Адам жанының арашасы
Егер науқасқа дұрыс диагноз қойылмаса, жүргізілген ем-домның бәрі зая кетеді. Ал сол диагноздың сапалы әрі нақты қойылуы анализдердің зертханалық талдауының қорытындысына тікелей байланысты. Біз бүгін еңбегі көп елене бермейтін, бірақ жұмысы өте ауыр тәжірибелі маман туралы жазамыз. Біздің кейіпкеріміз – Сырдария аудандық орталық ауруханасының клиникалық-диагностикалық зертхана меңгерушісі, дәрігер-лобарант Сара Мұханбетқалиқызы Ермағанбетова.
Бала күнінен дәрігер болуды армандаған Сара Мұқанбетқалиқызы – С.Сейфуллин ауылының тумасы. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының түлегі 1993 жылдан бері денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп келеді. «Гигиена, санитария, эпидемиология» факультетін үздікке тәмамдаған жас маман оқу орнының бөлінісімен және сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тұрғанбай Махановтың шешімімен еңбек жолын облыстық ауруханада бастаған. Оқуы мен тоқуы үйлескен маман өз ісінің білгірі Райса Балахонцевадан зертханалық жұмыстардың қыр-сырын меңгерген. Кейін өзі туып-өскен ауданға қызмет етпек ниетте Сырдария аудандық ауруханасында дәрігер-лобарант ретінде еңбек жолын жалғастырған.
Бала күнінен дәрігер болуды армандаған Сара Мұқанбетқалиқызы – С.Сейфуллин ауылының тумасы. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының түлегі 1993 жылдан бері денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп келеді. «Гигиена, санитария, эпидемиология» факультетін үздікке тәмамдаған жас маман оқу орнының бөлінісімен және сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тұрғанбай Махановтың шешімімен еңбек жолын облыстық ауруханада бастаған. Оқуы мен тоқуы үйлескен маман өз ісінің білгірі Райса Балахонцевадан зертханалық жұмыстардың қыр-сырын меңгерген. Кейін өзі туып-өскен ауданға қызмет етпек ниетте Сырдария аудандық ауруханасында дәрігер-лобарант ретінде еңбек жолын жалғастырған.
– Ауданға қызмет етуге келгенімде мені жұмысқа сол кездегі ауданның бас дәрігері Рүстем Садықов қабылдады. Ол кезде клиникалық-диагностикалық зертхана меңгерушісі Айгүл Көшенова болатын. Әріптесіміз өмірден өткеннен кейін меңгерушілік қызмет маған жүктелді. Алғашында жүрексінгенім, қорыққаным рас. Бірақ аға буын өкілдерінің, әріптестерімнің қолдауымен артылған сенімді ақтауға бел байладым. Уақыт жүйрік екен, қазір аудандық ауруханада еңбек етіп келе жатқаныма ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті, – дейді ақ халатты абзал жан.
Бүгінде клиникалық-диагностикалық зертхана бөлімінде 11 маман қызмет етеді. Олар науқастардың қан және кіші дәретіне зертханалық талдау жасап, қорытындысын арнайы бағдарлама арқылы дәрігерлердің қарауына ұсынады. Қате кетсе, жоғарыда айтылғандай жүргізілген ем-дом зая кетеді. Сондықтан салғырттыққа жол жоқ, жауапкершілік те жеңіл емес. Осы ретте Сара Ермағанбетова зертхана бөлімінің жаңа аппараттармен жабдықталғанына назар аударып, соңғы жылдардағы жетістіктермен бөлісті.
– Бұрын ауыл тұрғындары қан мен кіші дәрет анализін тапсыру үшін Тереңөзекке келетін. Бұл дарияның арғы бетінде орналасқан елді мекен халқы үшін қиын екені анық. Ауданның бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиеваның тікелей бастамасымен жұмыс бағыты өзгертілді. Қазір ауыл тұрғандары аудан орталығына келіп әуре болмайды. Өздерінің тұрғылықты елді мекендерінде анализ тапсырып, қорытындысын біле алады. Бұл уақытты үнемдейді және қаржылық шығынды азайтады. Сондықтан бас дәрігердің бастамасымен жүзеге асқан, қолданысқа енгізілген игі іске тұрғындар ризашылығы шексіз, – дейді клиникалық-диагностикалық зертхана меңгерушісі.
Енді Сара Мұқанбетқалиқызы жетекшілік ететін мамандардың зертханалық талдау қорытындысының сапасына назар аударып көрейік. Ол үшін біз кент тұрғыны Дариха Ізбасқанованың пікірін білдік.
– Бір жыл бұрын жолдасым қатты ауырып, ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгіндік. Біздің санамызда «ауылдағылар не біледі...» деген жаңсақ пікір бар ғой. Сол көзқарасымызбен Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық орталыққа барып ақылы негізде анализ тапсырдық. Қорытындысын көріп таңғалдық. Ауылдағы мамандар қойып берген диагнозбен сәйкес келді. Сөйтіп, ем-домымызды алып, ауылға келгеннен кейін арнайы уақыт бөліп клиникалық-диагностикалық зертхана бөлімінің мамандарына алғысымды айттым. Жұмыстарына жеміс тілейміз, – дейді Дариха Тәжікбайқызы.
Цифрлы технологияның арқасында бүгінде бір күннің ішінде жүзге жуық анализге зертханалық талдау жүргізіледі. Мамандар «КМАЖ» бағдарламасымен жұмыс істейді. Бұрынғыдай микроскопқа үңіліп, көз майын тауысып, қиналмайды. Жапондық аппараттармен жабдықталған бөлімнің жұмысы орталықтандырылған жүйемен тексеріледі. Ішкі сапалық бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. «Қателесуге жол жоқ» деген ұран –зертханашылар үшін басты қағида.
Біз көктем мерекесіне орай еңбегі көп көріне бермейтін денсаулық сақтау саласының тәжірибелі маманының жұмысын тақырыбымызға арқау еттік. Тарқата жазып, жетістігін жария етуге кейіпкеріміздің өзі де әбден лайықты. Марапаттары да бір төбе. Негізгілерін айтар болсақ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған, «Сырдария ауданының 90 жылдығы» төсбелгісін иеленген, үйінің төрінде облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хаты» да ілулі тұр. Бір сөзбен айтқанда, соғыс және еңбек ардагері Мұқанбетқали ата мен абзал жан Жақсыгүл ананың кенже қызын бүгінде алғыс арқалаған абзал жан деп айтуға толық негіз бар. Мамандығын мақтаныш санайтын Сара Ермағанбетова «Ұлым да дәрігер болғысы келеді» дейді бізбен әңгімесінде. Лайым, арман шындыққа айналып ұлы да ел-халыққа адал қызмет етер білікті дәрігер болсын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ