Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Биікке қағып қанатын

Биікке қағып қанатын

Нұрбек Әбіләсән – кенттегі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы. Ол талантты бала. Оның өнерге деген құштарлығы бойына қанат бітіріп, көптеген байқау жеңімпазы атандырды.Нұрбек жақында аудандағы талант­ты оқушылардың қатарында озып шыққан балалармен бірге кеудесіне алғашқы медалін тақты. «Елбасы медалі» Нұрбек­ке белсенділігіне, шығарма­шылығына жә­не өзгелерден ерекшелеп тұратын тамаша таланты үшін берілді.
«Елбасы медалі» – еліміздің балалары мен жастарған арналған бағдарлама. Негізгі мақсаты жастарды, оқушы балаларды қоғам мен мемлекет өміріне белсенді қатысуға шақыру болды. Бас­таманы елімізідің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев ұсынды. Бірнеше бағытты қамтыған бағдарламаға ауданнан талапкерлер қатысып, өз қабілетін ашуға, даму жоспарын іске асыруға мүмкіндік алды.
Жоғарғы сынып оқушысы Н.Әбіла­санға «Елбасы медалі» бағдар­ламасына қатысуға  ұсыныс білдірген әрі қолдау көрсеткен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Қаршыға Әшірбекова сыннан өту оңай болмағанын тілге тиек етті. Бағдарламаның аяғына дейін жету үшін шыдамдылық, көп ізденіс және өз ісіне жан-тәнімен беріліп, ынтамен жұмыс жасау қажет болғанын айтты. Дегенмен бағдарлама аяқталғаннан кейін қол жеткізген жетістік пен жеңіс сезімі барлық еңбектің қайтарымы ретінде қуанышқа кенелткенін де жасырмады. Бірнеше айға созылған еңбектің нәтижесінде оқушы қоғам мен өзі үшін ерекше дүние жасағанын жүрегімен сезінді. Әрине, бұл шәкірт үшін баға жетпес қазына.
– Бағдарламаның бес бағыты, яғни спорт және дене шынықтыру, дарындар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік бағыт бойынша алты айға лайықтап жоспар құрдым, – дейді дарын иесі Н.Әбіләсән. – Бірінші бағытқа қол күресті таңдадым. Ұлттық спорттың осы түрі бойынша зерттеу жүргізіп, жаттығу жасап, бейнебаянға түсіріп, ко­миссия қарауына жібердім. Екінші бағытта ұлттық аспап домбыраны зерттеп, домбырамен күй орындадым. Ал кітап оқу – менің сүйікті ісім. Берілген кітаптар тізімінен қазақ әдебиетінен Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», әлем әдебиетінен Э.Хеменгуейдің «Старик и море», өзін-өзі дамытуға арналған кітаптардан М.Кемелдің «Ақыл қалта» шығармаларын оқыдым. Апта сайын 100 беттен кем оқымау талабын және түсінігім бойынша эссе жазуды орындадым. Осы бағыттың қорытындысында үш кітаптан жинақтаған ойымды біріктіріп, 500 сөзден тұратын эссе жазып шықтым, – дейді Нұрбек Бауыржанұлы.
Білімді оқушы көптеген жетістікке қол жеткізді. Өткен жылдың өзінде қашықтан оқу форматы оның қабілет қарымын шыңдауға кедергі болмады. Мектеп-лицейдегі тарих пәнінің мұ­ғалімі Кенжегүл Тұрғанбекованың же­текшілігімен «Менің кіші Отанымның болашағы» тақырыбында ғылыми жо­ба қорғап, республикалық байқауда жүлделі орын алды. Өз бетінше іздену, бос уақытын тиімді пайдалану Нұрбек үшін қиындық туғызбайды. Қайта білім­ге деген құштарлығын, жан-жақты даму қабілетін ашып, ынта-ықыласын арт­тырады. Сондай байқаулардың бірі – «Мамандықтар әлемін ашамыз» рес­публикалық форумы да ол үшін жемісті болды. Нұрбектің жобаға ұсынған бейнебаяны облыстық кезеңде жүлделі 2 орын алуы керемет жетістік болды десек артық айтқандық болмас.
Биыл 11 наурыз күні «QA­ZAQSTAN»  Ұлттық телеарнасының ұйымдас­ты­руымен «Дарын» интеллек­туалдық шоу жобасына онлайн платформасына қа­тысып, жоғары балл жинады. Іріктеу турынан өткен дарын иесі республикалық кезеңге жолдама алды.
– Баламның қабілетін шыңдап, шы­ғар­ма­шылыққа баулып, ізденісіне қолдау көрсетіп, талабына қанат бітіріп келе жатқан №35 мектеп-лицей ұстаздарына айтар алғысым шексіз. Ұстаз­дардың еңбегі ұшан-теңіз. Жақында балам Нұрбек мектеп-лицей директорының бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Ж.Сәркееваның же­тек­шілігімен Нұр-Сұлтан қаласына «ХХІ ғасыр көшбасшысы» телевизиялық жо­ба­сына қатысады. Балама сәттілік серігі болсын, – дейді анасы Айнұр.
«Болам деген баланын бетін қақпа, белін бу» демекші, Нұрбектің өнерге жақын болуы тектен тек емес. Анасы Айнұр Ахметова – оқушыларды музыкаға үйретіп, жас өнерпаздарды байқауларға дайындап жүрген ұстаз. Отбасындағы үлкен ұл Нұржан Әбіләсән – өнер иесі. Ол қазір Ж.Аймауытов атындағы Павлодар театрында белді актер. Нұрбектің ізінен ерген кенже ұл Нұрасыл да өнерден құр алақан емес. Жас та болса өнер байқауларында керемет дауы­­сымен танылып жүрген өнерпаздың болашағынан ата-анасы зор үміт күтеді.
Өнерлі отбасының отағасы Бауыржан Ембергенов – мамандығы электрик болса да отбасының өнерлі мүшелеренің ең бірінші қолдаушысы, әрі қамқоршысы.
Зейінді оқушы Нұрбек қазір жоғарғы сыныпта үздік оқиды. Ол болашақ ма­мандығын әскери қызметпен байла­ныс­тырғысы келеді. Дегенмен өнер оның сүйікті хоббиі болатынына сенімді.

Бибісара ЖАНӘЛІ

27 наурыз 2021 ж. 842 0