Тыйым сөздер – тәрбиенің қайнар көзі
Таңертең отбасымызбен дастархан басында ас ішіп отырғанымызда, үйдің кішкентайы бәрімізге қос қолын беріп, амандаса бастады. Үлкендер жағы: «Мына бала бәрімізбен амандасты ғой, бүгін үйге қонақ келеді» десті. Ақ жаулықты анамыз: «Келсе келсін, қонақ деген құт» деді. Шынында да сол күні үйімізге алыстағы ағайын қонаққа келіп, анамыздың «сақтағаның болса, сағынғаның келеді» деп сақтап жүрген қазы-қартасы қазанға салынды.
Қазақ – қашаннан ырымшыл халық. Ырым-тыйымдарды ұлттық болмысымызға тән қасиет деп айтамыз. Ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан ырым мен тыйымдар нағыз тәрбие құралы десек артық айтқандық болмас.
Ата-бабаларымыздан келе жатқан, өзімізде соған әдеттенген қарапайым тұрмыстағы көріністердің бірі – сырттан үйге кіргенде, табалдырықты оң аяғыңмен аттап кіру әдеті. Мұны біздің отбасымызда үлкендерден бастап, кішілердің бәрі ұстанады. Яғни мұндай әдет арқылы «үйге береке кіреді» , «тілеуің оңынан болсын», «жолың оңынан болады» деген сенім. Керісінше, дәрет сындыру үшін әжетханаға сол аяғыңмен кіріп, оң аяғыңмен шығу – бұл да бала кезімізден құлағымызға сіңген ырымдардың бірі. Бұл жайында имандылыққа бет бұрған кісілерден жиі еститіндігімізден, баршамыз осы сенімге иланамыз.
Жалпы ырымдардың жақсы бағыттағы түрлері шариғатқа қайшы емес екендігін исі мұсылман халық жақсы біледі. Халқымызда «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар. Жақсы тілекке «Әмин» деп айтса, оның еш ағаттығы жоқ. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «... жақсы нәрсе айтыңдар. Шынында періштелер айтқандарыңа «Әмин» деп тұрады» деген.
Дегенмен бүгінгі қоғамда ырым-тыйымдарды ескінің қалдығы дейтіндер де бар. Мәселен, келін түскенде шоққа май тамызып, түтінін иіскетіп үйге кіргізу ырымын кейбіреулер отқа табынуға теңейді. Ал үйді бәле-жәледен аластауды да бұрынғының ырымы дейтіндер де кездеседі. Шын мәнінде мұндай ырымдар халықтың тұрмысына арналған.
Негізінен ырымға сенуді тылсым күшпен байланыстырып жатамыз. «Білмей жасаса, ештеңе етпейді, ал біле тұра ырымды сақтамаса, ертең бір әттеген-ай дейтін жағдай болып қалса, өкініп қалады» дейміз ғой сол баяғы наныммен.
Бірде жан құрбым отбасымен «сейсенбі күнді ұстанатынын» айтты. Сол күні жаңадан тірлік бастамау, тіпті жолға шықпау керектігі ата-бабадан жалғасып келе жатқан сенім екен. Ал мұндай ырым бір ғана қазақ халқына тән емес, көптеген ұлт өкілдері де аптаның екінші күнін қатты ұстанатыны белгілі. Себебі олардың пайымынша осы күні басталған қандай да бір тірліктің оңынан болуы күмәнді нәрсе. Оған талай мәрте көздері де жеткенін де мойындайды.
Қазақта балаларға қатысты көптеген ырымдар бар. Үйге кіріп келе жатқан бала босағада құлап қалса, төрге дейін аунатып, үйге береке, ырыздық-несібе келеді деген. Ал бала жол қараса, міндетті түрде қонаққа ырымдаған. Кішкентайыңыз басына орамал салса, көп күттірмей келін түседі деп жоримыз. Ал ежелден келе жатқан дәстүр – дүниеге келген сәбидің жолдасын босағаға көму – бала артынан бала ерсін деген тілектен туған. Кіндігі түскенде сайын далаға лақтырып жіберу, бала үй күшік, ынжық болмасын деген сенім. Қазіргі жастар баласының кіндігін кітаптың ортасына салып, онысын «оқымысты болсын» дегенге балайды. Әжелеріміз бала еңбектей бастағанда, тез жүгіріп кетсін деп бауырынан табақ өткізетін.
Әлі есімде, бала күнімізде жаздыгүні құмырсқаның илеуін тауып алып, сол илеуге таяқты салып жіберіп, «ғұлы-ғұлы» шығаруды тура сән-салтанат секілді көретінбіз. «Ғұлы-ғұлы» деп отырғанымыз илеуден шығатын қоймалжың зат. Ал оны тез шығарудың амалы міндетті түрде мына жолдарды әндетіп айту қажет: «Ғұлы-ғұлы, ғұлы, Әке-шешең өлді, Кетпен алып жүгір, жүгір» деп ерекше екпіндеткенде, шын мәнінде көп ұзамай алақаныңа қоймалжыңды аласың. Дереу соны табаныңа жағып алып, жүйрік боламын дегенге сенесің. Балалық наным-ай! Мұны сол заманда жасамаған бала кемде-кем шығар. Жалаң аяқ, топырақ кешіп, ойнаған баланың ауырғанын, иә бір жерін жарақаттап алғанын көрмейсің. Керісінше, «ғұлы-ғұлының» әсерімен жүйіткіте жүгіріп мәз боласың. Ал «ғұлы-ғұлының» әсері кеткенде қайтадан сол ырымды жасауға асығасың. Неткен қызық, алаңсыз өткен балалық шақ десеңізші?!
Қазір бәрі басқаша, баланы жалаң аяқ жібермек түгелі, оларды далаға ойнап келуге шығарудың өзі мұң болып қалды...
Бұрындары жеңгелеріміз қыздардың үстелдің бұрышына немесе дастарханның төменгі жағына отырып қалмауын қадағалаған. Қызды қонақ деп құрметтеп, төрге отырғызған. Тұрмысқа шығуға асықтырып, «кәрі қыз боп қаласың» деп ертерек тұрмысқа шығуға қолқалаған. Аналарымыз «Отырған қыз орнын табар» деп іштей қызының тілеуін тілеген. Қарап отырсаңыз мұның барлығы ұлттық тәрбиенің қайнар көзі іспетті.
Дегенмен әңгіме негізі ырым-тыйымдар болғандықтан қазақтың тағы да мына сөзі еріксіз ойыңа оралады. «Қазақ ырым етер, ырымы қырың кетер» деген сөзі тағы бар. Бұл сөздің төркініне үңілсеңіз, ырымдарға сенбеу керектігі айтылады. Негізі көп ырымшыл болудың да қажеті жоқ сияқты. Шын мәнінде ой таразысына салып көрсеңіз, дұрыс-бұрысына көзіңіз жетеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ