Мерекелік басқосу
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеген Алғыс айту күні елімізде биыл төртінші жыл тойланды. Адамдарды бір-біріне бұрынғыдан да жақындастыра түсетін атаулы күнді аудандық сот ұжымы ерекше форматта атап өтті.
Сот төрағасы Руслан Алдамбергеновтің бастамасымен бірқатар мекеме басшылары мен сот саласындағы реформаларды іске асыру мақсатында еңбек етіп келе жатқан сала мамандары мерекелік іс-шарада бас қосты. Мерекелік басқосуға аудан прокуроры Е.Алмазұлы, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Б.Тұрманов, қорғаушы Қ.Жаппасбаева және кәсіпқой емес медиаторлар қатысты.
– Алғыс айту күні – көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін ықылас пен мейірімге, үміт пен жылулыққа толы шуақты мереке. Көңілден биік, көңілден нәзік дүние бар деп санамаған бабаларымыз «Қарғыс алма, алғыс ал» деген қағиданы берік ұстанған, қилы заманда тағдыр табыстырған өзге де халық өкілдерін бауырына басып, кеңдік танытқан, біздерге де осы мәрт мінезді мирас еткен. Даму мен өркендеудің жалғыз кепілі – татулық пен бірліктің де түп негізі ризашылықта екені даусыз. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы осы мерекеде өткенге салауат, замандастарына алғыс айтқаны жөн деп санаймын. Өз кезегімде, бүгінгі баянды күнге жетуімізге қызмет еткен және ел ертеңі үшін еңбек етіп жатқан жандарға зор алғыс айтамын. Сот саласының жұмысы қиын әрі жауапты екенін жақсы білесіздер. Біздің қызметімізді жеңілдетіп, сотқа жүгінген азаматтарға ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беріп келе жатқан кәсіби емес медиаторларға алғыс айтуды жөн санадық. Медиторлар – бұрынғының биі. Ал аудандағы билер кеңесі – жаңылысқанға түзу жол сілтейтін, дауласқанға – оң бағыт беретін бірегей кеңес, – деген аудандық сот төрағасы Руслан Темірханұлы дауларды татуластыру рәсімі арқылы шешуге белсене қатысып, өзіндік үлестерін қосып жүрген кәсіпқой емес медиаторлар Мұса Келдібаев, Ұлмекен Жаналиева, Сағидолла Еламанов, Кенжебек Мұстафаевтарға зор денсаулық, жұмыста сәттілік тілеп, сот ұжымы атынан Алғыс хат табыс етті.
Өз кезегінде аудан прокуроры Ерлан Алмазұлы Елбасының бастамасымен белгіленген Алғыс айту күні айтулы мереке ретінде елімізде кеңінен тойланып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген атаулы күн көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше қуаныш сыйлайтынын атап өтті. Қорғаушы Қ.Жаппасбаева алғыс адамдар арасындағы мейірімнің артуына тікелей әсер етеніне назар аударып, басқосуға қатысушыларға алғысын білдірді.
Ұлттық киім киіп, мерекенің шырайын аша түскен аудандық сот мамандарының ықыласына кәсіби емес медиаторлар ризашылықтарын білдірді. Осылайша, аудандық сотта Алғыс айту күні жоғары деңгейде аталып өтілді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ