Қызылордада Елбасы медалін қанша оқушы иемденді?
Жаңашылдыққа жаны құмар, танымдық білімдерін арттыруға ниетті жастарға арналған "Елбасы медалінің" қола жүлдегерлері анықталды. Үздіктердің қатарында көрінген 62 қызылордалық оқушы "Елбасы медалін" иеленді.
Салтанатты шарада білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова еңбегімен дараланып, жоба аясында белсенділік танытып, өз қабілетін таныта білген оқушыларды марапаттап, сәттілік тіледі.
- Тұңғыш Президент қорының бастамасымен қолға алынған "Елбасы медалі" жобасы жастарды кешенді деңгейде қолдауға арналған бірегей жоба екені анық. Біздің өңірімізді талантты, кітап оқуға ынталы, спортқа әуес, шығармашылыққа бейім, жаңа идеяларды іске асыруға епті жастарымыз бар. Міне, сол үздіктердің ішінен 62 оқушымыз қола жүлдегер атанып отыр. Оның алғашқысы 11-не медалді облыс әкімі өзі табыстап, құрметін жеткізген еді. Енді бүгін қаладағы 30 оқушы медаль иегері атанып отыр. Қалған 21 аудан оқушыларына аудан әкімдері табыстайтын болады,-деді Ақзира Қасымова.
Университет, колледж, мектеп оқушылары арасынан жобаға қатысып, талаптарды үздік орындаған оқушылар лайықты құрметке ие болды.
Айта кетейік, Елбасы медалі жобасына Қызылорда облысынан 430 оқушы қатысты. Оның 62-і қола медаль иегері атанды.
Мұнан бөлек, «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасында ауыл мектептерінен барлығы 18 мыңнан астам оқушы бақ сынады. Оның 75-і жеңімпаз атанды. Үздік жастардың 23-і дарынды балаларға арналған мектептерге конкурстан тыс қабылданып, Елбасы Академиясы жанындағы «Бірге оқу» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуде.