Аспанда қалықтаған ақ көгершін
Ақ көгершін, көгершін,
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін.
Кең дүниенің көлемін, – деп шырқалатын ән есіңізде болар. Әсіресе, көктемнің жайма шуақ мерекелері кезінде осы әсем әнді жас балалар тамылжыта айтатын...
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін.
Кең дүниенің көлемін, – деп шырқалатын ән есіңізде болар. Әсіресе, көктемнің жайма шуақ мерекелері кезінде осы әсем әнді жас балалар тамылжыта айтатын...
Бейбітшілік нышаны саналатын көгершін – адамдарға жақын, әрі қолға тез үйренетін құс. Көгершін мінезі жағынан сабырлы момын келеді. Оны қолға үйретуді адамдар ерте кезден бастаған.
Кент тұрғыны Бауыржан Ахметов ес білгелі көгершіндерді ерекше жақсы көреді. Оларды қолға үйретуді бала кезінен үйренген. Бос уақытын құстарды баптауға арнайтын құсбегі көгершіннің «Турман» түрін өсірумен шұғылданады.
– Менің көгершіндерге қызығушылығым мектеп жасынан басталды. Қазір қырық жылдай уақыт болды. Қолға үйрете бастаған бірнеше көгершін көбейді. Көгершіндердің аспанда қалықтап ұшқан сәттерін жиі тамашалаймын. Құдды бір әуездің ырғағымен тамылжыта би билейтін жұптарды көріп, көзің сүйсінеді. Көз ұшында қалықтап, орнында айналады. Неше түрлі ырғақтармен тербеледі. Олардың бір-біріне деген адалдығына таң тамаша боласың. Ұясынан алысқа самғап кетсе де міндетті түрде қайта оралады. Ерекше күтімді де қажет етпейді. Біздің ауа-райына төзімді. Қыстың күні жылы жерде ұстасаңыз жыл бойы балапан баса береді. Еркегі мен ұрғашысы кезектесіп жұмыртқаны 17 күнде басып шығарады, – дейді құсбегі Бауыржан аға.
Әлем елдерінде бейбітшіліктің, сүйіспеншіліктің символына айналған көгершіндерді қолға үйретуге теңіз саяхатшылары себеп болған. Олар құрлықпен хат алмасу үшін көгершіндерді пайдаланған. Туған жерін жаңылмастан тауып келетін құстың ерекшелігі төзімділігінде. Алыс жолдарды апталап, айлап ұшып келетін көгершін тіршіліктің белгісі іспетті. Құстың төзімділігі сонда олар 3 мың қашықтықта ұша алады. Сағатына 140 шақырымды бағындырады екен. Олар әкелген хабардан адамдар шаруасын ыңғайлап, дөңгелетіп отырған. Көгершін ең алдымен байланыс құралы болған.
Аңыз әңгімелердің бірінде су тасқынынан соң Нұх Пайғамбарға зәйтүн бұтағын осы көгершін әкеліп, апаттың аяқталғанын хабарлағаны айтылады. Ал әйгілі суретші Пикассо осы сәтті өз туындысында бейнелеген. Сондықтан көгершінді «бейбітшілік құсы» деп атаған. Көгершінді «кептер» деп те атайды. Оның етті түрі, спорттық және сәндік түрі бар. Көгершін құсбегінің айтуынша, 15-16 жыл өмір сүреді. Тез көбеюге бейім әрі ерекше күтімді қажет етпейтін құс бидай, күріш сияқты дәнді дақылдармен қоректенеді.
– Бұрын жастар үйлену тойы кезінде немесе мектеп бітірген түлектер арнайы келіп көгершіндерді ұшыруға сұрайтын. Мерекелердің сәні болған көгершіндерге сұраныс болатын. Қазір елдегі пандемия жағдайына байланысты мұндай іс-шаралар тоқтатылды. Сонда көгершіндерді жастарға ұстатып жібере береміз. Олар аспанға ұшқан құстарды тамашалап, бақытқа кенеледі, айналасына қуаныш сыйлайды. Ал көгершіндер міндетті түрде ұясына қайта оралады. Аспан ашық күндері биікке самғап ұшатын көгершіндерді бақыласаңыз, олар түрлі қимыл арқылы құдды бір махаббат биін билейтіндей көрінеді. Оларға қарап өзіңнің шаршағаныңды ұмытасың. Көңілің көтеріліп, құстар секілді еркіндікке ұмтыласың. Қазір менің 40 шақты көгершінім бар. Олар бір мезгілде аспанға ұшқанда шын мәнінде айналаң бақытқа кенелетіндей, – дейді спорт саласының майталманы Б.Ахметов.
Бейбітшілік құсы – кептерлерді көп қабатты шатырлардың төбесінен көптеп кезіктіруге болады. Оларды құстың жабайы түрі деп айтқанымызбен, адамдарға зияны жоқ.
Ешуақытта бұтаққа қонақтамайтын, көзі қызыл түсті болып келетін құстың ұрғашы түрі ғана бейбітшілік нышаны саналатынын білгеніңіз абзал.
Бибісара ЖАНӘЛІ