Адам саудасының құрбаны болмаңыздар!
Қазақстан Республикасы аумағында жыл сайын 500-ден астам азамат жоғалады. Адам саудасының құрбаны болмаңыз және ондай фактілерге жол бермеңіз! Олардың алдын алу мақсатында Сырдария аудандық прокуратурасы төмендегіні ұсынады.
1. Танымайтын адамдардың ұсынысы негізінде жалақысы жоғары жұмыс жасауға келісу арқылы алданып қалудан сақтану керек. Көп жалақы төленетін жұмыс ұсынған жағдайда оның шынайлығын тексеруге мән беру қажет;
2. Бейтаныс адамдармен себепсіз қатынасқа түсуге болмайды;
3. Кәмелет жасқа толмаған балаларды ата-анасының қарауынсыз қалдырмауға жіті көңіл бөлген дұрыс;
4. Жеке құжаттар туралы мәліметті (жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік, есеп шоттар) бөгде адамдарға себепсіз бермеу керек;
5. Жұмысқа орналасу барысында міндетті түрде жұмыс берушімен келісім-шарт жасалуы керек;
6. Алкогольдік ішімдікпен, есірткі заттарымен әуестенбеу, яғни спирттік ішімдікке әуес азаматтар масаң күйде болған жағдайда олардың дәрменсіз күйін пайдаланатын адамдардың аз еместігін ескеру керек;
7. Шет елдерден келген азаматтардың құжаттарын заңнамаға сәйкес заңдастыру керек;
8. Егер, шет елдерге және басқа облыстарға кеткен жағдайда өз телефон нөмірлері немесе байланыс құралдары туралы ақпараттарды міндетті түрде қалдыру керек;
9. Жұмысқа орналасқан жағдайда жақын туыстарына қайда, кімнің мекемесінде және қандай мекенжай бойынша жұмыс жасайтыны туралы жиі хабарлап тұрған жөн;
10. Жүйке ауруларымен ауыратын азаматтарды туысының қарауынсыз қалдыруға болмайды.
Егер, Сіз адам саудасына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, аудандық прокуратураның 8 (72436) 21-5-02 немесе 102 байланыс нөміріне хабар беруіңізді сұраймыз.
Сырдария ауданының прокуратурасы