Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлжан Жекенова, кент тұрғыны: «Отын жарып, көмір жағудан құтылдық»

Гүлжан Жекенова, кент тұрғыны: «Отын жарып, көмір жағудан құтылдық»

Тезек теріп, отын жарып, қазаношаққа ет асып, самаурынға шай қайнатқан ата-бабаларымыз көмірдің игілігін көру мүмкіндігі туғанда сенер, сенбесін білмепті. Енді көмір де қолданыстан шығып, оның орнын газ толтырды. Бұл – заманның ілгері жылжып, қоғамның дамып жатқанының бір көрінісі.

«Тереңөзек кентіне газ келеді» деген сүйінші хабарды сырдариялықтарға алғаш таратқан аудандық газет болатын. Ол кезде аудан әкімі Ғанибек Қазантаев еді. Іскер басшы газдандыру жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуін күнделікті қадағалап, тиісті бөлім, мекеме басшыларымен тұрақты түрде кеңесіп отыратын. Кейін аудан тізгінін Руслан Рүстемов ұстағанда да газдандыру жұмыстары қарқын алды. Бірақ жұртшылыққа «көгілдір отынның» игілігін көру бақыты Талғат Дүйсебаев ауданды бас­қарған кезде толық мүмкін болды. Бұл туралы аудан басшысы да әркез айтып, табиғи газдың берілуі тарихи жаңалық екеніне назар аударады.

– Газдандыру бір немесе екі жылда жүзеге асатын жұмыс емес. Оның жоба-сметалық құ­жа­тын дайындаудан бастап, нысанға газдың берілуіне дейінгі кезең ұзаққа созылуы мүмкін. Сырдариялықтардың «көгілдір отынды» көп күткенін білеміз. Бұл арман биыл орындалып, кент тұрғындары игілігін көруде. Ендігі мақсат – қауіпсіз пайдалану және кезең-кезеңімен жақын елді мекендерді газға қосу, – дейді аудан басшысы.

Көпті қуантқан «көгілдір отынды» пайдаланып, қуанышқа ке­неліп отырған отбасылар қатары күн санап артуда. Солардың бірі кенттің Дос­тық көшесінің тұрғыны Берік Сәдуақасовтың отбасы. Отын жарып, көмір жағудан құтылған отбасының жеке тұрғын үйлерін газға қосқанына әлі бір ай бол­маған.

– Қол еңбегін азайту және заман талабына сай қалыпты өмір салтын қалыптастыру мақсатында елімізде көп жұмыстар атқа­рылып жатыр. Газдандыру да тұрғындарға жасалған қолайлы жағдайдың бірі. Бұрын жылына 8-10 тонна көмір жағып, оны қораға бөліп-бөліп түсіретінбіз. Көмірмен қоса отын да сатып алатынбыз. Қораға түскен отын мен көмірді жару мен майдалау да ауыр жұмыс болатын. Енді бұл жұмыстардың бәрінен құтылдық, – дейді Берік Сәдуақасов.

Отағасының сөзін үйдің келіні Гүлжан Жекенова да қуаттай түсті. Ол, бастысы, балаларының мәз екенін айтты.

– Үйіміз бір жерден жылытылатын болған соң отты үзбей жағу қажет. Ол үшін бір адам пешке «байланып», күні бойы қадағалап отыруы тиіс екені белгілі. Бұрын үйдегі отқа алаңдап, жұмыстан үйге асығатынбыз. «Балалар жау­рап қалмаса болар еді» деп уа­йымдайтынбыз. Қазір газды бір қосып қоямыз, сонымен іс бітті. Бұрынғыдай көмір мен отынды қоймадан қораға, қорадан үйге тасып, әуре болмаймыз. Таңертең оянғанда да үйіміз жылы болып тұрады. Ең бастысы, балаларымыз мәз, – дейді жас ана.

«Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің аудандағы өкілі Бекнұр Ысқақовтың айтуынша, бүгінде аудан бойынша 250-ге жуық отбасы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Маман үйге газ орнату бойынша әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үй иелерінен тапсырыстардың күн санап артып жатқанын айтады. Бұл бағытта тұрғындардың сұранысын орындау үшін 12 маман қызмет атқаруда. Мұнан бөлек жекелеген мекемелер де өз қызметін ұсынуда. Бір сөзбен айтқанда, пеші мен газ құбыры жүргізілген үйлерді «көгілдір отынға» қосуда ешқандай мәселе жоқ.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
16 наурыз 2021 ж. 341 0