Оқушы арқасындағы «жүк» немесе артық салмақ кімге керек?
Сара әже күнделікті әдетімен немересін жетектеп мектепке алып келе жатыр. Немересінің сөмкесін әжесі көтеріп келеді. – Әже, мен өзім сөмкемді көтеремін ғой, мектепке де өзім келе аламын, – дейді күнделікті айтатын сөзінен жаңылмайтын Нұрзия. – Айналайын, сенің арқаңдағы сөмкеңнің салмағы ауыр, сені адасып кетеді деп әкеліп жүр дейсің бе осы мектепке, – деді қарт әжесі немересін айналып, толғанып.
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛҒАН ОҚУШЫ СӨМКЕСІ
Иә, бүгінде өзекті мәселеге айналған оқушы сөмкесінің салмағы кім-кімді болса да алаңдатады. Оқушы сөмкесінің ауырлығын өзіміз де көріп жүрміз. Сондықтан баламызды реті келгенше өзіміз мектепке апарып, әкелуге тырысамыз.
Менің бірінші сыныпта оқитын баламның сөмкесін көтеріп жүруге шын мәнінде денсаулық керек. Өзі жұқалтаң баламның имеңдеп сөмкесін арқасына асынып кетіп бара жатқанын көргенде, еріксіз жүгіріп барып, мектепке өзің апарып тастағаныңды білмей қаласың. Ал қайтуында шаршап шалдығып жететін балам үйге жетер жетпес сөмкесін арқасынан алып тастайды. Байқап қарасаңыз, бірінші сыныпта оқитын балаңыз күнделікті 3,5-4 келі жүк көтеріп жүреді. Бұған аптасына үш мәрте болатын дене шынықтыру сабағына киетін формасы мен аяқ киімін қосыңыз. Күнделікті балаңыздың үйінен алып кететін, сабақта ішетін ауыз суын тағы қосыңыз. Барлығын бір сөмкенің ішіне салып беретін ата-ана қазір қосымша сөмке ұстатпауға тырысады.
Жалпы, сөмкенің сыйымдылығы туралы сөз болса, қазір барлық атааналар оқу жылы қарсаңында кең әрі көлемді сөмке алуға тырысады. Себебі, қазір оқулықтардың барлығы, қай сыныптың оқулығын алсаңыз да, көлемі жағынан үлкендеу болып келеді. Бұрынғыға қарағанда оқулықтар неліктен үлкейгенін түсіну үшін өзінше бөлек зерттеу жүргізу керек. Сонымен қатар қосымша сөмке ұстатпаудың амалы ретінде неғұрлым үлкен сөмке таңдау барлық ата-ананың әдетіне айналды десек артық айтқандық болмас. Бұл бір жағынан, жоғарыда айтып өткендей, дене шынықтыру сабағына киетін формасы мен аяқ киімінің сөмкеге сыйып кеткенін қалағандықтан болса керек. Екінші жағынан, әмбебап сөмкеге айналдыру, яғни кез келген уақытта сөмке жолдорба болатыны ескеріледі.
САНИТАРИЯЛЫҚ ҚАҒИДА НЕГІЗІ ҚАНДАЙ?
Негізгі тақырыпқа қайта көшсек. Иә, оқушы артық салмақ көтеріп жүруге мәжбүр. Өйткені, күнделікті 3-4 оқулық салып апаратын оқушы оқулықпен ғана шектелмейді. Қосымша бірнеше дәптер мен қаламсапқа арналған оқу құралы мен қосымша киім артық салмақты арттыра түседі.
Ата-ана балаға сөмке аларда оның салмағы 0,5 келіден артық болмауын қадағалауы тиіс. Сондай-ақ матасының сапалы болуы мен жууға ыңғайлылығы да маңызды мәселе. Бұл – талап. Есте мұқият ұстайтын ереже десеңіз де болады. Сөмкенің өз салмағына әр оқулықтың салмағын қосыңыз. Әрқайсысы 300 грамнан болғанда, яғни сөмкенің салмағын қоспағанда бастауыш сынып оқушысы 2-2,5 келіден артық салмақ көтеруіне болмайды. Бұл «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында заңмен бекітілген нормативтік құқықтық акті.
– Шамадан тыс ауыр сөмке көтеріп жүретін балалар «скалиоз» деген дертке шалдығады. Яғни, омырқаның қисаюы. Ал жас баланың омыртқасы қатаймағандықтан, ол артық салмақтың кесірінен дұрыс жетілмеуіне әкеліп соқтырады. Сондықтан әрбір ата-ана мейлінше баласына артық салмақты арқалап жүрмегенін қадағалауы керек. Себебі, оқушы сөмкесінің ауырлығы туралы қанша айтылса да бұл олқылық жуық маңда өзгереді деген сенім жоқ. Қараңыз, санитарлық ереже бойынша сіздің балаңыз бірінші сыныпта оқыса, 1,5 келі, әрі кеткенде 2 келіден аспайтын сөмкені көтеруі тиіс. Бұған сөмкенің өз салмағын қосыңыз. Сонда балаңыз қанша артық салмақты арқалап жүргенін есептей беріңіз. Дабыл қағатын жағдай. Сол себепті, бәріміз бала денсаулығына зиян тигізбейтін жағдайды қарастыруымыз керек, – дейді санитариялық дәрігер Жанар Нұрсұлтанова.
Дәрігердің айтуынша, 5-6 сыныптағы оқушы оқулығының салмағы әрқайсысы 400 граммнан, 7-9 сынып оқушы оқулығының салмағы 500 граммнан, 10-11 сынып оқушы оқулығының салмағы әрқайсысы 600 граммнан аспауы тиіс. Сәйкесінше жоғарғы сынып оқушысының арқалаған сөмкесінің салмағы 4-4,5 келі болуы шарт. Десек те біздің кішкентай балалар қазірдің өзінде жоғарғы сынып оқушысы алып жүруі тиіс салмақты арқалап жүргені өкінішті жағдай.
АРТЫҚ САЛМАҚТАН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?
Біздің елдегі жағдай осымен белгілі болды дейік. Ал өзге мемлекеттерде оқушының артық салмақ көтеруі туралы білгіңіз келеді ме? Ендеше айтайық, дамыған елдердің бірқатары оқулықты арқалап жүрмейді. Оқулық мектепте қалады. Үйге келген бала электронды оқулық арқылы сабағын қайталап, оқиды. Яғни, заманауи технология көмегіне көшкен елдің балаларының денсаулығын мемлекет алдын ала ойлап қойған.
– Менің қызым екінші сыныпта оқиды. Мен күнделікті сөмкесін алып жүру үшін қызымды мектепке апарып, алып келемін. Үйімізге мектеп жақын болса да уақытымды бөліп, баламның денсаулығын ойлағандықтан солай істеуге мәжбүрмін. Қызымның қауіпсіздігі де маңызды. Дегенмен, сөмкесінің ауырлығына байланысты мектеп әкімшісіне оқулықтарды мектепке тастап кетуге байланысты немесе қосымша үйде оқытатын оқулық беру туралы ұсыныс айтқым келеді. Бастауыш сыныпта әр балада үйде оқитын және мектепте пайдаланатын оқулығы болса жақсы болар еді. Қарап отырсаңыз, қазір балалардың барлығы әлжуаз. Имеңдеп келе жатқан кішкентай бүлдіршіндерді көріп, аяймын. Артық салмақты қиналып көтеріп бара жатқан баланың омыртқасы қисайды-ау деген ой мазаңды алады, – дейді кент тұрғыны Ерболат Әбдіреев.
ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕ – МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ
Әр баланың қолында планшеттің болуы – электронды оқулықпен қамтудың бірден-бір жолы. Электронды жүйенің артықшылығы да осында. Оқушы салмағы ауыр оқулықтарды арқалағаннан гөрі бір планшет арқылы барлық білім бағдарламасын меңгеруге мүмкіндік алады. Елдегі пандемиялық жағдай балаларды біраз уақыт компьютер мен планшетке, ноутбукке тәуелді болуға мәжбүрледі. Десек те барлық баланың мұндай құрал-жабдықпен қамтылуы қиындық туғызғаны белгілі. Ата-ананың жағдайы түгелдей келе бермейтіндіктен, баласының мектепке барып мұғалімнен дәріс алуын құп көрді. Екінші жағынан, таңертеңнен кешке дейін компьютер алдында отыратын бала денсаулығы күрт нашарламасына кім кепіл деген сауал да мәселе туғызды. Сондықтан бірте-бірте мектепке оралған оқушылар санитарлық талаптарды сақтап, дәстүрлі оқу форматына көшірілді. Ал оқушы арқасындағы артық салмақ қайтадан ата-ананың бас ауруына айналды.
Түйін. Тағы бір оқу жылы аяқталуға таяу қалды. Жыл сайын жаңа оқулыққа тапсырыс беретін тиісті министрлік оқу бағдарламасына сәйкес оқулықтардың да стандартқа сай болуын қадағалайтыны белгілі. Сондықтан әрбір оқулықтың артында бала денсаулығы мен артық салмақ тұрғанын ескеріп «санитарлық ереженің бұзылмауын бақыласа» деген ата-ана ретінде тілегіміз бар.
Бибісара ЖАНӘЛІ