Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шіркейлідегі шаттық ұялаған шаңырақ

Шіркейлідегі шаттық ұялаған шаңырақ

Ұрпақ сабақтастығының алтын тінін үзбеген, көпке сыйлы, ағайын-туысқа беделді, айналасына абыройлы отбасылардың бірі – Сырдария ауданы Шіркейлі ауылындағы Мақашовтар. Біләл Мақашов – Сырдария ауданының құрметті азаматы. Ұзақ жыл бойы ұстаздық етіп, зейнетке шыққан. Білім саласының үздігі.

Ол мектеп бітірген бойда әскер қатарына алынды, азаматтық боры­шын өтеп, елге келгеннен кейін жо­ғары білімге ұмтылды. Еңбек жолын өзі оқыған білім ошағынан бастады. Талай баланы білім нәрімен сусындатып, болашаққа қанат қақ­тырды. Жас мұғалімдердің білікті маман болуына септігін тигізді. Өз балаларын да жалған сөйлемеуге, жаман әдеттерден аулақ болуға, бір-біріне кішіпейіл болуға баулыды. Ерте жастан еңбекке тартты. Әке­нің ұлағатты жолын үлгі еткен ұрпақтары елге еңбек сіңіріп жүр. Қарапайымдылығымен жан-жағын баурап, сөзі өзгеге қуат, демеу болған азамат көпке тірек болды. Жары Алтын Мақашова – көпбалалы ана. Ауыл мектебінің кітапханасында жұмыс істеді.

Олар 1959 жылы шаңырақ кө­терді, 5 бала тәрбиеледі. Бүгінде ба­лалары құтты орындарына қонып, бір-бір шаңырақтың тұтқасы­на ай­налды. Ата-ана үмітін ақтап, өзде­рі де ақжаулықты ана, пайғамбар жасына жеткен ел ағасы атанды. Ардагер ұстаз 16 немере мен 5 шө­беренің қызығына бөленіп отыр. Береке мен бірлік, ауызбіршілік пен бауырмалдылық қасиетін өмірлік ұстанымға айналдырған отбасы бақыт деген осы деп тұжырымдайды. Алтын апа «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден бас­талады. Себебі, ата-анасын сыйла­маған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» деген сөзді перзенттерінің санасына құйып өсірді. Жолдасы екеуі ұл-қызда­рының болашағы жарқын болуы үшін барын салды. Қатарынан кем етпей өсірді. Бүгінде балалары ба­қыт­қа бөлеген қос қарияның көңілі тоқ.

Біләл ата ел ішінде шежіреші­лігімен де сыйлы. Ол кісі ескі қала­шықтар, жаугершілік кезде батыл­дығымен танылып, ел есінде қалған батырлар жайында, есімі белгілі, белгісіз тұлғалар туралы көптеген аңыз-әңгімелерді біледі. Онысын ке­йінгі жастарға айтып отырудан жа­лыққан емес. Көкірегі қазынаға толы ақсақалды іздеушілер де жетерлік. Әңгімесін ұйып тыңдап, түртіп алатындар да кездеседі. Қарияның әкесі де, ата-бабалары да шаңырағына құт дарыған, беделді кісілер болған. Діни сауатты, көкірек көзі ашық кісілердің қасиеті Біләл ақсақалға да берілген.

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Тәр­бие отбасынан басталады. Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында ұлттық құнды­лықтарды ұлықтау керек­тігін айтты. Екі жас бас қосып, үлкен өмірге қадам басқаннан кейін әрбір іске жауапкершілікпен қарау керек. Бала – байлық, ұрпақ жалғасы. Сондықтан тәрбиені алдыңғы орынға қойған абзал. Бала – жас шыбық. Қалай исең, солай қарай бой түзейді. Жас кезімізде көп қиыншылық көрдік. Ешкім басымыздан сипаған емес. Бірақ мойымадық. Жолдасым екеу­міз қиындығы мол жылдарда бірге болып, балаларды жетілдірдік. Бір рет болса да жасыған емеспіз. Біздің бастан өткергеніміз біреуге ертегі көрінуі мүмкін. Деген­мен, ол уақыт өтті. Қазір шүкір ғой. Заман тыныш, барлық мүмкіндік бар. Сондықтан әрбір некенің мызғымас берік бол­ғанын қалаймын, – дейді Біләл қария.

Алып бәйтеректей саялы шаңы­рақ тамырын тереңге жайған. Біләл ақсақал немерелеріне үлкенді сый­лап, әркез құрмет білдіру керектігін айтып отырады. Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда ұрпа­ғыңнан соны көресің. Бұл хал­қы­мыздың өмірлік тәжірибесінен алынған. Қартын құрметтеген, жа­сына ізет білдірген елдің әрбір отба­сының керегесі кең, шаңырағы биік болары сөзсіз.

Сара Адайбаева,

«Сыр бойы»
16 мамыр 2021 ж. 642 0