Жаңа бағыт алған шаруашылық

Еңбек маусымында «Құндызды Жер» ЖШС-нің шаруалары 660 гектар жерге күріш егіп, 42 центнерден өнім алды. Қазіргі таңда шаруашылықта 70 адам еңбек етеді. Ауылы қарайласқан, шаруасы орайласқан озаттардың қатарынан көрінген бригадир Балапан Аяғанов 300 гектар күріш егіп, әр гектардан 48,5 центнерден өнім алды. Ал күрішші Ербол Естияров 40 гектар күріш егіп, 51 центнер Сыр салысын жинады. Жаткист Руслан Кәрімжанов «МагДон» жаткасымен 300 гектар күріш орып, үздіктер қатарынан көрінді.
– Ауыл тіршілігі тоқтаусыз жүріп жатыр. Еңбексіз өмір жоқ. «Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсінді» деген қазақта сөз бар. Шаруаларымыз әр маусымда мардымды еңбек етіп келеді. Табысқа жетудің бір жолы алға қарай серпіліс екенін ұмытпаған жөн. Бұған дейін «Құндызды май» шаруа қожалығы ретінде қызмет атқарған шаруашылық «Құндызды Жер» ЖШС болып қайта құрылды. Алда атқарылар жұмыс ауқымды. Биыл 66 миллион теңгеге «МагДон» маркалы комбайн сатып алдық. Өзімізде өндіріске қажетті техникалар қоры жеткілікті. Алдағы уақытта күріш диірменін салу жоспарда бар, – дейді шаруашылық төрағасы Бөлеген Рахмет.
2014 жылдан бері Сыр салысын өсіруде үздіктер қатарынан табылған шаруашылық пандемия уақытында аудандық ауруханаға ірі қара малының етін үлестірді. Ауылдық емханаға дәрі-дәрмек алып берген. Аз қамтамасыз етілген отбасыларына азық-түлік табыс етілді. Сонымен бірге шаруашылықтың жұмысшыларына тамақ тегін беріледі. Әр жұмысшыны күріш, отын, шөп және жеммен қамтамасыз ету жолға қойылған.
Балтабай ОРДАБЕКОВ