Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚ өкілдерімен кездесті

БАҚ өкілдерімен кездесті

Аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вес­ти» және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторлары Қ.Шарабидинов, Қ.Ботаев, А.Ибрагимұлымен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің баспасөз хатшысы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қатысты.

БАҚ өкілдерімен кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды басылым арқылы кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

– Жергілікті басылымдардың аудан жетістіктерін жария етуде маңызы зор. Бүгінде облыстық, аудандық газеттерде ауданымыздың жаңалықтары тұрақты түрде жарияланып келеді. Ақпараттық қол­дау көрсетіп келе жатқандарыңызға ризашылығымды білдіремін және алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істейтінімізге сенім артамын. Жақында облыс орта­лығында аудан әкімінің қатысуымен баспасөз брифингі өткізілді. Брифингте биылғы жылдың 9 айының қорытындысы жария етілді. Маңызды салалар бойынша ауданда алға жылжу бар. Біз аудан халқының әлеуетін арттыру мақсатында жаңа жобаларды қолға алып жатырмыз. Мемлекеттің ауыл кәсіпкерлеріне бағыттап жатқан көмегін, жеңілдігін газет арқылы насихаттап, түсіндірсек, бұл біздің жұмысымызға зор қолдау болар еді, – деді Димаш Серікбайұлы.

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вес­ти» және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің оқырмандары ауданда жыл санап артып келе жатқанын атап өтті. Бұл бірлесе атқарған еңбектің жемісі және тілшілердің тынымсыз жұ­мы­сының нәтижесі екені анық.

Кездесуде облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторлары ақпараттық-насихаттық саясатты жүргізу бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Оның ішінде тарихи танымдық деректерді, ұлттық құндылықтарды жа­рия­­­лауға басымдық берілетінін атап өтті. Баспасөз қызметімен бірлесе аудан аумағындағы тарихи мұраларды наси­хаттауға ынталы екендіктерін жеткізді.

Кездесуден кейін БАҚ өкілдері аудан орталығындағы «Еңбек даңқы» музейінің жұмысымен танысты. Аудан­дық кітап­ханада газеттің тұрақты оқыр­мандарымен, кітап­ханашылармен кездесу өткізді. Сондай-ақ, Тереңөзек кентінде жүр­гізіліп жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аралап көрді. Мұнан соң Ақжарма ауылындағы «Ақжарма 1», «Ақжарма 2», «Ақжарма және К» шаруашылығының жұмысымен танысты.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 

30 қазан 2020 ж. 715 0