Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Менімен сен тең бе деп мақтанасың...

Менімен сен тең бе деп мақтанасың...

Адамның кеуде тұсын көкірек десек, сол көкірек пенденің бойынан екі түрлі мінезді көрсетеді. Оның біріншісі – мансапқұмарлыққа, мақтанға, менмендікке, тәкәппарлыққа бой беру, яғни көкіректік. Бұл ең жаман қасиет. Ал екіншісі рухты асқақтатып, ерекше бір әсерге бөлейтін патриоттық, мақтаныш сезім. Яғни, көкірек тік.

Алғашқысы адамдыққа жат сипат. Көкіректік – адамдарды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, жағымсыз мінез-құлық. Бұл сипат паңдық мінезбен пара-пар. Яки, өзін өзгелерден жоғары ұстау, жанындағыларға менсінбей қарау, кездескен жанға дұрыс сәлем бермеу, білмегенін намыс көріп, біреуден сұрамау, айналасына үстемдікпен қарап, әлімжеттік жасау, айта берсе мұның толып жатқан жағымсыз тұстары көп. Мұндайда «көкірегін керді» деген тіркестерді қолданып жатамыз. Бір сөзбен айтқанда, өр көкірек болу өзін орға жығумен тең.

Әлеуметтік желіні ақтарып отырып «Розатайдың блогынан» «Астана журналының» 2013 жылғы №1 санына шыққан «Бала «билер»» мақаласын оқып қалдым. Бір қызығы, мақала былай басталады: «… Бір тойда өздерін ... таныстырған жігіттермен қатар отырып қалдым. Мен оларға өзімнің тілші екенімді айтқам жоқ, жай ғана студентпін дедім. Несін айтасыз, сол күні үстел басында өзімді қатарластарымның емес, шікірейген шенеуніктердің ортасында отырғандай сезіндім. ...Арасында ақырын жөткірініп алып, галстуктерін бұрап-бұрап қояды. Орталарында отырған маған да тым ресми қарым-қатынас жасалды («Сіз-біз» дескен сыпайылық емес бұл). Шынын айтсам, олар тым жоғарыдан қарады. Құдай-ау, былай қарасаң, бәрі де өзім секілді жиырмаға енді ғана толған отөрім жастар ғой!...». Иә, қазір осындай жағдайлар көбейіп кетті. Өзін-өзі қашанда жұрттан биік санайтын осындай жәйттерді тек көкіректік, тәкәппарлық секілді жат пиғылдармен теңестіреміз. Әйтпесе, адамзат баласы біркелкі жаратылған, тек біреудің біреуден айырмашылығы түр сипаты бөлек, білімдарлығымен, жақсы-жаман қасиетімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыда:

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы..., – деп мұндай адамдыққа жат сипат жөнінде Абайдан артық айтқан ақын жоқ болар, сірә!

Пенде бойынан кездесетін көкіректі тік ұстау – мүлдем бөлек қасиет. Бала кезде ата-анамыз, мектепте ұстаздар әркез «еңсеңді тік ұста, кеудеңді көтеріп отыр, төмен қарама, басыңды тік ұста» дейтін. Бұл тұста, көкірек болсын деп емес, ел еңсесін тіктейтін азамат болсын дегенді меңзейді.

Бала шақта, мектеп қабырғасында түрлі білім бәсекелеріне қатысып, жетістіктерге жеткенде, есейген соң әскер қатарында болып, Отан алдындағы абыройлы борышты өтегенде, ел-халықтың қажетіне жарап, қауқарлы тірлік қылғанда, ата-ананы сыйлап, құрмет көрсеткенде, жалпы әрқашан қайырлы іс жасап, көпшілікке көмек көрсеткенде көкіректі тік ұстаудың керек жері осы. Ел атын шығарып, еңсені биік ұстағанда тік кеуденің керек тұсы осы. Мәселен, әлемдік деңгейде жарыс жеңімпазы атанып, дүйім жұрт алдында көк байрақ желбіреп, Әнұран шырқалғанда көкіректі тік ұстау әбестік емес, қайта мақтаныш сезім. Бұл жерде, жоғарыдан қарау емес, керісінше, жоғарыға шығу, сол арқылы ел мерейін асыру, мәртебесін үстем ету мұраты тұр. Мұндай шақта көкіректі тік ұстаған жөн, бірақ даңғойлыққа салынбаған ләзім. Демек, әркім көкіректік пиғылды емес, көкіректі тік ұстау қасиетімен дараланғаны дұрыс. Айтпағымыз, әрбір жанның көкірегі құр кеуде емес, еліне, жеріне деген махаббатқа, патриоттық сезімге толы болсын!

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

12 қаңтар 2021 ж. 851 0