы жеткен еркек қой болмай ма, бұйырса жалғыздың тілеу-тойына сояды.

Жылжып бір жыл өтті. Қойлан Дархан деген қалада әскери құрылыс отрядында міндетін атқарып жатты. Ара-тұра үш бу хат келіп тұрады. Ұлдың жолына атаған қызыл қозы марқайып тоқты шықты.

Күн сайын ала таңда өрген қоймен бірге жоны күдірейіп, кетіп бара жататын бұл қойға Темкең де сүйсіне қарайды. Бұйырса, жалғыз ұлы аман-есен келгенде айтып сойып, ұлан-асар той жасайды. Әне-міне тағы бір жыл өтті. Қызыл қой ісек шықты. Бұйырсын, бұйырсын... қыс өтіп, келер көктемде Қойлан оралады.

Осы жылы жер ерте көктеп, қыстан қысы­лып шыққан мал тез сергіді. Таңнан тұрып қой өргізген Темкеңнің көзі әдеттегідей жал­пақ тастың үстіне бауырын басып, батыстан желпи соққан тау самалына кеңсірік керіп, маңғаз бітімін бұзбай жусап жатқан қызыл ісекке түсті.

Одан кейін қасат қары әлі ери қоймаған Қалғытының кезеңін көктей өтіп түстікке қарай қиқулай ұшқан жыл құсын көзбен барлап шығарып салды. Бұйырсын, бұйырсын... кешікпей жыл құсы ұшып өткен күре жолмен жалғыз ұлы келеді...

Ой үстінде іштей толғатып, қиялға елтіп тұрған қарияның көңілін шауып келе жатқан аттың дүбірі бөліп жіберді. Алдынан абалап шыққан ауыл итін шулатпай тізгін тартып, аяңға көшкен азамат Жұмаділдің Бірбайы екен. Бұл жігіт бір жағынан балдызсүрей болып келеді Темкеңе. Ұмсына келіп сәлем берді.

– Ассалаумағалейкум!

– Уағалейкумсалам, қайдан келесің Бір­бай­жан, мына дүниеде не жаңалық болып жатыр? – деді жігіттің тосындау жүрісіне назар салған Темірхан қария. Керқұланың шыл­бырын беліне қыстырып, тізе бүккен ол:

– Әскер қайтыпты. Кеше қаладан келген айырплан аймаққа шерік әкеліп түсіріпті, – деді. Дәл осы хабарды үш жыл күткен Темір­хан­ның тұла бойы тербеліп кетті.

Қуан­ғаны соншалық – орнынан қалбалақтай кө­теріліп, алаңсыз отырған жігітті шап беріп жаға­сынан ұстап сілкіп-сілкіп жіберді. Қария­ның оғаштау қылығына таңғалған Бірбай «Мына кәрит құтырып кеткен жоқ па өзі?» деп жездесін бір қыжыртты, сүйінші айтуға апайына қарай беттеді.

Көңілі толқып, кө­рік кеудесін қуаныш қысқан қария беткей­де жатқан отарға қарады. Міне, қызық! Пошымы арқар тектес қызыл ісек серек тастың үстінде қолдан құйған құлжаның мүсініндей тапжылмай ауылға қарап тұр. – Жарықтығым-ай, жалғыз ұлдың жолын бағып тұрсың-ау, – деп тебіренген қария қалбалақтап барып, құдықтың ернеуіне сүйенді.

Еңкейіп судың бетінде дірілдеп тұрған өзінің жүзін көрді. Оған сұқ саусағын шошайтып «Әй, Темірхан, отыңның тұнығы, шөбіңнің шүйгіні, шаңырағыңның иесі – жалғыз ұлың әскерден келе жатыр» деді.

* * *

Қуанышты хабар құлағына жеткен қос мұңлықта маза жоқ. Шыңдаба кезеңінен құ­лаған күре жолдан көз алмайды. Иә, ақсарбас! Әне, маңдайы жарқыраған көкқасқа машина даланың сиыркөз шөбін таптап тіке ауылға қарай тартып келеді.

Қорабы толған адам. Маңдайы күнге шағылысып, «Зил-130» маркалы көкқасқа тұлпар арқыраған күйі қотанға келіп тоқтады. Бірінші болып қораптан секіріп түскен Сыдыбайдың Мешелі кәрі апасының құшағына сүңгіп кетті.

Мына жақта жас келіншек Күлән шеріктен қайтқан қайнысы Жантайлақты құшақтап көрісіп жатыр. Кешеден бері жондағы елден ат жетелеп келіп, Орынбекті күтіп жатқан Жұмабай жирен сәуірікке інісін қолтықтап мінгізіп әлек...

Кешкі сауымнан кейінгі қозы-лақтай ағыл-тегіл жамыраған жұрт кенет шаңқ етіп шыққан ащы дауыстан селк етіп естерін жиды. «Қойлан қайда?!». Жұрт тым-тырыс. «Бәсе, Қойлан қайда?».

Темірбек қария: «Ей, Мешел, Жантайлақ, Орынбек сендермен бірге аттанған Қойланым қайда?». Үш жігітте үн жоқ. Өлі тыныштық. «Бәсе, Қойлан қайда?». Бір заманда басына ақ шытын қырқа байлап тартқан Ұшар ақсақал ақ таяғын тықылдатып ортаға шықты. Тамағын кенеп алып:

– Қарағым Темірхан, мына жігіттер айта алмай қиналып тұр. Қойланың тойған же­рінде қалып қойыпты. Бір шұңқырдан ат­танған төрт жігіт төрт көзіміз түгел қайтайық деген екен, сенің балаң ерін бауырына алып тулап, әскерлерді отырғызған көліктен секі­ріп түсіп, қашқан күйі қалқа-моңғолдың қы­зының соңынан еріп, құба далаға сіңіп кетіпті. Бұл сөз ұлын күткен қос мұңлықтың төбесінен жай түскендей әсер етті. Темірхан жан-жағына сүзе көз тастап:

– Мына кісі шын айтып тұр ма? – деп үш жігітке шүйіле қадалды. Аналар үнсіз бастарын изеді. Бұл сөзді естіген ана бейбақ қара шапанымен басын бүркеп, бүктетіліп отырып қалды. Темірханда үн жоқ.

Шулап жатқан елге бір қарайды, шөке түсіп жер бауырлай жылжыған кемпіріне бір қарайды, анау жақта серек тастың үстінде серейіп тұрған қызыл ісекке бір қарайды. Қарияның қабарып кеткен жүзін ақыры көптің көзінен қараңғы түн жасырды.

* * *

Арада ай өтті. Жоғалған ұлдан хабар жоқ. Әдеттегідей, шілде туып, үркер жерге түскенде етке тірі мал жи­найтын алман-салықшылар келеді. Бұл – әр шаңыраққа міндетті борыш. Ел оны «ет алманы» дейді. Темкең бұл жолы көп ойланып жатпай, жалғыз ұлға арнап өсірген қызыл ісекті ет алманға «садақа» етіп жіберді.

Беу, дүние-ай, шілдеде айдалған қызыл қой­дың жемтігі, міне, қараша айында қыс­таудан табылып отырған жоқ па?! Темірхан қарияның «Менің ұлым – Қойлан емес, қы­зыл қой екен ғой» деп еңірейтін жөні бар.

Екі күннен кейін Темкең орысқа мал айдаушы Көнсалханды іздеп барды. Көкең турдан (мал айдаудан) оралып, Қобданқолдың бойында ескі күзеуінде отыр екен. Аман-сәлемнен кейін Темірхан:

– Көке, аман-есен жүріп келдіңіз бе, орыс­тың елі мен жері қалай екен? – деп орағыта сұрақ тастады. Көкең көп тосылмады:

– Құдая шүкір, бір қора қойды Көкергі өткелінен айдап өтіп, Жазатар мен Үкөк даласына екі айдай жайып, Аршаты заставасына жеткенде арғы жақтан Қазақстанның адамдары келіп, жылдағыдай қора-қора қойды машинаға тиеп, Семейге алып кетті. Біз келген ізімізбен кері қайттық, – деп қысқа қайырды. Темкең болса кеседегі қою шайын бір ұрттап, замандасына барлай қарап:

– Биыл мен етке қызыл еркек қой беріп едім, ол сен айдаған отарда кетіп еді ғой...

Сөз аяғын тоспай-ақ Көкең орнынан атып тұрды. Құйрығына оқ тиген құлжадай оқ­шы­райып Темкеңе қарады: – Құдайдың құ­діреті, Темке, сіз сенбейсіз-ау, Аршатыда қоралы қойды шулатып машинаға тиеп жатқанда сенің қызыл қойың секіріп түсіп қаша жөнелді.

Оның артынан екі солдат қуып кетті. Одан әрі не болды білмеймін. Біз аттанып кеттік, – деп бір тоқтады. Қою шайдан тағы бір ұрттаған Темкең:

– Көке, сол қызыл қойың қашқан күйі Қа­ша­тының аузындағы қыстауға келіп, өліп­ті.

Осы сөзді айтып Темкең көзіне жас алды. – Жануар дәл сол қорада туып еді.

Мына сөзге не сенерін, не сенбесін біл­мей Көкең үнсіз қалды. Тіпті тілі тартылып қалғандай... Еріксіз басын шайқай берді.

– Мүмкін емес, – деді Көкең: – Жол аса күдір, жолай Бертек деген өзен бар. Одан паром арқылы өтеді. Салт атты біздер зорға келеміз. Қойдың қашып келуі...

– Е, – деді Темкең. – Әлгі менің Қойланым осы қызыл қой құрлы болмады ғой.

Одан әрі бірдеме айтуға Көкеңнің де дәті бармады. Замандасы Темкең бір түрлі шөгіп бара жат­қандай көрінді. Әңгіме осы жерден шорт үзілді...

Бекен Қайратұлы

06 маусым 2021 ж. 375 0