Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырмандағы қыздар

Қырмандағы қыздар

Сапар барысында даңғайыр ди­қан Назира Сисенова мен Балапан Арзымбетованың ізбасарлары қақ алдымыздан шықты. Кетпен шапқанда ерлерден қалыспайтын 12 келіншекті «Қырманның қарлығаштары» деп атағанды жөн көрдік. Түзде жүріп, бар ауырт­палықты көтерген ардақты аналармен емен-жарқын әңгімелестік.

– Әй, бала, қайдан болдың?
– Тереңөзектен келдім. Аудандық газеттен боламын.
– Қыздар, қайтатын уақыт болды. Көрпешелеріңді ұмытпаңдар.
– Трактор күтіп тұр. Қарағым, бізбен жүр.
– Жұмыс барысы қалай, апа? Нәзік жандылар үшін ауырлық қылмай ма?
– Үйде еріміздің қас-қабағын бағып, балаларымыздың есейген шағына куә боламыз. Мұнда дала еңбеккелері атанамыз.
– Қырманда қызу тірлікке араласамыз. Еңбек маусымында тыным таппаймыз.
Осылайша, артта қалған талай қиындыққа толы күндер еске оралып жатты. Бір-бірімен әзілі жарасқан аналар қауымы түйір нанның тамшы термен келетіндігін аңғартты.

Қырмандағы қыз-келіншектер қата­рында Майра Тобжанова, Зухра Әбен, Аян Сүйінбаева, Мира Сейтмағанбетова, Света Сералиева, Сарбиназ Шоман, Жадыра Әубәкірова, Нұргүл Жарасбаева, Ақмира Сүлейменова, Ғалия Бекетова, Гүлназ Әкмал, Ғалия Әлжановалар бар. Шын мәнінде, жыл бойына еңбек майданында қызмет ететін аналар егістікке бидай сеуіп, күрішті тазалап, қаптап, улап, тыңайтқышты белгіленген орынға жеткізеді. Сонымен бірге қоймалардың тазалығын ретке келтіріп, бірнеше тонна күрішті орналастырады. Қа­зіргі таңда көпбалалы аналар алма бақтың күтіміне қарап, бағбандарға көмектеседі. Еңбекке ерте араласқан аналардың дені көпбалалы. Трактор үстінде келе жатқан әзиз жандар балаларын жеткізу жолында ата-ана борышын тілге тиек етті.

– Біз бақытты анамыз. Қатарымыз көпбалалы жандармен толығуда. Шаруаның қамымен 20 жылдан аса уақыт ерлермен бірге аттан түспедік. Еңбек адамды ерте есейтеді. Қызыққа толы күндеріміз бен қиындыққа тап келген сәттеріміз өмір болғаннан кейін қатар жүреді. Үйде бесік тербетіп, алқапта егіннің жайына қанығамыз. Қолымыз жұмыста болғанмен, ойымыз үйде болады, – дейді ардақты аналар.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 сәуір 2021 ж. 818 0