Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыр-көшің жолда қалмасын

Жыр-көшің жолда қалмасын

Қарап отырсақ, әр өмір кезеңінің өз қызығы, өз қадірі, сыры мен мұңы, жауапкершілігі бар. Жауапкершілігі адамның сол жасына лайық өмір сүріп, туған-туыс, замандас, әріптестер арасында абырой-құрметке бөленіп, өзінен кейінгі буынға үлгі-өнеге бола алуында шығар.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – Бағдат Есназар ел ағасы атанды. Жақсының жақсылығын айту, ініге ағалық ықылас-лебізімізді білдіру – парыз. Жоғарыда айтқандай, әр жастың өз жауапкершілігімен қарар болсақ, Бағдат елуге ортасына беделді, шәкірттеріне қадірлі, әріптестеріне сыйлы болып, өз биігінде еңбек етіп жүр.

Жоғары оқу орнын бітірісімен бәріміз түлеп ұшқан ауыл мектебіне мұғалім болып келді. Өзін көрсете білген ол аудан, облыс көлемінде жақсы маман ретінде бағаланды. Бірқатар қызметті атқарды. Көптен бері өз ауылындағы мектепті басқарады.

Ұстаз – мәртебелі мамандық! Алаш ардақтысы Мағжанның «Өңкей жақсы бас қосқанда – төр ұстаздікі», орыстың әйгілі педагогі Ушинскийдің «Ұстаздық – күн астындағы ең ұлы мамандық» деуі осы кәсіп иелеріне берілген абыройлы баға екендігі сөзсіз. Бағдат – педагогтар әулетінің өкілі. Бәріміздің ұстазымыз Мансұр ағайдан бас­тау алатын ұстаздық әулеттің туын жықпай келе жатқан бір өкілі. Әлі де жалғаса беретініне күмән жоқ. Рахима апай, марқұм Рымқан ағамыз, Рахия апай, Серік, Бағдаттың анасы Рабиға жеңгеміз – барлығы осы киелі мамандық иелері.

Бағдат Есназар мектеп басшылығымен қоса бірқатар қоғамдық жұмыстарды атқарып келеді. Ақындығы тағы бар. Поэзиядағы ерекше жанр арнау өлеңнің шебері. Арнаудың өз табиғаты, басқа поэзиялық жанрларға ұқсай бермейтін өзіндік сипаты бар. Көбіне ел таныған адамдарға арналатын осы өлең түрінің табиғаты адамдарды жақсы көру, олардың бойынан жақсылықты іздеу сияқты авторлық дүниетаныммен, мінезбен, қадір-қасиетпен астасып жатады. Бағдаттың ақжарқын, аңқылдақ мінезі, үлкенге іні, кішіге аға бола алатын азаматтық болмысы осы өлең табиғатымен үйлесім тапқан. Арнау өлеңдерінде өз кейіпкерінің бітім-болмысын, образын жасауда өзіндік қолтаңбасы бар.

Тумысы бөлек, сөздері кесек, ойы ірі,
Парасатпенен үндескен әрбір пайымы.
Атадан туып, айбынына елдің айналған,
Қаңлы Жүсібім – сұңғыла Сырдың шайыры.

Сыр сүлейі Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлына арналған «Сұңғыла Сырдың шайыры» деп аталатын өлеңде ақын образы, оның ел, халық үшін жасаған адал қызметі әдемі көрініс тапқан. Жалаң мақтау, жалпылама мадақ емес, әр сөзі ойлы, әр өлең жолында сыр бар.

Сырдың бойында туып, ақындық жолы осы өңірдегі әдеби ортада қалыптасқан Қаңлы Жүсіптің алашшыл, азатшыл қайраткерлік қыры да ашылған:
Билікте болса бүгінгілердей белсеніп,
Қалтасын емес, Алаштың қамын жеп өтті.

Арал тағдырын жырға қоспаған сөз зергері жоқтың қасы. Айдынды Аралдың бүгінгі мүшкіл халі ақын атаулының жан-жүрегін тебірентеді, бірі теңізбен бірге мұңға батады, бірі жанұшыра жанайқайын жеткізеді. Ал Бағдат ше?! Ол өзінше ой түйеді. Үмітін үзбейді, көк айдынның оралуына тілекші, қажет болса «Қанатымен су сепкен қарлығаштай» жыр-тамшысымен су тасуға дайын!

Келешегіне сенім мен мол шырай беріп,
Ақ айдынына аққу-қаз қонсын-ай келіп.
Аңқасы кепкен арнаға құйылсын жырым,
Шөліңді басар мөп-мөлдір тамшыдай болып!

Аралдың төл перзенті, дара талант Зейнолла Шүкіровтің мына өлең жолдары еріксіз еске оралады:
Қан керек болса берем мен,
Жан керек болса қиям мен.
Көк нөсер болып төгем мен,
Көк ала бұлт болып төнем мен.
Асау Ертістің мойнына бұғалық салып,
Жетектеп ертең келем мен!
Өлем мен!
Ал тірі жүрсем,
Аузыммен су тасып берем мен!

Ақындық үндестік сыры туған теңізге деген махаббатта, сүйіспеншілікте жатса керек. Асылы, шын поэзиядан ақынның тұтас жан дүниесі, бітім-болмысы, қуаныш-өкініші, мұң-назы көрінеді. Өлең сонысымен де құнды, сонысымен де қымбат. Өлеңдегі ой мен сезім ақын дүниетанымының жемісі. Бағдаттың Аралға арнауы­нан оның тек ақындық әлемі ғана емес, азаматтық болмысы, туған топыраққа деген сүйіспеншілігі, табиғатқа деген алғаусыз көңілі көрінеді.

Жалпы, өнер атаулы тазалықты сүйеді. Сөз тізгінін ұстаған қа­ламгердің жаны да, ары таза болуы өнер шарты. Осыдан болса керек ізгілік ақын үшін – ең басты құндылық. Бағдаттың «Ізгілік мұраты» да осындай таза, пәк, алғаусыз ақындық көңілден туған туынды:
Ізгілікті мұрат қып,
Шындығымды шуақ қып,
Қайратымды қуат қып,

Елмен бірге келемін, – деген ұстаз-ақынға мұратың асыл, арманың биік болғай, жыр-көшің жолда қалмасын деген тілегімізді білдіреміз.

Ғабит Тұяқбаев,
филология ғылымдарының
кандидаты
03 қараша 2020 ж. 328 0