Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Халық алғысы» медалімен марапатталды

«Халық алғысы» медалімен марапатталды

Төтенше жағдай кезеңінде тынбай еңбек етіп, халық сау­лығын қамтамасыз ету бағытында уақытпен санаспай жұмыс іс­теген аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бас­қар­масының ұжымы жылды жемісті қорытындылады. Сала маман­дарының қажырлы еңбегіне мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетілді.

Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты іс-шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Алғыс хаты» басқарма басшысы Ерлан Ұзақбаевқа берілді. Марапатты аудан әкімі Талғат Дүйсебаев табыстап, сала бас­шысының аудан аумағында карантин талаптарын сақтау мақ­сатында сіңірген еңбегі ерекше екенін атап өтті.

Сонымен бірге басқарманың бөлім басшысы Жанар Нұр­сұл­танова мен бас маманы Гүлсім Тұсмағанбетова Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Мерейлі марапатты облыс орталығында өткен салтанатты жиында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова тапсырды. Осы салада 2007 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан Жанар Айдосқызы «Халық алғысы» медалі ұжым қызметкерлерінің бір­лесе атқарған нәтижелі істеріне берілген марапат екенін айтады.

– Карантин талаптарын сақтау мақса­тында тұрғындарға үздіксіз түсіндірме жұмыс­тарын жүргіздік. Мекемелердегі санитар­лық талаптардың сақталуын қадағалап, дерттің өршіп кетпеуіне өз үлесімізді қостық. Еңбе­гіміз зая кеткен жоқ. Алдағы уақытта да жұмыс жасай береміз, – дейді бөлім басшысы Ж.Нұрсұлтанова.

Ал жауапкершілік жүгі зор салада 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Г.Тұсмағанбетова бұған дейін облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Төтенше жағдай кезеңінде уақытпен санас­пай жұмыс істеген ол тұрғындарды әлі де ортақ талапқа бағынуға шықырады.

А.ҚҰРМАНАЙ

21 желтоқсан 2020 ж. 401 0