Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарымды қаламгер

Қарымды қаламгер

2008 жылдың ақпан айы. Ол кезең қазіргідей су тапшылығы орын алған шақ емес. Керісінше, жыл сайын көктем шыға мол сумен арпалысатын уақыт. Сол кезеңде облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхамед су тасқынының алдын алу мақсатында дарияны жағалай орналасқан аудандарды тікұшақпен аралауға шыққан. Әрине, көктемгі судың жайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттандыру міндетті. Сол кезде облыс басшысымен бірге арнайы топтың ішінде облыстық «Сыр бойы» газетінің меншікті тілшісі Мейрамбек Шілдебайұлы да болды. Аймақтағы аға басылымның белді журналисі өңір жұртшылығына су тасқыны жайлы жедел ақпарат беруді мақсат етті.
Қармақшыдағы жағдайды бағамдаған арнайы топ тік­ұшақпен Жалағашқа қарай бет алды. Сол бір кезде тікұшақ апатқа ұшырады. Әуе апатынан журналист ағамыз аман қалды. Десе де қол-аяғы, бұғана-қабырғасы, омыртқасы сынып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Сол кездегі өз ісіне адал журналистің жанкештілігін қараңызшы?! Өзі өлім ауызында жатса да ауруханаға келген жары Роза Нұрадинқызына «Мына қағазды «Сыр бойына» салып жібер, ертең осы мақала шығуы керек» деп сапар бары­сындағы материалды беріп жіберуі ол кісінің жұмысына деген жауапкершілігін, елге деген адалдығын білдіреді. Мейрамбек аға Шілдебайұлының бұл жанкештілігін облыс жұрт­шылығы жақсы біледі.
Кәнігі журналистің бұл салаға деген қызығушылығы бала кезден басталған десек қателеспейміз. Ол кісінің бал­ғын шағы қиыншылық кезеңмен тұспа-тұс келген. Ел баларымен қатар жүріп еңбекке ерте араласты. Егін басында жүрді, құрылыс жұмыстарына да жас шақтан аралас­ты. Ешбір қиыншылықтан қашқан жоқ, икемі келген істі атқарып жүре берді. Бірақ, көкейден журналист болу арманы бір сәтке де шықпаған. Мектеп қабырғасында жүргенде қағазға «шимайларды» түсіре бастады. Өлең жазды, шағын мақалалары сол кездегі аудандық «Еңбек туы» газетіне басылып жүрді. Ел арасында «тілші бала» болып, аға жур­налистердің мектебінде шыңдала түсті.
Әрине, тәжірибелі маман атану үшін жоғары білім қа­жет. Өз арманына жету үшін мектеп бітірген жас түлек Алматы шаһарына жол тартты. Оқуға түсу оңай емес. Оның үстіне талапкер үлкен шаһардағы Қазақ Мемлекеттік уни­верситетін таңдады. Алғашқы жылы оқуға түсе алмады. Бірақ жас жігіт өз дегенінен қайтпады. Келер жылы тағы барып, тағы сүрінді. Осылай 4-5 жыл жүріп, ақыры 1980 жылы дайындық бөліміне, одан кейін бірінші курсқа қабылданып, журналистиканың қыр-сырын меңгерді.
Мейрамбек Шілдебайұлының алғашқы еңбек жолы Те­реңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде басталып, осы жерден тәжірибе жинақтады. Алғаш жұмысқа кіріскеннен бастап халықтың мұң-мұқтажы, көкейкесті мәселелерін мақала арқауы етті. Түйткілі тарқамаған мәселелерді басылым бетінде көрсетіп, түйінін тарқатуға септігін тигізді. Сонысымен де ол елге қарымды журналист ретінде танылды.
– Аудандық газетте қызмет жасаған кезіміз қиын кездер болатын. Ол шақта бүгінгідей заманауи техникалар жоқтың қасы. Барлығын редакция қызметкерлері қолмен атқарды. Газет мақалалары компьютермен емес, «ленотиппен» теріліп, дайындалатын. Әрбір сөзді қолмен терген уақыттар да болды. Газет шығару ісінде уақытпен санаспайтын едік. Соның арқасында халыққа жедел ақпарат жеткізіп отырдық, – дейді қарымды қаламгер.
Аудандық газеттің жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары қызметін абы­роймен атқарған М.Шілдебайұлы тәжі­ри­бесі толысқан шақта облыстық «Сыр бойы» газетінің меншікті тіл­шісі қызметіне ауысты. Қатар жатқан Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының жаңалықтарын аймақтың аға басылымында жариялап, өз ісіне жауапкершілік танытты. Ел мен жерді аралап жүріп, қарымды қаламымен түрлі тақырыптарды қаузады. Сол арқылы өңірдің дамуына өзіндік үлес қоса білді. Осындай нәтижелі еңбегі бағаланып, облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», «Құрмет грамотасымен» бірнеше рет марапатталды.
Жалпы, журналистика саласында өзіндік орнын қа­лып­тастырған аға журналист аудандағы мәселелерді газет бетінде көтеріп, оның шешім табуына атсалысты. Атап айтқанда, аудан орталығындағы Қ.Қазантаев көшесінен бастап Қ.Бөдеев көшесі бойына тұрғындар үшін тротуар қажеттігін атқарушы билікке жеткізді. Оның нәтижесін халық біледі. Сонымен қатар қазіргі №131 Талғат Қозыбаев атындағы мектептің жанынан саябақ ашу жөнінде де мәселе көтерді. Бүгінде оны кезең-кезеңімен іске асыру жүргізілуде.
Мейрамбек Шілдебайұлы жары Роза Нұрадинқызымен 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Құдай қосқан жары тікұшақ апатынан соң қарымды қаламгердің сауығуына жүгіріп, кейіннен өзі өмірден өтті. Қазіргі таңда ардагер журналист ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп келеді.
Бүгінде әріптес ағамыз пайғамбарлық жасқа жетіп, ардагер журналистер қатарын толықтырды. Әркез редакцияға соғып, өзінің ақыл-кеңесін айтып отырады. Кәнігі журналист бүгіннің өзінде түрлі тақырыптарда қалам тербеп, өз мамандығынан алшақтаған емес. Мерейлі жасқа жеткен журналист ағамызға тек шығармашылық шабыт тілейміз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
01 мамыр 2021 ж. 321 0