Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпорындардағы еңбекті қорғауды басқару жүйесі

Кәсіпорындардағы еңбекті қорғауды басқару жүйесі

Еңбекті қорғауды басқару жүйесі (ары қарай- ЕҚБЖ) – еңбекті қорғау жөніндегі саясатты іске асыру, еңбек қауіпсіздігі талаптарын орындау, кәсіптік тәуекелдерді басқару жөніндегі өзара байланысты іс-шаралар кешені болып табылады.

ҚР Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес, жұмыс беруші еңбекті қорғауды басқару жүйесін ендіруге және оның жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

Ұйымдарда ЕҚБЖ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 27 тамыздағы № 340 бұйрығымен бекітілген «Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ережеде» көзделген элементтерге және ЕҚБЖ компоненттеріне қойылатын талаптарды сақтау шартымен және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етумен халықаралық, мемлекетаралық және ұлттық стандарттар негізінде құрылады.

ЕҚБЖ меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда құрылады, басқару кәсіптік тәуекелдерді басқаруға негізделеді және ұйымдардың барлық құрылымдық бөлімшелері, жұмыскерлері мен жұмыс берушінің жауапкершілігіне жататын аумақтардағы, ғимараттар мен құрылыстағы адамдарға таралады.

ЕҚБЖ енгізудің және қолданудың барлық кезеңдерін жұмыс беруші дербес (еңбекті қорғау жөніндегі қызмет немесе мамандардың күшімен) не сарапшыларды тарту арқылы жүзеге асырады.

Еңбекті қорғауды басқару жүйесінің құрылымы ЕҚБЖ жоспарлау, ЕҚБЖ қолдану, ЕҚБЖ қолданылуын бақылау және рәсімдердің іске асырылуын мониторингтеу, ЕҚБЖ жетілдіруден тұрады.

ЕҚБЖ белгілейтін еңбекті қорғау саласындағы қағидаттар мен басымдықтар:

- жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ оларға қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету басымдығы;

- өндірістік факторлардың жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына зиянды әсерінің еңсеруге келмейтін салдарына жол бермеу;

- Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне және нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес еңбек қауіпсіздігі және оны қорғауды қамтамасыз етуге бірыңғай талаптарды белгілеу;

- өндірісте жазатайым оқиғалардың, өндірістік объектілерде авариялардың алдын алу және олардың салдарын азайту жөнінде профилактикалық шаралар кешенін жүзеге асыру;

- технологиялық процестерді жетілдіру, техникалық жарықтандыру, біліктілік деңгейін арттыру есебінен жұмыскерлердің еңбек жағдайын және еңбекті қорғауды үнемі жақсарту болып табылады.

ЕҚБЖ лауазымды тұлғалардың ұйымның құрылымында көзделген барлық басқару деңгейлерін қолдана отырып еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі функциялар мен құзыреттерді бекітуін көздейді.

Б.Тәңірбергенұлы,
Қызылорда облысының еңбек
саласындағы бақылау басқармасының
бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы 
26 наурыз 2021 ж. 760 0