Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасысын қырман, төгіле! тасысын қырман, төгіле!

Тасысын қырман, төгіле! тасысын қырман, төгіле!

Әрбір талант – дара дарын иесі. Тек оның жұртшылыққа танылуы әрқалай өрбиді. Мысалы, құрылысшы болып еңбек етіп жүріп, өлең жазатын азаматтар бар. Етікшілердің арасынан да күміс көмей әншілерді кездестіруге болады. Бірде қырық жылдық еңбек өтілі бар көлік жүргізушісінің керемет суретші екенін көріп, қатты таң қалғанбыз.

Шығармашыл адамдардың басын бір арнаған тоғыстырған редакцияға түрлі саланың өкілдері келіп, сыр шертеді. Жақында шіркейлілік Алмасбек Сүлейменов бізге өзінің қойын дәптерін ұсынды. Айтуынша, біраз жылдардан бері өлең жазып жүр екен. Ақындық, жалпы қаламгерлік қарым-қабілет әкесі Байназар Сүлейменовтен дарыса керек.

Туындыларымен танысып шығуымызды, егер жараса басылымға басуымызды өтінген азаматтың өлеңдерін асықпай оқып шықтық. Өлеңдері өмірден алыныпты. Ауылдағы шаруашылықта жұмыс істейтін Алмасбек Байназарұлының бірқатар өлеңдерін шығармашылық топ мүшелерімен ақылдаса келе, басылымға жариялауды жөн көрдік.

ЕҢБЕГІН ЕРДІҢ ЕЛ-ХАЛҚЫ
ӘРКЕЗ БАҒАЛАР
Азаттыққа қол жеткізіп әуелі,
Қолға алдық жұмыстарды мәуелі.
Тіліміз бен дінімізді дамытып,
Мойындаттық жер-жаһанды, әлемді.
Сыр елінің көркейіп, көктеп қаласы,
Сүйсінтті көзді, байыптап сен де қарашы.
Байлық та бізде, шаттық та бізде барлығы,
Есейіп өсті, жетіліп жастар санасы.
Жырлағым келіп жүректің сырын ақтарам,
Ақынмын елдің жетістігін көп мақтаған.
Аузы дуалы ақсақалдар бар ауылда,
Адалдық жолын, әділдік үнін жақтаған.
Еңбегін ердің ел-халқы әркез бағалар,
Ауылымызда көп ардақты біздің аналар.
Бақыт тілеймін бәріне аппақ көңілмен,
Бақытты ел-жұрт бірліктен ғана таба алар.
АНАҒА СЫР
Анашым, менің анашым,
Орны бөлек данасың.
Айтатыным көп менің,
Ауыртып жүрек жарасын.
Бес күн жалған өмірде,
Сырларым көп көңілде.
Жолықтым өмір жолында,
Ауырға да, жеңілге.
Арманға бір күн жетесің,
Табарсың жолдың төтесін.
Көзді ашып, жұмғанша.
Өмірге келіп, кетесің.
Жүректі өлең емдейді,
Жырларым маза бермейді.
Бәріне де шыдаймын,
Апат айтып келмейді.
Жырларым жүрек емдесін,
Табайын өлең көмбесін.
Мен көрген қиындықтарды,
Дұшпаныма бермесін.
Жіберді бір мұң жауыр қып,
Келеді алып сәуір құт.
Жеңілдер бір күн, сенемін,
Басқа түскен ауырлық.
Жолын кесіп бүліктің,
Суын іштім тұнықтың.
Берген Құдай өзі алар,
Керегі не мүліктің...
ҚЫДЫР КЕЗІГІП ҚОЛДАСЫН
(Сейткамал Сұлтановқа)
Мынау елдің ырысы,
Пісіп тұр міне, күріші.
Сейткамал басқарып бүгінде,
Алға басты жұмысы.
«Лидер» тұр иіліп,
Азаматтар жиылып.
Орақты кәне салайық,
Жауын-шашынға қалдырмай.
Халқымның несібесін,
Жиып алсақ бұйырып.
Қыдыр кезігіп қолдасын,
Еш жамандық болмасын.
Көз бен тілден сақ болып,
Аяқтан шалған дұшпандар.
Бұл өмірде оңбасын.
Құтты болсын бәрі де,
Тілектес жас та, кәрі де,
Егін жинау науқаны,
Сүйресін сені төріне.
Ағаңның бар өнері,
Тартып туған тегіне.
Ел ырысы көп болып,
Тасысын қырман, төгіле!
БІРГЕ ТУҒАН СЕНІМЕНЕН
ЕГІЗДЕЙМІН
Дәл өзіңдей ешкімді ұнатпадым,
Өзіңе кеп сезіммен сыр ақтардым.
Саған ғана арнадым жүрек сырын,
Көңілімнің төріне тұрақтадың...
Жауладың жұдырықтай жүрегімді,
Білмеймін қазір тіпті не дерімді.
Себебі соңғы сөзді айту қиын,
Сені ойлап, көңіліме гүл егілді.
Түсіме енсең, өңімде гүл іздеймін,
Кетсең жырақ сағынып, сені іздеймін.
Сөйлессек сөзіміз де жарасады,
Бірге туған сеніменен егіздеймін.
Айтшы, неге саған сонша бауыр бастым,
Сұрауы бар көздегі шындық жастың.
Жалғыздықтан жаураған сәтім бе бұл,
Лаулап тұрған сезімнен үміт аштым.
Тастанды бала,
тасжүрек ана
Қайдан шыққан осындай аналарың,
Көшеге тастап кеткен балаларын.
Кей кезде ойға қалып ойланамын,
Жабығып, қамығамын, қиналамын.
Осындай тасжүректер қайдан шығад(ы),
Қайтейін бұл мұңымды кімдер ұғад(ы).
Жәудір көз, жайнапжүрген жас сәбиді,
Тастанды бала етуге қалай қияд(ы).
Кей аналар бір балаға зәру болып,
Зиялы орындарға күнде қонып.
Сұрағаны «...Бір Аллам бала берсе»,
Тілегін жіберсе екен қабыл қылып.
ЖАҒЫМПАЗ
Кіріп алып басшылардың қасына,
Үлкен бе, әлде кіші ме, қарамайды жасына.
Тіреуіне арқа сүйеп жүреді,
Сөйлейді кеп сосын ретсіз тасына.
Олардың да бар екен-ау есебі,
Бар сенгені тірі жүрген көсемі.
Үндемей жүріп күнделікті қасында,
Не айтып, не істедің сен жұмыста,
Соның бәрін сен жоқ кезде жеткізіп,
Көсеміне ақпар беріп, бөседі,
Осындайлар өсекпенен өседі.
ӨСЕКШІ
Кей сабаз өтірік айтып сүйреңдейді,
Ешкімнен оқып оны үйренбейді.
Айтпаса үш күн өсек іші ауырып,
Біле алмай не істейтінін күйбеңдейді.
Түтінді тұтандырып, қағыстырып,
Шоқ тапса, тыңнан тыңға ауыстырып.
Олжасын одан табар жан білмейді,
Екеуді араз қылмақ шағыстырып.
Ол  сырды білген адам бетіне айтса,
Ұялып түшкірмейді намыс қылып.
Әр жерден кездеседі осындайлар,
Бұл қалай өтірікке осы жайлар,
Ішінің бәрі түтін қап-қараңғы,
Жап-жақсы сөзі жұмсақ дегендейді.
Алмасбек СҮЛЕЙМЕНОВ
Шіркейлі ауылы


16 қаңтар 2021 ж. 416 0