Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылулық сыйлаған күн

Жылулық сыйлаған күн

Әрбірінің қолында кішкентай ғана жүрекше таяқшалары бар оқушы­лардың жүзі бал-бұл жайнап тұр. Бірі мектебімен қауышқанына дән риза, бірі ұстазын сағынғаны, енді бірі сыныптастарын, достарын көргеніне марқайып, көңілдері көтеріліп тұр­ғаны сезіледі. 1 наурыз алғыс ай­ту мерекесі қарсаңында №210 О.Әбіл­паттаев атындағы орта мектеп оқу­шылары салтанатты іс-шара өткізді.

«Біз алғыс айтамыз» атты мере­келік іс-шараны ұйым­дас­тырушы орта мектеп­тің 4 сынып оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Музыкамен әрлеген ұстаз Үміт Ерназар оқушыларға түр­лі тақырыпта алғыс әндерін шыр­қатты. Ботакөз Баджанова мен Ұлмекен Алдамжарова сынып же­тек­шілік ететін білім ошағының балдырғандары алғыс өлеңдерін оқып, көрермен ықыласына бө­ленді.

2016 жылдан бері Елбасы шешімімен мерекеленіп келе жат­қан бұл күннің ұрпаққа берер тағылымы мол. Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, дос­­­тық пен бірлігіміздің жарқын күні. Елбасы Н.Назарбаев 130-дан аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін са­луы­ның нәтижесінде біртұтас ұл­тымыз қалыптасқанын атап өт­кен еді. Мерекелік іс-шарада сөз алған білім ошағының директоры С.Сақтапова оқушылар мен ұстаздарды құттықтады.

– Алғыс айту күні – Қа­зақ­с­­­тан халқын бірік­тіруге бағытталған «Мәңгілік ел» жал­пыұлттық патриоттық идея­­сының, қазақ­с­тандық біре­­гей­ліктің негізгі ар­қауы – елі­міздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан хал­қы Ассамблеясының күні. Бұл күн тағдыр тоғыс­тырған Қазақстанның көпэтнос­ты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Қайы­рымдылық дәстүрлерін, әлеу­­меттік ынтымақты және өза­ра көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні ре­тінде мәңгі есте сақталады, – деді мектеп директоры Света Мұхтарқызы.

Осылайша, ән мен би көм­керіл­ген салтанатты іс-шара соңында қонақ­тарға түрлі ризашылық сөздер жазылған жүрекшелер табысталып, оқушылар ақ көңіл, адал ниетпен өз алғыстарын жеткізді.

Майя ҚОЖАБАЙ
02 наурыз 2021 ж. 421 0