Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерекше балаларға арналған орталық

Ерекше балаларға арналған орталық

Кент орталығында «Самұрық» инновация­лық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ерекше бала­ларға арналған орталық жұмысын бастаған болатын.

Аудан әкімдігі, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азамттық хал актілерін тіркеу бөлімімен бірлесіп ашылған орталықта сәуір айынан бастап күндізгі стационар ұйымдастырылды. Қоғамдық қордың орталықты ашудағы мақсаты – тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларға күндізгі стационарлық жағдайда арнау-лы әлеуметтік қызмет көрсету. Негізінен, жоба аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актісін тіркеу бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында іске асырылуда.

Орталықтағы мамандар бірнеше бағытта, атап айтқанда тұрмыстық, педагогикалық, психологиялық, еңбекке баулу, құқықтық, медициналық, мәдени т.б қызмет көрсетеді.

Қоғамдық қор директоры Ж.Тұсмағамбетовтың айтуынша, орталықтағы мамандардың күні бойы балалармен жұмыс жүргізудің нәтижесінде олардың бойында оң өзгерістер орын алуда.

– Өмірдің сынына түскен ерекше балаларға ата-аналары бар қамқорлығын аямайды. Дегенмен, таңертеңнен кешке дейін аналары балаларынан ешқайда шыға алмай отырады. Осындайда біздің орталық мамандарына көмекке жүгінуге болады. Мұнда арнайы мамандар балалармен айналысады. Барлық жағдайы жасалған орталықта балалар уақытылы тамақтанып, олармен педагогикалық, психологиялық жұмыс жүргізіледі. Балалар балабақшаға бара алмайтындықтан ата-аналрға жасалған көмегіміз болсын деп осындай орталық аштық, – дейді қоғамдық қор директоры.

Айтса айтқандай, орталық жұмысымен танысуға барған кезімізде балалар түскі ұйқыда екен. Тап-тұйнақтай етіп, таза төсекте ұйықтап жатқан балалардың қасында тәрбиеші Г.Ибадуллаева мен көмекші тәрбиеші Б.Жамшитова бар екен.

Тәрбиешінің айтуынша, балалармен жұмыс істегеніне біршама уақыт болыпты, тәжірибесі де жеткілікті. Арнайы келіп, сабақ беретін мұғалімдер мен дефектолог маманның жұмысы да жоспарға сәйкес жүргізіледі. Балаларға 3 мезгіл ыстық тамақ беріліп, тірек-қимыл ойындарына уақыт бөлінеді. Алдағы уақытта массаж, емдік дене жаттығуы да қолға алынбақшы.

Орталық жұмысы әзірге 10 балаға лайықтандырылған. Арнайы тасымал да ұйымдастырылған. Аудан орталығына жақын орналасқан С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылынан келетін балаларды да орталыққа әкелу жоспарда бар екен.

Тәрбиешілермен қызмет барысы туралы әңгімелесу барысында түскі демалыс уақыты да аяқталып, балалар біртіндеп ояна бастады. Тәрбиешілерінің жанында отырған мені байқаған 10-11 жасар бала дереу сәлемдесіп, қайдан келгенімізді, аты-жөнімізді сұрай бастады. Барымды салып балалармен сөйлесіп, олардың жақсы көңіл-күйін байқап, орталық мамандарының жұмысына риза болдық. Әрқайсысымен жылы сөйлесіп, басынан сипап, балаларды киіндіріп, жуындыруға кіріскен тәрбиешілерің жұмысы оңай еместігін көрдік.

Шын мәнінде, ата-анасына аз уақыт болса да көмек болатын орталық қызметінің жұмысы жақсы ұйымдастырылған. Ата-аналар тарапынан да жақсы лебіз білдірушілер бар.

– Кенттен осындай орталық ашылғаны жақсы болды. Қамқоршылығыма алған баламды 7 жасынан бері тәрбиелеп келемін. Бала кезінен мүмкіндігі шектеулі баламды жылына бір-екі рет медициналық орталықтарда емдетемін. Баламды күндізгі мезгілге қарайтын тәрбиешілерге сеніп тапсырамын. Кейде жұмыстарыммен емханаға апара алмайтын уақытым болады. Осындайда әлеуметтік қызметтің болғаны үлкен көмек біздей ата-аналарға. Балам қолына қалам алып, түстерді ажыратып, неше түрлі сурет салатын болды. Дене қозғалысына байланысты жаттығуды жасайды, ойлау қабілетін дамытуға арнайы сабаққа қатысады. Орталықта өзі секілді балалармен бірге уақыт өткізеді, уақытылы тамақтанып, бір мезгіл тынығады. Қазір баламда өзгеріс бар. Дені сау болғанға не жетсін? Дегенмен, барымызға шүкірлік етеміз. Қолымыздан келгенше денсаулығының жақсы болуына жағдай жасаймыз, – дейді кент тұрғыны Рая Күзербаева.

Бар жақсылықты бауыр еті баласынан аямаған хал-қымызда «Қуанса бала қуансын» деген сөз бар. Әрбір атқан таңнан жақсылық пен қуаныш үмітін күтетін ерекше балалар халықаралық балаларды қорғау күнін асыға күтеді. Себебі, осы күні балаларға сыйлық пен тәтті дәмнен тарту молынан болады. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, балалық шақтың балдай дәмі таусылмасын!

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
01 маусым 2021 ж. 523 0