Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік отбасы есірткіден алыс

Берік отбасы есірткіден алыс

Адамзат тарихындағы қаншама қанды оқиғаның себепшісі, неше түрлі зұлымдықтардың да бастаушысы «апиын» — болғанын білеміз.

Біздің ғасырымыздың басты дерті — нашақорлық.

Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда, ал біз болсақ көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымыздыда ауыртқымыз келмейді. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, артта ұрпақ өсіп келеді. Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз? — деген сауалдар әрине адам жанын мазалайды.
Есірткіге еліктейтіндер негізінен жасөспірімдер мен жастар. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін, жастар қорықпайды, нашақор үшін өлім- жалған дүниемен бірдей.

Жастар психологиясына жүргізілген зертеулер, олардың – орта іздейтіндігі, ортасы жоқ жасөспірім жапанда жалғыз қалғандай сезінетіндігі дәлелденген. Ал ортада қай бала жан-жақты пысық, соңынан өзгелерді ерте алатындай қаблеті болса, соған ұқсағысы келіп ұмтылады. Ол жақсы бала ма, жаман бала ма есеп беріп жатпайды, әйтеуір айналасындағылардың түрткісін оятады, ол түрткі немен аяқталады, ол баланың табиғатына байланысты болады.


Бүгінгі күні баланы қызықтыратын орта аз, қала баласы түнгі клуб, би алаңдарын айландырса, ауыл баласы көше тоздырып, арақ-шарап ішуге әуес. Нашақорлар неге көбейіп кетті дейсіз? Оның себебі бала тәрбиесіне көп көңіл бөлінбеуінде. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана баласымен тек қана материалдық тұрғыда ғана әңгімелесумен шектеледі, қарның тоқ па, көйлегің көк пе дегендей. Баламен әңгімелесуге, оны не толғандырып жүргенін, оның ортасы қандай, достары кім екенін білуге, жас өспірімнің бос уақытын қайда, қалай, кіммен өткізетіндігін білуге, сырласуға уақыт таппаймыз.


Осы орайда «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген Ұлы Абайдың орынды тауып айтқан өлең шумағы есіңізге түседі. Жас кезінде адам қызыққыш келетіндіктен қызық көріп, біреулері есірткі дәмін татып көруден бастап, ал екінші біреулері, біреулердің мәжбүрлеуімен нашақор болып кеткендер бар. Есірткіні таратушылар қызық көріп жүрген жастарды, «Инемен салмасаң болды» нашақор емессің, ал біз иіскейміз, одан нашақор болмаймыз деп алдауы да мүмкін. Ал шындығында, жас организм есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді..Біз бала тәрбиесін оқу орнына қарай ысырып қойғанбыз, содан кейін сол оқытушыларды кінәлаймыз. Бұл үлкен қателік екендігін, қайта біз оқу орнының және оқытушының беделін, мәртебесін көтеруге ықпал етуіміз керек. Біз бала тәрбиесін уыстан шығарып алдық. Өзара ұғыну психологиясы ескерілуден қалып бара жатқандығын, отбасында ата-анамен бала бір-біріне суық, рухани - адамгершілік тұрғысында отбасында дағдарыс қалыптасады. Бірақ бұл дағдарысты көпшілік сезіне бермейді, өйткені әркім өз кемшілігін өзі көре алмайды, түзей алмайды. Отбасындағы дағдарыс қоғамдық деңгейге қалықтап шықты, осыдан келіп өз арамызда нашақорлар мен араққұмарлар саны арта түсуде. Бізде: «Бала ертең-ақ өседі, ненің жақсы, ненің жаман екенін өсе келе өзі де біліп алады» деген қате ұғым бар.

Психолог- дәрігерлер: «отбасында бала ішімдік, темекі, есірткі сияқты естен айыратын әзәзіл туралы ерте бастан естігені дұрыс екендігін, бала жаман әдет туралы ерте білсе, соғұрлым тез жиренетіндігін, одан бойын аулақ ұстайтындығын ескертеді.


Осыған байланысты, қоғамдық – қасіреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде оқушылар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, жастарды спортқа, басқада мәдени ұйымдарға тарта отырып олардың бос уақыттарын кіммен қалай өткізетіндігіне аса көңіл бөлінсе дегім келеді.


Еліміздегі есірткіге байланысты қылмыстарды сараптасақ, оның саны жылдан-жылға артып, әсіресе жастарымыздың арасында белең алып бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Кез келген адам бұл кеселдің қауіпті екенін жақсы біледі. Әйтсе де оған саналы түрде барған жанның сол тозақтан қайтып саналы түрде шыға алмай қалатыны – нағыз қасірет. Аталған індетті тоқтату үшін алдымен үш жақты стратегия талап етіледі. Мысалы, нашақорлықтың алдын алу, есірткіге тәуелділіктен емделу жолдарын жеңілдету, нашақорлықты емдеуді ұйымдасып қолға алу.

Осы індеттің алдын алу мақсатында Қызылорда облысы бойынша полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасыны тарапынан мектеп оқушыларына арналған іс-шара жоспары бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы істермен шұғылдануына, көптеген жұмыстар атқарылып келеді.


Басқарма осы індетті алдын-алуда жыл сайын акциялар жүргізуде. Үлгі ретінде келесі акцияларды айтуға болады: «Біз – салауатты өмір салтын ұстанамыз!», «Мен өмірді қалаймын», «Нашақорлық-ғасыр індеті», «Есірткіге жол жоқ!» және т.б. Осы іс-шараларға мыңнан астам оқушылар, студенттер және жұмыс істейтін жастар үлесін қосуда.

Қорытындылай келсем, өз ұрпағымыздың болашағы өз қолымызда, балаларымызға дер кезінде көңіл бөліп, осы өмірдегі өз орнын табуға ықпал жасайық. Балаларымызды түрлі қауіп қатерден сақтайық. Бұл біздің ата-аналар ретіндегі балалар алдындағы алдындағы міндетіміз.

№36 Ә.Тәжібаев атындағы  мектеп-лицей 2 сынып оқушысы Айша Ерболаткызының анасы,


Бақтиярова Ғалия Бактияркызы
18 ақпан 2021 ж. 259 0