Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызын үйге қондырмаған

Қызын үйге қондырмаған

Қоғамдағы өзекті мәселелерді қара­пайым халық қоғамдық көлікте кеңінен талқылайды. Жақында қоғамдық көліктегі әңгіме үлкен ой салып, қолға қалам алып, пікір білдіруді жөн көрдім. Тақырыпты тарқата жазуыма отбасы күніне орай мақалалар топтамасын әзірлеу жөнінде берілген редакторлық тапсырма да түрткі болды.
Бірнеше күнге созылған мерекелік демалыстан кейін көшеге шықтым. Діттеген жеріме жету үшін «Газель» автокөлігіне отыруға тура келді. Қайнаған көлік ішінде түрлі тақырып қызу талқыға түсуде. Бірі саясаттың «сырын» жайып әлек, біреулер кешегі отырысты айтып қызыл тілге ерік беруде. Ығысып барып екі әйелдің қасына отыра кеттім. Әңгіменің төркіні төркін мен қайын жұрт, келін мен ене туралы екен.
– Сол... Демалыс солай зуылдап өтіп кетті. Өзіңдікі ше, келді ме? – деді шашын күлгін түске бояған ақсары келіншек. Байқауымша, мейрам күндері үйіне келген енесіне деген «жыны» әлі тарқамай отыр. Көзін алартқаны да содан.
– Ой, келмеді. Біздікі келмейді ғой, – деді екінші келіншек мысқылдай күліп.
Онысына құрбы келіншегі қызығып қалған сияқты:
– Рахат екен, – деді ернін сылп еткізіп.
Бірнеше аялдамадан кейін барар жеріме жетіп, автокөліктен түсіп қалдым. Бір-біріне үй ішін жамандап, «жандары кіріп отырған» екі келіншекке деген жеккө­рушілігім сол көліктің ішінде қалып қойды.
Бұрындары шаңырақ құрып, отбасын құрғандардың ажырасуы ілеуде бір болмаса, өте сирек кездесетін жайт емес еді. Қазір ше? 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке қиылса, сол жылғы ажырасулар саны 22,5 мыңды құраған. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болатыны жасырын емес. Түрлі себептермен шаңырақ шайқалып, тіпті ортасына түсуі мүмкін.
Сондай себептің бірі – отбасында татулықтың болмауы. Әсіресе, ене мен келін мәселесі қоғамда маңызды орын алып отыр. Мінезінен бе, туа бітті болмысы сол ма, кейбіреулер «адам» атты ысырып қойып, пендешілікке көп салынып жатады. «Келінім сондай жақсы, таңғы бестен тұрып, аула сыпырады, тамақ пісіреді, үйдің отымен кіріп, күлімен шығып отыр. Ал қызым байғұс сорлап қалды, таңғы бесте тұрады екен, аула сыпырып, тамақ пісіреді екен» дейтін ененің әзіл-шыны аралас әңгімесі есіме түсіп отыр. Әзілдің астары бар, барлығы өмірден алынғаны ақиқат.
Таяқтың екі ұшы бар дегендей, мәселенің бәрін бір тарапқа ысырып сала беруге болмайды. «Сіз-біз деген сыйластық» деген. Екі жақ та бір-бірін жат көрмей, «жаттай сыйласса, жат жанынан түңілері» анық. Ғалым Б.Сағындықұлы «ене» сөзінің шығу тегін «ана» сөзімен байланыстырады. Сөздің этимологиясы мен түпкі формасы астарына біраз мағынаны көмкеріп жатыр. «Сиырдың басына туған күн бұзаудың да басына туады» дейді. Сол айтпақшы, ене мен келін тату болып, қызы мен анасындай болса, жұбайлар отбасылық өмірдің мәніне жете білсе, шаңырақтың берекесі ортаймас болар.
Мәселенің бәрі – тәрбиеде. «Ана көріп, тон пішкен», «қырық үйден тыйымды» білген қыз жат үйге барғанда сыйлы болады. Дегенмен, тепе-теңдік сақталғаны абзал. Батыр Б.Момышұлы: «Жер бетіндегі ең батыр адам... ол – қыз. Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» дейді. Сол айтқандай, өз ұясын, ата-анасын, еркелігін тастап, барған жұртының ұрпағын жалғастыратын нәзік жанды «келін келін бе, келсап па» деп түртпектей берсе, арты жақсы болмасы анық. Сыйластыққа да сызат түседі.
Түзу тәрбие мен баланың өз ұясында көргені – болашақ өзі құратын жанұясының қандай болатынының көрінісі. Ата-ана тәлімін көріп, оны өз үйінде жаратып, үлкендердің батасын алып, бала-шағасын өсіріп, бір сөзбен айтқанда айрандай ұйып отырған отбасылар жетерлік. Сондай үлгілі отбасының отанасы, шаңырағының сәнін келтіріп, жарымен бірге екі ұл тәрбиелеп отырған Айгүл Смайыл: «Бүгін мен бір шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырсам, ол қос ата-анамның (әке-шешем мен ата-енем) тәрбиесінен» дейді. Бүгінде С.Сейфуллин ауылында мұғалім болып қызмет ететін Айгүлдің туған ұясынан қанат қағып, жары Мұратбек екеуі отбасы деген шағын мемлекеттің іргесін қалағандарына биыл 25 жылдан асқан. Кейіпкеріміз үлкендердің тәрбиесін дұрыс қабылдап, «бұрған бағыттарынан тайып кетпей жүріп отырсаң, жаман болып, нашар отбасын құруың мүмкін емес» деп, өзінің басынан өткен мынадай оқиғаны баяндап берді.
«Ол кезде енді ғана тұрмыс құрған кезіміз еді. Оң мен солды, ақ пен қараны ажырата білмейміз. Бізге бәрі қызық. Бір күні жұбайым екеуіміз іргелес ауылдағы үйіме төркіндеп, қонаққа бардық. Үйден төркінде қона жатып келуге рұқсат алып, «сағынышымды бір басатын болдым» деп менің қуанышымда шек жоқ. Әдеттегідей, әкем мен анам құрақ ұшып қарсы алып, бар тәттісін аузымызға тосты. Тамақ ішіп, өткен-кеткен қызық күндерді бір еске алғаннан кейін анам:
– Қайтпайсыңдар ма? – деп сұрады.
– Біз үйден қонуға рұқсат сұрап келдік, – дедім мен анам бұныма қуанар деген үмітпен. Бірақ олай болмады.
– Үйге қонғың келеді екен, неге күйеуге тидің? Күйеуі бар адам бөтен үйге қонбайды, біз саған енді бөтенбіз. Алыс жер болса, бір жөн, іргелес тұрып қонуға келгені несі?! Ата-енең қонуға жіберсе, мен сендерге рұқсат бермеймін, – деп, анам бізді қайтарып жіберді. Сол кезде мұнысы несі деп іштей анама ашуланғаныммен, қазір байыбына барсам, тұнып тұрған тәрбие екен ғой», – деді Айгүл бір кездегі шалалығын күле есіне алып.
Сол оқиғадан екі күн өткеннен кейін Айгүлдің үлкен қайын атасы құда-құдағиына арнайы келіп, балаларды дұрыс бағдар беріп, тәрбиеге салғанына разы болып, алғысын айтқан екен.
Бүгінде өз балаларын ғана емес, халықтың баласын тәрбиелеп отырған ұстаздар отбасының қос тірегі – ана мен әке болса, қос қанаты – ата-анасының көзінің ағы мен қарасындай. Тәрбиені тал бесіктен көріп өскен олар өз балаларын да үлгілі, өнегелі етіп тәрбиелеуде.
Иә, отбасы – мемлекеттің іргетасы. Бұны дұрыс сараптаған халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бір-ақ түйеді. Жанұя – адам өміріндегі мейірім мен адалдықты, тектілік пен тіршілікті үйренетін киелі мекені. Әркімнің өз ошағы – өзіне құт мекен. Өмірге әкеліп, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парызы мен міндеті өлшеусіз. Ал бала – шаңырақтың шаттығы. «Бауырды ешкім тауып бере алмайды» деп даналықпен айтқан қазақ үшін қаны бір туған бауырдың орны тіптен ерекше. Міне, сол отбасының жарасым табуы – іргесі берік, шаңырағы биік шағын мемлекетті сақтаудың бірден-бір тетігі. Ал бұл жерде үй ішінде тәлім мен тәрбиенің түзу болуы, салт пен дәстүрдің сақталуы, құндылықтарымыздың ұлықталуы үлкен маңызға ие.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 мамыр 2021 ж. 408 0