Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Перзентіне көңіл бөлсе ата-ана...

Перзентіне көңіл бөлсе ата-ана...

Аудан бойынша бүгінде 12 214 бала мен 1 863 жас­өспірім бар. «Ата-ананың тәрбиесі – бала мі­не­зінің іргетасы» дегенді ұстанатын дана қазақ ба­ла қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлген. Қазіргі уа­қытта балалардың қатысуымен оқыс оқиғалар жиі­леп кетті. Бұл ретте, ата-ананың жауапкершілігі мен тәр­биенің рөлін күшейту басты назарда болуы тиіс. Бүгін балаларға қатысты туындаған мәселелер жөнін­де тарқатып айтпақпыз.
СУҒА ШОМЫЛУ ҚАУІПТІ
Жаз маусымы басталып, аудан бойынша 8232 оқушы жазғы демалысқа шықты. Күннің аптап ыстығында балалар суға түсуге бейім келеді. Өңірімізде өзен және көлдерде суға шомылуға 1 маусымнан бастап рұқсат етіледі. Бұл туралы Қызылорда облысы төтенше жайдайлар департаментіне қарасты Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Тоғызбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне хабарлаған болатын. Басқарма басшысының айтуынша, жедел-құтқару жасағында 54 сүңгуір, 18 дана техника, 16 дана ілмелі мотор, 29 жүзу құралы бар.

Бүгінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі су айдындарында азаматтар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Мәселен, 2021 жылдың мамыр айынан бастап, аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлім қызметкерлері «Сырдария» мен «Қалғандария» өзені, «Әйтек», «Майжарма», «Қаракөл» су арнасында кезекшілік ұйымдастырып, 16 рейдтік іс-шара жүргізген. Рейд барысында 61 дана үнпарақ таратылған. Суға шомылудың қызығына батқан балалар көбіне үнпарақта сақтық шаралары мен ескертпелерге аса мән бере бермейді. Рейд жұмысы аяқталғаннан кейін балалардың көпшілігі үнпарақтарды жағаға лақтырып жіберуді әдетке айналдырған.

– Бүгінгі таңда аудан көлемінде 36 су айдыны нақтыланды. Былтырғы жылы 8 дана билборд және 29 дана тақтайшалар орнатылған болатын. Алайда, аталған тақтайшалар қазіргі таңда ескірген, жаңартуды қажет етеді және кейбір су айдындарында тақтайшалар мүлдем орнатылмаған. Жыл басынан бері облыс аумағында су айдындарында 7 адам қаза тауып, оның ішінде 4 бала бар екені нақтыланып отыр. Ал ауданда соңғы 3 жылда 6 жағдай тіркеліп, 7 адам суға кеткен. Өкініштісі, 7 адамның 5-і бала, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Н.Бақтияр.

Төтеншеліктер адамдар көп жүретін жерлерде орналасқан (теміржол вокзалы, автостанция, сауда орталықтары, т.б.) судағы қауіпсіздікті сақтау туралы арнайы билбордтарға мән беруді және суға шомылу кезіндегі ережелерді қатаң сақтауды ескертеді.
КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫ:
БАЛАЛАР МӘСЕЛЕСІ АЛАҢДАТАДЫ
Аудан әкімдігі жанынан кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия жұмыс жасайды. Соңғы 5 айда аталған комиссия 10 отырыс өткізіп, 15 мәселе қаралған. Түрлі мәселелердің шешімін табу үшін арнайы бекітілген жауапты мамандар баяндама жасап, атқарылуға тиісті жұмысты саралаған. Мәселен, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушевтің төрағалығымен өткен отырыста жергілікті полиция бөлімнің бастығы А.Мұстафаев кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндаған.

– Өзекті мәселелердің төңірігенде тиісті мамандар бір­­неше міндеттер жүктелген. Үстіміздегі жылы аудан жас­өспірімдерінің қатысуымен ұрлық жасау оқиғалары тіркел­меген. Ауданда кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстардың саны өсу себебі – ауданға қарасты елді мекенде Қызылорда қаласының тіркеуінде тұрған жасөспірімдердің жасаған қылмыстарының аудан есебіне тіркелуі болып отыр. Негізінен, Қызылорда қаласындағы колледж студентерінің қатысуымен аудан аумағында орын алған. Бұл мәселе былтырғы жылы да бірнеше рет көтерілген еді, – дейді жергілікті полиция бастығы А.Мұстафаев.

Комиссия отырысында аудандық аурухананың бас дәрігері Н.Мырзағалива кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бойынша жан-жақты ақпар берген. Соңғы екі жылда ауданда суицидті алдын алу барысында жасөспірімдер арасында профилактикалық іс-шаралар жүргізу нәтижесінде, оқыс оқиға орын алмаған. Жалпы алғанда, ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы істерді қараудың заңдылықтары, жастардың қатысуымен орын алған оқыс оқиғалар мен түйткілді мәселелер назардан комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмаған. Мәселен, өткен жылы 24 комиссия отырысы өткізіліп, 34 мәселе қаралған.
ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМ
АЛУЫНА МҮМКІНДІК КӨП
2021 жылдың 4 айында ауданда 286 бала дүниеге келген. Оның ішінде, 1 жасқа дейінгі 3 бала шетінеп кеткен. Ана мен бала денсаулығы қашанда дәрігерлердің жіті қадағалауында болатыны сөзсіз. Қазіргі уақытта аудан бойынша 245 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Туа бітті кеселге шалдыққандар – 59. Олардың білім алуына жағдай жасау арқылы қалыпты өмірге бейімдей аламыз. Әрқайсысына жоспарлы ем жүргізу арқылы сауықтыру мәселесі күн тәртібінен түспейді.

Мүмкіндігі шектеулі балалар арасында үй жағдайында білім алатын 77 оқушы бар. Оған аудан бойынша 324 педагог тартылған. Бүгінде ерекше балалармен жұмыс жасау барысында түрлі қиындықтар кездеседі. Бұл ретте, педагогтар «Инклюзивті оқыту» курсы арқылы арнайы білімін жетілдірген.

– Инклюзивті оқытудың негізгі элементтері ерекше балалармен тығыз байланыс орнату болып табылады. Балалардың білімін жетілдіріп, әр санат бойынша қабілетін шыңдау маңызды рөлге ие. Бүгінде олардың психологиялық тұрғыдан жетілуіне де ата-ана мен ұстаздың еңбегі зор. Білім беруде ортақ тіл табысу, ой-өрісін дамыту, әр пәннің негізгі бағытын ұғындыру – күрделі кезең екені мәлім. Тынымсыз еңбектің жемісін көру арқылы баланы жан-жақты оқытуға күш саламыз. Олармен сырласамыз, ойын ашық білдіруге мүмкіндік туғызамыз. Қоғамға деген көзқарасын зерттеп, қоршаған ортамен байланыс орнатуға мүмкіндік жасаймыз, – дейді №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің психологы А.Әймен.
ЖЕТІМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР
Ауданда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16 бала бар. Олар 13 тәрбиешінің тәрбиесінде. Осы күні аудандық білім бөлімінің жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын атқарушы органында 1 маман, 2 әдіскер жұмыс істейді. Ауданға қарасты 12 орта мектеп пен 5 мектеп-лицейде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау жұмысымен айналысу әлеуметтік педагогтар міндетіне кіреді. Аталған мамандар тиісті органға тұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жөнінде жылына кемінде 2 рет тұрмыстық жағдайын зерттеу актісін, баланың үлгірімі, тәртібі, қаражаттың мақсатты жұмсалуы туралы есеп беріп отырады.

– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16 баланың 13-і тұрғын үй кезегіне қойылған. 3 баланың жалданбалы негізде тұрғын үйлері бар. Патронат, қорғаншы (қамқоршы) тәбиешілер тәрбиесіндегі балалар жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан бөлінген қаржы есебінен кітаппен, киім-кешекпен, ыстық тамақпен бірінші кезекте қамтылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №383 қаулысымен бекітілген «Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындау қағидалары және оны төлеу мөлшері туралы» ережесіне сәйкес, барлық балаға күтіп-бағу жәрдемақысы төленіп келеді. Аталған санаттағы балалар 2021 қаңтар айынан бастап, 10 АЕК көлемінде 29170 теңге жәрдәмақы алады, – дейді аудандық білім бөлімінің балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі әдіскері Г.Қасымова.

Өмірдің қарама-қайшылықтардан тұратыны рас. Кей жағ­дайда балалар ата-ана қамқорлығына зәру болады. Ал жекелеген отбасыларда тұрмыстық жанжалдар жиі орын алатыны тағы бар. Балаларға зәбір көрсетіп, тыныштығын бұзатын ата-аналар қоғамда кездеседі. Қоғам өмірінде өрескел әдеттен арыла алмай балаларды қараусыз қалдыратын ата-аналар заң алдында жауап береді. Өткен жылы ата-ана құқығын шектеу бойынша бір отбасы жауапқа тартылған. Биыл келеңсіз жағдай орын алмаған. Дегенмен, балалардың құқықтарын қорғау, үлкен өмірге бейімдеу – ата-ананың міндеті.

– Білім беру саласында 30 жылға жуық қызмет еттім. Біздің кезімізде бала тәрбиесіне аса мән берілетін еді. Жоғарыда көтеріліп отырған мәселе өте өзекті. Қазіргі таңда толық емес отбасыларда жанжал, оқыс оқиғалар жиі орын алып жатады. Мұның барлығы балалардың психологиясына тікелей әсер етеді. «Ешбір әке баласына жақсы тәрбиеден басқа ештеңе бере алмайды» демекші, балалардың тең құқылы қоғамда өмір сүруі ата-анаға байланысты. Қазіргі қоғамда сан алуан жағдайларға тап болудамыз. Әлем желінің қазіргі бейнесі сорақылықтан арылмай тұр. Балаларын тастаған ана, ішімдікке телмірген әке өз құқығынан айырылып, туған перзентінен жатқа айналуда. Өзегінен жарып шыққан баладан бас тарту – өмірдің нағыз әділетсіздігі. Дамыған мемлекеттер қатарына қосыламыз десек, ең алдымен бесігімізді түзейік, – дейді білім саласының ардагері А.Ізбасарова.

P.S «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесінде балалар немесе жасөспірімдерге қатысты жиі орын алатын оқиғалар мен мәселелер жөнінде кеңінен сөз қозғадық. Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзілмейді» дейді. Еңдеше, ұлт болашағын ойласақ, бала тәрбиесіне мән берген абзал.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 маусым 2021 ж. 334 0