Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Халық алғысы» медалімен марапатталды

«Халық алғысы» медалімен марапатталды

Биыл көктемде басталған пандемия ел тұрғындарына үлкен қауіп төндірді. Соның салдарынан елімізде індетті жұқтырушылар саны көбейіп, онымен қарқынды күрес жүргізілді. Оған полиция, медицина және басқа да тиісті сала қызметкерлері жұмылдырылып, олар өз бастарын қауіпке тіге отырып, тынымсыз еңбек етті. Пандемияда алдыңғы шепте жүрген қызметкерлердің ерен еңбегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше бағалап, індетпен күресте көзге түскен азаматтар «Халық алғысы» медалімен марапатталуда. Осы орайда, аудан әкімі Талғат Дүйсебаев аудандық полиция қызметкерлерін аталған медальмен марапаттады.

Марапаттау рәсімінде аудан әкімі қауіпті індетпен күрес жүргізіп келе жатқан сала маман­дарының еңбегін атап өтті.

– Қауіпті шақта өздерінің қыз­мет­терін жауапкершілікпен ат­қар­­ған сала мамандарының еңбегі зор. Атап айтқанда, ал­дыңғы шепте жүрген медицина, полиция, тауарлармен көрсе­тілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы саласы қызметкерлері аурумен күресте өздерінің өміріне қауіп төнсе де қажырлы еңбек етті. Ауданда індет өршігенде атал­ған сала қызметкерлері күндіз-түні тыным тапқан жоқ. Полиция қызметкерлері тәулік бо­йына тосқауыл бекеттерде тұрып, сақтық шараларының сақталуына жұмыс істеді. Ал медицина мамандары ауруларды емдеуге бар күш-жігерін салды. Аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлері де карантин кезеңінде нәтижелі жұмыс үлгісін көрсетті. Сондай сындарлы шақта қоғамды нақты ақпаратпен қамтамасыз ете білген журналистер қауымының да еңбегін атап өтуіміз қажет. Жалпы, пандемия кезеңінде аталған сала қызметкерлерінің нәтижелі жұмыс жасауы эпидемиологиялық жағдайды қалыпқа келтіруге септігін тигізді, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, аудан әкімі еріктілердің, демеу­шілер мен кәсіпкерлердің игілікті істеріне тоқталды. Яғни, ерекше қалыптасқан жағдай­да аудандағы ерікті жастар, кәсіпкерлер мен жанашыр жандар да қолдарынан келген көмегін көрсетті. Демеушілік көрсеткен жандар аудан халқына тыныс алу аппараттарын, оттегі баллондарын алып берді. Сонымен қатар, жомарт жандар тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратып, меди­циналық бетперделермен қамтамасыз етті. Жал­пы, демеушілер тарапынан карантин жария­ланған кезеңнен бас­тап аудан бойынша 20 млн теңгенің үстінде қолдау көрсетілген. Одан бөлек, кәсіп иелері өздерінің кәсіптерін бас­қа бағытқа бейімдеп, медициналық бетпер­делер тігіп, тегін таратуды жүзеге асырды.

– Міне, осындай ауқымды жұмыстарды бірлесе атқардық. Десе де, әлі де бізге босаңсуға болмайды. Өйткені, әлем елдерінде қауіпті індеттің екінші кезеңі жүріп жатыр. Сондықтан бізге той-томалақ, ас-жиындарды өткізбей, сақтық шараларына аса мән беруіміз керек. Сақтансаң ғана сақтайтынын естен шығармағанымыз жөн, – деген аудан басшысы сала мамандарын марапаттады.

Президент Жарлығымен бекітілген «Халық алғысы» медалімен полиция қызметкерлері Алтынбек Бексейітов пен Қыдырбек Көшек­баев марапатталды. Сондай-ақ, сындарлы кезеңде тынымсыз еңбек еткен аудандық полиция, медицина, тауарлармен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, ветеринария саласы қыз­мет­керлеріне, аудан тұрғындарын нақты ақпа­ратпен қамтамасыз еткен журналис­терге, игілікті іске үн қосқан еріктілер мен демеу­шілік көрсеткен кәсіпкерлерге аудан әкімінің «Алғыс хаты» табыс етілді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
27 қазан 2020 ж. 708 0