Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есімі алтын кітапқа жазылған...

Есімі алтын кітапқа жазылған...

Сыр елі өзінің даңғайыр диқандарын әркез мақтаныш етеді. «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» дегендей, халқымыз еңбек адамын құрмет тұтады. Есімдерін алтын әріп­термен жазып, өнегелі өмірін дәріптейді. Сондай ардақ тұтатын жанның бірі – сырдариялық Назира Сисенова. Диқан, өз заманының көшбасшысы атанған ақ жаулықты ана бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр.

Назира Сисенова – 24 жасында кеу­десіне «Құрмет белгісі» орденін таққан және КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған, есімі ҚазССР «Құрмет Алтын Кітабына» жазылған адал еңбек иесі.

Еңбек майталманының өнегелі өмір жолына аз-кем тоқтала кетсек. Назира Сисенова бұрынғы Тереңөзек ауданы Қазақстанның 40 жылдығы, қазіргі таңда Жалағаш ауданының Аққұм ауылында дүние дидарын 1942 жылы ашқан. Сұрапыл соғыс жылдарында дүниеге келген балалардың балалық шағы қиындықпен өткені белгілі. Қара жұмысқа жастайынан жегіліп, оларды өмірдің өзі ерте есейткен. Еңбекке ерте жас­тан араласып, қатарынан қалмай қолына кетпен алып, арық қазған. Таңның атысы, күннің батысымен егін егіп, Жер-ананы мәпелеп, күріш өсірген. Қаршадай қыз ақжармалық Адайбай есімді азаматқа тұрмысқа шығып, ерімен бірге егін егуге білек сыбана кіріседі. Азаматы агроном, өзі күрішші болып алғашқы күріштігіне иелік етеді. Біршама тәжірибе жинап үлгірген күрішші келіншек әдепкіде гектарына 40 центнерден өнім алады. Ол заманда техника атауы жоқ. Барлық жұмыс қолмен, қара кетпенмен атқарылады. Белін жазбай, атыздарды таң сәріден аралап жүріп, су жеткізіп, күріштігін жайқалтады. «Еңбек – бәрін де жеңбек» дегеннің астарында адал еңбектің берекеті болатынына сенеді.

– «Еңбек етпей елге өкпелеме, егін екпей жерге өкпелеме» деген халық дана­лығында үлкен мән бар. Ақжарма ауылы бұрын Абай атындағы колхоз болатын. 1963 жылы колхоздан алғаш рет күріш егуге жер тегістелді. Өзіме де тиесілі жерді алып, нар тәуекел деп күріш ектім. Бас агроном Сейдалы Қалиев болса, бөлімшеміздің агрономы өзімнің жұбайым Адайбай болатын. Азаматтардың көмегімен, ақыл-кеңесімен күріш өсіруді үйрендім. Еңбектенуден ешқашан шаршаған емеспін. Жер бетіне алғаш себілген дәнді мәпелеп, күн сайын бойын көтерген күріш сабағын көргенде ерекше шаттанатынмын. Арам-шөптерден арылтып, суғарылуына мән беріп, қашан дән пісіп-жетілгенінше дамыл көрмейтінбіз. Күзде жауын-шашынға қалмай ысырапсыз жинап алуға да атсалысатынбыз. Қамбамыз астыққа толған кезде марқайып, қуанамыз, еңбегіміздің жемісін көрген күндер күні кешегідей есімде, – дейді бізбен әңгіме­сінде даңқты диқан Назира Сисенова.

Бас-аяғы 5-6 жыл көлемінде ең жоғарғы көрсеткішке жеткен күрішші қыздың еңбегі қайтып, 1966 жылы гектарынан 75 центнер өнім алады. Бұл жоғары көрсеткіші үшін Назира Сисенова үлкен мәртебеге ие болады. Қызылорда облысынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің 7-шақырылым депутаты болып сайланып, қолына мандатын алады. Мәскеу қаласында өтетін Жоғарғы Кеңестің сессия­ларына 10 рет қатысса, жалпы өмірінде Мәскеуге 12 рет сапарлаған екен. Осылайша қайраткер ана өнегемен өрілген өмір жолында биік мінбеден халық аманатын талай мәрте айтуға мүмкіндік алған. Соның бірі Жалағаш ауданының тұсынан Сырдария өзеніне көпір салу мәселесі халық қалаулысының көтеруімен іске асқаны бүгінде аңызға айналды.

Ерен еңбек иесі ізгі дәстүрмен ұрпақ өрбітуді де ұмытқан жоқ. Сегіз перзенттің анасы атанып, олардың саналы азамат болып өсуіне күш-жігерін аямады. Тіпті омыраудағы балаларымен талай мәрте сессияға қатысу үшін Мәскеуге де аттанғаны бүгінде керемет естелік ретінде айтылып жүр.

– Сайлау есімді ұлымды босанғаныма небәрі 3 ай ғана болды. Мәскеуге аттануым керек. Сенің жас босанғанын жиынға бармай қалуға сылтау емес. Қасыма 3 сыныпта оқитын қызым Күләшті ерітіп алдым. Қасымызға бір медбикені бала күтімі үшін қосып берді. Кеңес Одағының жақсы тұстары да бар болғанын айту керек. Ешқандай алаңдаусыз, сессияға барып келе бересің. Балаң бағулы, тамағы тоқ. Ең мәртебелі қонақ үйдің мейманы ретінде барлық жағдай депутаттарға жасалып қойылған. Тек өз еліңнің атынан жақсы сөз сөйлеп, көтеретін мәселеңді жетік біліп, өз өзіңе сенімді болсаң болды. Жас болғасың ба баламен жүргенді қиынсынбайтынбыз. Екінші ұлым Ғанимен де Мәскеуге барған кезім болды.

Бірде кешкісін жиналыстан келсем, қо­нақүйдің фойесінде қызылордалық есімі белгілі қос азамат мені күтіп тұр екен. Екеуі Ресейге Сочиге демалуға келіпті. Қайтуға қаражаттары таусылған болу керек, менің осында екенімді біліп, бірге елге қайтуымызға өтініш білдірді. Екеуі де сол кездегі қамқорлығым туралы біраз уақытқа дейін айтып жүрді. «Біздің Назира болмағанда елге қалай қайтатын едік» деп маған алғыстарын жаудыратын. «Елден жырақта жүргенде, қиналған адамға қол ұшын беру парызымыз ғой, мұндайда қамқорлық жасамасақ азаматтығымызға сын болмай ма?» деген болатынмын, – дейді қамқор ана Назира Сисенова.

Иә, еңбек – бақытқа жеткізетін ғажайып дүние. Еңбекті сүйсең, шеберлігің шыңдала түседі, ақылың толысады. Назира апа жас­тайынан талабы мен қайраты, тәжірибесі мен жігері ұштасқан, еңбектен бақытын тапқан жан. Егін даласында қатар жүріп, күріш еккен қыз-келіншектер өздерін Жақаевшылармыз деп атап, күріштің атасы Ы.Жақаевтың ізбасарлары болғанын мақтанышпен айтады. Шаруашылықтың жұмысына белсене араласып қана қоймай, қоғамдық жұмыстың бел ортасынан табылып, ауылдың, ағайынның ауызбірлігін сақтауға атсалысуды өзіне міндет санағаны нағыз жанашыр жанның қанындағы қасиет болса керек.

«Тектіден текті туады» демекші, ата-анасының атын абыроймен алып жүру, қарапайым еңбекті дәріптеу, еңбек адамын құрметтеуде алдына жан салмайтын Назира апа сексен жасқа абыроймен келді. Самайын ақ қырау шалғанға дейін еңбектен қол үзбеген, алтын құрсақты ана атанған байырғы күрішші бүгінде 23 немере мен 18 шөберенің ортасында бақытқа кенеліп отыр. Осылайша өмірдегі ерен еңбегі мен ел есіндегі жақсылығы ақ жаулықты ананың бойында ғана емес, ел жүрегінде сақтаулы. Балалары аналарының адал еңбегіне берілген көптеген марапаттары мен наградаларын көздің қарашығындай сақтап келеді.

Биылғы еліміз үшін айтулы жыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен аяулы ананың 80 жылдық мерейтойында ардақты ана ауданның ең мәртебелі атағына ие болса нұр үстіне нұр болады деген тілектеміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
17 сәуір 2021 ж. 680 0