Баталы жұрт арымас
Халқымыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы жұрт арымас» деген тағылымды сөздерді ерекше қадірлейді. Бүгінде мен ауданның ең үлкен қариясы және сұрапыл соғыстан аман-есен оралған жалғыз майдангері атанып отырмын. Сондықтан Жаңа жыл мерекесінде ақ тілек, ақ ниетімді аудан халқына аудандық газет арқылы жеткізгім келді.
Амандық болса, алдағы жылы 99 аяқ басқалы отырмын. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Өткеніме тәубе, ертеңіме тәуекел деймін. Әр атқан таңыма шүкір айтамын, ағайынға ақ тілегімді, ақ батамды арнаймын.
Біздің арман-мақсаттарымыз бен үкілі үміттерімізді бірлік бекемдейді, тірлік көркемдейді. Азаматтардың адалдығы мен әділдігі елді өрге, ерді төрге сүйрейді. Осы орайда, Қазақ еліне бақ қонды, құт ұялады деп айтуға толық негіз бар. Лайым, сол бақыт баянды болсын!
Еңбек – ой мен бойды шынықтырады, көңілді тынықтырады, қайғыны ұмыттырады. Еңбек еткен ердің еңсесі биік болады. Сырдария – Еңбек Ерлерінің құтханасы. Сол Ерлердің ізбасары көп болсын! Диқан қауым ел қамбасын алтын дәнге толтыра берсін!
Уақыт – баға жетпес құндылық. Бүгінгі қазақтың уақыты бақытқа толы, бейбіт ел Тәуелсіздіктің арқасында бақытты ғұмыр кешуде. Сол бақытты бағалайық, аялайық, бір-бірімізден ықыласымызды аямайық! Сонда ғана егемендігіміз мәңгілік болады, еліміздің аты биікте жаңғырып тұрады!
Отанның тірегі – отбасы. Әр отбасының тілегі – бүтін болу. Әрбір ата-ана баласының қуанышына куә болсын! Әр бала ата-анасына тек сүйінші хабар естіртсін! Шаңырақ шаттыққа бөленіп, той болсын, тойға пейіліміз сай болсын! Қатарымыз сиремесін, көңіліміз күйремесін! Басшы адал болсын, қосшы әділ болсын! Ниетіміз, көңіліміз ақ болсын, басымызға бақ қонсын! Өміріміз мәнді, сәнді болсын! Жаңа жыл береке мен жақсылық әкелсін! Әумин!
Яхия ТАСЫРОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»