Балабақшадағы ізгі шара

1 наурыз – Алғыс айту мерекесіне орай ұйымдастырылған ізгі шараның куәсі болдық. Бала бақша әдіскері Аружан Ыбайділдаеваның ұйымдастыруымен ғимарат кіреберісінде ата-аналарға, ұжым қызметкерлеріне алғыс айту тақтасы қойылған. Сондай-ақ ата-аналарға бала бақша ұжымы атынан алғыс жазылған хаттар мен тәттілер берілді. Ортаңғы "Балапан" тобы мен ересек тобында атаулы күнге арналған ертеңгілік пен тәрбие сағаты өтті. Мұнда бүлдіршіндер Елбасына, Қазақстан Республикасы Президентіне, коронавирус инфекциясымен күрес жүргізіп жатқан дәрігерлерге, ел тыныштығын орнатып жүрген полиция қызметкерлеріне және де ата-аналары мен тәрбиешілеріне алғыс білдіріп, өлең шумақтарын арнады.
Біз алдын ала бала бақша ұжымының басшысы А.Шоқановаға мекеме жанынан бастауыш ұйым құру туралы хат жолдағанбыз. Бұл мәселе осы алғыс айту күні өз шешімін тапты. Бастауыш ұйым құрылып, оған 23 қызметкер мүше болды. Сөйтіп, ауданда тіл жанашырларының қатары көбейе түсті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысып жатқан ұжым мүшелеріне өз тарапымыздан алғыс айтамыз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
"Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігі Сырдария аудандық филиалының төрағасы