Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Қымбатты сырдариялықтар!
Сіздерді ынтымақшыл халқымызға қуаныш пен шаттық әкелетін, татулығымыз бен мызғымас бірлігіміздің бастауы  1 Мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіменшын жүректен құттықтаймын!
Досына – пейілін, ұрпағына – тілегін,  қонағына – төрін ұсынған қазақ халқы бірлік пен татулықтың қадірін жақсы біледі. Өйткені, ұлт бірлігі кешегі тар жол, тайғақ кешу заманында әлсізге – медет,  тарыққанға – демеу, ұлысқа – ұран болған.
Мемлекетіміздегі бірлік мерекесінің басты идеясы – елімізді құт мекеніне айналдырған ұлттар мен ұлыстарға, олардың мәдениеті мен тіліне, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрмет көрсету.
Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен құрылып, бейбітшілік пен татулықтың берік үлгісіне айналған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 25 жыл толып отыр.
Дана халқымызда «Қына тасқа қонады, бақ-дәулет тек ынтымағы мен бірлігі бар елге қонады», – деген тәлімді сөз бар. Алаштың анасы атанған – Сыр елінде де сан түрлі ұлттар тату-тәтті өмір сүруде.
Құрметті жерлестер!
Бүгінде сырдариялықтар да өзінің мызғымас достығымен, татулығымен, бірлігімен күшті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осындай бай мұрамыз аудан халқының тірлігіне – қуат, өміріне – нәр беріп келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени салалары қарқынды даму үстінде.
Елдегі төтенше жағдайға қарамастан биылғы жылы Елбасының, Президенттің, Үкімет пен облыс әкімінің қолдауларымен ауданымызда бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Ендігі кезекте біздің ең бас­ты міндетіміз – қауіпті індетті жеңу, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, тәртіпке бағыну.
Сындарлы сәтте қауіпті кеселмен күресте медицина, құқық қорғау саласы қызметкерлерімен қатар, жаны жомарт кәсіпкерлер мен ерікті жастарымыз да мұқтаж жандарға қол ұшын созып, бекем бірліктің өнегелі үлгісін көрсетуде. Осы орайда, барша азаматтарымызға ерекше кезеңнің уақытша қиындықтарын еңсерудегі еңбектеріне шексіз алғысымды білдіремін.
Ардақты ағайын!
Баршаңызды бүкілхалықтық Бірлік мерекесімен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін.
Қазақстан халқының бірлігі жарасып, Отанымызда әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын!
Елдігімізеңселі, мемлекеттігіміз мәңгі болсын!
Мереке құтты болсын ағайын!

Құрметпен, Руслан РҮСТЕМОВ,
Сырдария ауданының әкімі
01 мамыр 2020 ж. 414 0