Тәуелсіздіктің төл құрдасы
1991 жылғы 16 желтоқсан – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріппен жазылған айрықша күн. Байтақ елде бейбітшілік байрағы желбіреген бұл күнді сырдариялық Салимовтар әулеті жыл сайын асыға күтеді. Себебі осыдан 28 жыл бұрын атқан азаттықтың ақ таңында Сабыр аға мен Күләй апаның шаңырағында іңгәлаған сәби дүниеге келді. Екі ұлдан кейін туған қыз балаға Эльвира деп ат қойылды.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы Эльвира Сабырқызы кішкентайынан алғыр, тиянақты болып өсті. Өзі қатарлы балалар аяқталмас ойынның соңында жүргенде ол оңаша қалып армандағанды ұнататын. Тым момын еді. Бұл туралы Эльвираның анасы Күләй апа төмендегідей баяндайды.
– Әдетте отбасындағы екі ер баладан кейін туған қыз еркетотай болып келеді ғой. Бірақ қызымыз Эльвира ерке болып өспеді. Керісінше, тұйық әрі момын болатын, жеке қалып, өзімен-өзі ойнағанды ұнататын. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс дүниеге келген қызымыз мектеп қабырғасында да үлгілі оқушы болды. Қазір аудан әкімі аппаратында жұмыс істейді. Жыл сайын 16 желтоқсанды асыға күтеміз. Себебі бұл күн біз үшін – қос мереке тойланатын айтулы күн, – дейді абзал ана.
Иә, расында да Эльвираның мінезі, болмыс-бітімі қазақ қызына тән биязылықпен үндес. Жөн-жосықсыз сөйлемейді. Сырға берік. Нәзік жаны тазалықты, адалдықты сүйеді. Жаны таза болған соң өзгелердің бойынан да тазалықты көруге асығады. Жұмысына да адал. Қай істі тапсырсаң да нақты нәтижеге жетпей ізденісін тоқтатпайды.
– Мемлекеттік мекемеде қызмет істеу зор жауапкершілікті талап еді. Әр жұмыс, әр тапсырма өте маңызды. Аудан әкімінің орынбасарларының хатшылығында бірнеше жыл жұмыс істеп, көп тәжірибе жинақтадым. Ұжымдағы үлкен кісілер үнемі ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырды. Мұның бәрі біздің маман болып қалыптасуымызға тікелей әсер етті, – дейді Эльвира мемлекеттік қызмет саласындағы үлгі тұтатын алдыңғы буын аға-апаларына зор ризашылықпен.
Бүгінде Эльвира Салимова аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің әдіскері қызметін атқаруда. Бұл қызмет жауапкершілікті, тиянақтылықты талап етеді. Өйткені таңертеңнен бастап жұмыс аяғына дейін аудан әкіміне, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысына келген хаттар тіркеліп, кірістеліп, бұрыштама белгіленіп, тиісті басшыға ұсынылып, құжат айналымы уақытылы, сапалы жүргізілуі керек. Сонымен қатар келген хаттарға мерзімінде жауап берілу қажет. Атап өту керек, жеке және заңды тұлғалар өкілдеріне арналған қабылдау мен арыз-шағымдармен жұмыс жүргізуді де аталған бөлімнің мамандары ұйымдастырады. Міне, осындай жауапты жұмыста шыңдалған Эльвира Сабырқызы – қазіргі таңда өз ісінің білікті маманы.
Ол жауапкершілігі мол жұмысты адал атқарып, облыс әкімі орынбасарының, аудан әкімінің және басқарма басшыларының бірнеше мәрте Алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Nur Otan партиясы аудандық филиалы тарапынан да Алғыс иеленген. Мұның бәрі ізденіске толы еңбектің жемісі екені анық. Тәуелсіздіктің төл құрдасы «жетістіктерімнің барлығы біз үшін басты құндылық болып саналатын Тәуелсіздіктің арқасында келген игілік» дейді. Айтса айтқандай, Эльвира Сабырқызы қасиетті де қастерлі Тәуелсіздік ұғымының арқасында жыл сайын дамып келе жатқан егемен елмен бірге жақсы жетістіктерге құлаш сермеуде. Әр жетістігін азаттықпен байланыстырады. Сірә, бұдан асқан бақыт жоқ та шығар...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ