Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз-келіншектерге қатысты ырым-тыйымдар

Қыз-келіншектерге қатысты ырым-тыйымдар

Қазір бұрынғыдай ырым-тыйымдарды қатаң сақтай бермейді. Десе де оның бәле-жаладан сақтайтын құдіреті барын ескере жүрсеңіз, ешкім ескертпей-ақ сақтайтыныңызға сенеміз. Ендеше, төмендегі ақпаратқа назар салыңыз.

Қыз өкпелегіш болса – ырысы кем болады.

- Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.

- Қыз баланың бір тал түскен шашын кез келген жерге тастамайды, құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады.

- Қалы үлкейіп кетпесін деп, қалымен туған балаға "Қалдыгүл, Қалдыбай" деп ат қояды.

- Әйел итке тас лақтырса – үйдің ырысы кетеді, әйелдің бағы қайтады.

- Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды.

- Келін бала көтермесе, нағашы жұртының бір баласын қойнына алып жатады.

- Жүкті әйел шашын кессе - іштегі бала кемтар болып туады, бақыты кесіледі.

- Ана баланы дәретсіз емізбейді.

- Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.

- Жаңа түскен келін киім-кешегін қысқартса – нәрестесі кем туады немесе түсік тастайды.

- Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады.

- Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.

- Түсік тастамасын деп, жас әйелдің көйлегінің етегін бүріп қояды.

- Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде "Жер-Ана, күш-қуат бере гөр" деп жалаң аяқ жүргізеді.

- Жас босанған немесе аяғы ауыр әйел түнде суға бармайды.

- Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса – мерзімінен бұрын босанады.

- Бала кіндігіне оралып қалады деп, екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.

- Бала ортан жіліктің майын жесе – ата-анаға мейірімсіз болады.

- Екіқабат әйел қоян етін жесе немесе қоян етіне жерік болса – баласы қоянжырық болады.

- Екіқабат әйел ұл туғысы келсе – еркектің қару-жарағын, қыз туғысы келсе – жүзік, сырға, моншақ, қызыл түсті мата жастанып жатады.

- Толғағы қатты болады деп екіқабат келіншекке толарсақ жегізбейді.

- Қонақ қызды үй иесі төрге шығарса, сол үйге құт келеді деп ырымдаған.

- Қыз бала дауысын қатты шығарып күлмейді.

- Қыз бала түнде шашын жаймайды.

- Баланың аңшылықтағы алғашқы олжасын несібесі кетеді, аңшылықта жолы болмайды деп ешкімге байлатпайды.

- Егер әйел қыз туа берсе, баланың жолдасын босанған әйелдің басынан үш рет айналдырса ұл туады деп ырымдайды.

- Жас келіншек аяғы ауыр кезінде түйе етін жемейді. Себебі, баласын түйе сияқты көп уақыт көтеріп, мезгілінде тумайды деген ырым бар.

- Әйел екіқабат кезінде жерігі қанбаса, одан туған баланың аузынан су ағып жүреді.

- Әйел босанып жатқанда жеңіл болсын деп, қыздың көйлегінің шетін жыртып "жол ашу" ырымын жасайды, немесе ұлдың шалбарының балағын тіліп қояды.

massaget.kz
06 мамыр 2019 ж. 1 085 0