Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялық өрендер «Мың бала» жеңімпазы

Сырдариялық өрендер «Мың бала» жеңімпазы

Елбасы Н.Назарбаев Қоры және Елбасы Академиясы «Мың бала» ауыл мектептеріне арналған бірінші Ұлттық олимпиада ұйымдастырған болатын. Жоба еліміздің талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі «Ел үміті» бастамасының аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесе жүзеге асырылуда. «Мың бала» жобасы ауылдық жерлердегі 5 және 6 - сынып оқушылары арасынан 1000 дарынды баланы анықтауға, олардың құрдастарымен сәтті бәсекеге түсе отырып, еліміздің ең үздік білім ошақтарында оқуға мүмкіндік береді.

Олимпиаданың басты мақсаты – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының таланттары мен қабілеттерін дамыту және қолдау үшін жағдайлар жасау. Олимпиада екі кезеңде өтті. Еліміздің ауыл мектептерінің 5-6-сыныптағы 295 000 оқушыны қамтыды. Олимпиаданың 2-кезеңіне 5000 оқушы жолдама алып, оның қорытындысы бойынша 1000 бала жеңімпаз атанды. Олимпиада қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған 6-сыныптың 30 қатысушысы білімін Республикалық физика-математикалық мектепте жалғастырса, қалған жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің квоталарына сәйкес оқуын «Білім-инновация» лицейлері мен «Дарын» мектептерінде жалғастыруға мүмкіндік алады.

Ұлттық олимпиаданың қорытынды нәтижесі ауданың білім саласына жақында қуанышты жаңалық алып келді.

№130 Абай атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Айана Құрмантай (жетекшісі Қалжанова Үміт) және 5-сынып оқушысы Әбілмансұр Бүркітбай (жетекшісі Қайырбаев Қуаныш) жеңімпаз атанды.

Айана Құрмантай өз білімін «Дарын» мектебіне жалғастыруға мүмкіндік алып, бүгінде аталған мектеп оқушысы атанды. Еліміздің дарынды балаларға арналған мектептері оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдағандықтан, 5-сыныпты аяқтаған Әбілмансұр Бүркітбай Елбасы Академиясының қашықтан оқыту мектебіне олимпиададан кейінгі сүйемелдеуге ие болды. Елбасы Академиясы әр қатысушысына жеке даму жоспарын құруға көмектесетін тьютер бекітеді, ол оқушымен бірге жеке даму жоспарын жасайды.Еліміздің үздік мектептерінің жетекші ұстаздары баланың жаратылыстану - математикалық бағыт және тілдер бойынша білімін шыңдайды. 1 жыл ішінде қатысушылар келесі жылы дарынды балаларға арналған мектептердің 7-сыныбына түсу үшін білімдерін жетілдіретін болады.

Мектеп мақтанышы Айана мен Әбілмансұрға алда әлі талай белестерді бағындыруларына тілектеспіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ



















Бүркітбай Әбілмансұр Серікұлы және Құрмантай Айана Әділбекқызы























11 қыркүйек 2020 ж. 689 0