Ардагерлерге құрмет көрсетті
Апта ағымында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тапсырысы аясында облыстық «Демеу» мейірімділік мүгедектер қоғамдық бірлес-тігінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 76 жылдығы шеңберінде ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Игілікті іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров пен еңбек және тыл ардагері Рақымжан Бәйменовті мерекемен құттықтады.
– Сұрапыл соғыстың жарасы әлі күнге жазылмақ емес. Зұлматты күндер желісінде қарапайым халық көп зардап шекті. Қасіретті күндерді көзімен көрген қариялардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бұл ретте, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан ардагерлерге қолдау көрсетіле бермек. Ұйымдастыру алқасы аудандағы ардагерлер мен соғыс жесірлеріне арнайы құттықтау хат пен сыйлық табыстауды аманат еткен болатын. Қай кезде де ардагерлер құрмет төрінен табылуы тиіс, – деді Хайролла Әбенұлы.
Өз кезегінде еңбек ардагері Рахымжан Бәйменов ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Негізінен, облыс көлемінде 11 ҰОС ардагері, 26 сұрапыл соғыс жылдары қажырлы еңбегі үшін КСРО медалімен наградталған ардагер бар. Сұрапылда қайтыс болғандар мен соғыс мүгедектерінің қайта тұрмыс құрмаған 50 жесірі өңірімізде тұрады. Өз кезегінде үш санатқа жатқызылған аудан бойынша 5 ардагер ерекше ыстық ықыласқа бөленді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ