Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысымен танысты

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысымен танысты

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев көлік инфрақұрылымын дамыту және автомобиль жолдарының сапасын арттыруда қолға алынған құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында "Жақында "Қызылорда – Жезқазған" жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның "Қызылорда – Ақтөбе" арасындағы бөлігі тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады.

Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ" деп атап өткен болатын.

Тамыз айында телекөпір арқылы «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» және «Бейнеу-Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап берді.

Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндап, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы жобалардың маңызын атап өтті.

Аймақ басшысы алдымен "Қызылорда–Ақтөбе" бағытындағы Қызылорда қаласының айналма жолы мен «Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылыс алаңына барды.

Қызылорда қаласының айналма жолының ұзындығы 25,8 шақырым, келісімшарт құны 39,5 млрд теңге. Ислам даму банкі есебінен қаржыландырылуда. Бас мердігері «Қыран», жобалаушысы «Семдорпроект» серіктестіктері. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026-2029 жылдар. Құрылысқа 150 жұмысшы және 85 арнайы техника жұмылдырылған.

«Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының 130,8 шақырымын қамтитын жобаның құны 242,3 млрд теңге. Қаржыландыру көзі Ислам даму банкі болса, мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігері «Элит Строй Комплект» серіктестіктері. 2026-2029 жылдар аралығында іске асады. Қазір құрылыс жұмыстарына 70 жұмысшы мен 43 арнайы техника тартылған.

Аталған жобалар өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, көлік қозғалысы қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға, транзиттік бағыттардың өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
04 қазан 2026 ж. 48 0