Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлжайна ӘЛИЕВА, коллекционер: Ақшадан коллекция жинауды анам үйретті

Гүлжайна ӘЛИЕВА, коллекционер: Ақшадан коллекция жинауды анам үйретті

Айналаңдағы адамдардың сан түрлі қызығушылығы болатыны секілді, өмірдің де түрлі арнасы бар. Алған бағытыңызды дұрыс арнаға бұрсаңыз болды, сәттілік серігіңіз болатынына сеніңіз. Өз өмірін сүйікті ісіне арнаған адамдар мамандығынан шын бақыт тауып, сол арқылы табысқа кенеліп жатады. Ал қызығушылық пен таным түйсігі ұштасқанда адамның бойында шын мәнінде өмірге құштарлық сезімі пайда болып, арманға қанат бітеді. Бұлай деуімізге мақалаға арқау болған кейіпкерім Гүлжайна Әлиевамен әңгімеміз себеп болып, көзіміз жетті.

Ақиық ақын А.Тоқмағамбетов ауылында туып-өсіп, өмірдің жаңа белесіне бет түзеген ару қыз болашақ мамандығын құқықтанумен байланыстырды. Ол үшін Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде жоғарғы білім алып, маман атанды. Кейбір замандастары секілді жұмыс таппай сенделмеген Гүлжайнаның жұмысқа орналасуда жолы болды. Жас маманның қызметі, еңбек жолы өзі туып-өскен А.Тоқмағамбетов ауылдық округі әкімі аппаратында басталып, Әділет басқармасында жалғастырды. Қазіргі кезде тәжірибелі маман аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде қызмет етеді. Ынта-ықыласымен мамандығының қыр-сырын меңгеруге бет алған білікті маманның бет алысы жаман емес. Ол болашақта мемлекеттік қызметкер атану үшін ізденіп, үнемі білімін жетілдіріп келеді.

Алдына таудай мақсат пен талап қойған маманның бала кезінен бойына жинаған жақсы қасиеті бар. «Ана көрген тон пішер» дегендей анасынан алған тәрбиесі, үйренгені ерекше қызығушылық, яғни ақшадан топтама жинау.

– Ақшадан коллекция жинауды анам үйретті. Бір теңгенің өзін тастатпайтын. «Ақша салатын әмияныңа, бір шетіне сала бер, ақшаң көп болады» деп ырымдайтын. Осы ырымға мен әлі күнге дейін сеніп келемін. Анам бірқатар мемлекеттерде болған. Сапар кезінде міндетті түрде сол елдің ұлттық валютасын ала келетін. Мен де анамнан осындай сыйлық әкелетініне сеніп, қатты күтетінмін. Қазір топтамамда Украина, Ресей, Қырғызстан, Қытай елдерінің валюталары бар. Әрине, бұл нағыз кәсіпқой болуы үшін аздық етеді. Дегенмен, анамнан алған жақсы әдеттен бас тартқым келмейді, – дейді жас коллекционер.

Иә, осындай дағдыны баласының бойына сіңіріп, бар асылын берген сүйікті ана, қазір дүниеден өтіп кетті. Дегенмен қызғалдақтай құлпырып бойжеткен Гүлжайна ана сүтімен дарыған қасиетті бағалайды. Көзінің қарашығындай сақтап, оны әрі қарай жалғастырып келе жатқан сүйікті ісі бар. Сонымен қатар бала кезінен ысырапшылдыққа жол бермеу, барды қанағат ету, ибалы да мейірімді, кішіпейілді болу секілді баға жетпес қазына перзент үшін өмірлік азық.

Қолы қалт еткенде танымын кеңейту үшін әлем елдерінің валюталары жайлы мағлұмат іздейтін Гүлжайна болашақта шет елге саяхаттауды армандайды. Арманына қанат бітіріп, өз елінің патриоты ретінде ұлттық валютаның тарихын жатқа меңгеріп, әр жылдардағы теңгенің топтамасын да әзірлеп қойды.

– Ақшаның топтамаларына қарап отырып, ең көркем, ең әдемі, қағазы да сапалы жасалған ұлттық теңгемізді мақтан етемін. Баға жетпес байлықтың, қазынаның кілті деп теңгеден жасалған топтаманы бәрінен артық көремін. Әзірге жинағаным көп болмаса да, анамнан қалған бас­таманы жалғастыратыныма се­немін. «Ақша ақшаны шақырады» деген ырыммен бай болып, әлемдегі ең қайырымды да, мейірімді жанға айналғым келеді. Арман болған қиялым бір күні орындалатынын ішкі түйсігім айтатындай. Себебі мақсатың айқын болса, арманың орындалады деген сөз бар емес пе?, – дейді жалынды жас.

Бибісара ЖАНӘЛІ
09 ақпан 2021 ж. 411 0