1000 түп терек егілді
Қасиетті Рамазан айы Шаған ауылы тұрғындары үшін сауапты іспен басталды. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары шеткі аумаққа тал егуге жұмылды.
– Мұсылман қауым үшін қасиетті Рамазан айы келіп жетті. Бұл айда қайырымдылық шаралары молынан ұйымдастырылып, әлеуметтік аз қорғалған отбасыларға демеушілер есебінен қамқорлық көрсету қолға алынады. Міне, ерте көктеммен қатар келген қасиетті айда ел-жұрттың ауызбірлігінің арқасында көпшілік болып тал егу жұмысын бастадық. Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен ауылға кіреберіс тұстан 300 метр жерді қоршалап алдық. 1000 түп терек ағашы алынып, жасыл белдеу үшін жас шыбықтар отырғызылды, – дейді ауылдық округ әкімі Ұ.Абдраманова.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөз бар. Ерте көктемде ауыл жұрты жұмылған сауапты іске ауыл ардагерлері мен мекеме басшылары да қатысты. Дуалы ауыз қариялар ағаш егудің қыр-сырын айтып, жастарға өнегелі жол көрсетті, жақсы бастамаға бата берді.
– Әрбір аулада жасыл ағаш пен жеміс талдары жайқалып тұрса, елдің де берекесі кіріп, тұрғындар саялы ағаштың берер жемісінен ауыз тиетін болады. Сондықтан ауыл тұрғындары өз аулаларына ағаш отырғызып, ізгі дәстүрді жалғастырып жатса, нұр үстіне нұр болады, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов.
Карантин талаптары сақталып, ауылдың көркейту-көгалдандыру жұмысына бір кісідей атсалысқан азаматтар алдағы уақытта да ауыл айналасын жасыл желекке айналдыра бермек.
Бибісара ЖАНӘЛІ