Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАСҚЫНҒА – ТОСҚЫН БОЛҒАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

ТАСҚЫНҒА – ТОСҚЫН БОЛҒАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ


Облыс орталығында 2017-2018 жыл­дар­дың қыс-көктем айларын­дағы су тасқы­ны кезеңінің қорытын­дысы бо­йынша мәжіліс өтіп, оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мәжілісті ашқан аймақ басшысы су тас­қыны маусымында жауапты тұлғалардың өзара үйлескен жұмысының арқасында адам шығыны болмай, тұрғын үйлерге зақым келмегенін атап өтті.
– Биылғы мұз жүру жағдайын аса көп шығынсыз өткіздік. Бұл Сырдария өзені бойын­дағы су шаруашылығы нысандары ат­қар­ған жұмыстардың нәтижесі десек те болады. Алайда, босаңсуға болмайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуіміз қажет, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, мәжілісте су тасқыны кезеңінің өту қорытындысы туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Жаңабаев баяндама жасап, өзен арнасындағы мұздың жүруі ағымдағы жылдың ақпан айының 26-нан басталып, сәуірдің 1-не аяқталғанын жеткізді. Көктем-қыс мезгілінде бірнеше мәрте өзен суы арнадан шығып, жайылу оқиғалары орын алғанын, дегенмен, айтарлықтай шығын келмегенін атап өтті. Сонымен бірге, су тасқыны маусымы барысында жауапты ұйымдар тұрақты түрде өзен бойында мониторинг жүргізіп, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы техникаларды жұмылдырғанын айтты. Десе де, есепті мерзімде аудан әкімдіктерінде су сорып тазалау жұмыстарына қажетті арнайы техникалар (мотопомпалар) жетіспейтін көрінеді. Осы орайда, жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкім­діктеріне өз бюджеті есебінен қаржы бөліп, қажетті көлемдегі мотопомпалар сатып алу туралы ұсыныс айтты. Қорытынды мәжілісте жауапты департамент пен мекеме басшылары және аудан әкімдері жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндады.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларына келесі су тасқыны маусымына дейін өзен бойында қауіпті аймақтарды анықтап, қалпына келтіру жұмыстары мен су шаруашылығы нысандарын жөндеуді және өзге де қауіпсіздік шараларын қолға алуды тапсырды. Және де су тасқынына қарсы дайындық шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырып, атқара білген жауапты ұйым қызметкерлерін, ерікті жасақ мүшелерін, барлығы 18 адамды «Алғыс хатпен» марапаттады. Олардың ішінде, Сырдария ауданынан «Углесбыт» ЖШС-нің механизаторы Алексей Александрович Сыпачев бар. Ол көктемгі төтенше жағдай кезінде жұмысты ұтымды үйлестіріп, су тасқынына тосқауыл қоюға еңбек етті.
Алексей Сыпачев ауданға қарасты Қалжан ахун ауылында туып, өскен. Ол 1964 жылы №36 орта мектептің 8-сыныбын бітіріп, аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық учи­­ли­щеде оқып, тракторист-машинист маман­дығын алған. Әр түрлі салада эксковаторшы, бульдозерші жұмысын атқарып, 2006 жылдан бері «Углесбыт» ЖШС-де жұмыс жасап келеді. Жыл сайын су тасқынының алдын алу жұмыстарына белсене қатысып, төтенше жағдайды болдырмауға күні-түні атсалысуда. Биылғы жылы қаңтар айында басталып, 25 күнге созылған төтенше жағдайдың алдын алу кезінде тәулігіне 12 сағат бойы жұмыс істеп, тасқынға тосқын қоя білді.
– Бала кезімнен қара жұмыстан қашқан емеспіз. Техника тілін бір кісідей білгеннің арқасында ауыр техниканы тізгіндеп, осы күнге дейін еңбектен еш ажырамадым. Биылғы қыстың қақаған аязында басталған су тасқыны кезе­ңінде уақытпен санасқан жоқпыз. Су деңгейі түскенше қарбалас тіршілік бір мезетке де тоқтаған емес. Нәтижесінде, су тасқынының алдын алып, бөгеттер соғылды, ауыл халқы аман қалды, – дейді Алексей Александрович.

Е.БЕРКІНБАЕВ
26 сәуір 2018 ж. 1 021 0