Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылға келді жас маман

Ауылға келді жас маман

Бір кездері тұралап қалған ауылдардың тыныс-тіршілігіне бүгінде қан жүрді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың ауылды түлетсем екен деген тілектері орындалып, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастардың болашағына жол ашты. Қазіргі күні аталмыш бағдарламаның республикалық деңгейде қолдау тауып, өз жемісін беруі қуантады. Бұрынғыдай дипломын құшақтап жұмыс іздеушілер қатары да сиреген секілді. Әсіресе, әлеуметтік сала мамандарына сұраныс жоғары. Мәселен, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының мамандарына бірінші кезекте жұмыс табылады.

Бекзат Шахмарданұлы – М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжін «дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған жас ұстаз. Ол бүгінде №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ұстаз жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп қана қоймай, өмірден өз орнын табуына, тұлға болып қалыптасуына, парасатты азамат болып өсуіне бағыт береді, ықпал етеді.

Адамзат баласының бойы­на барлық жақсылықты дарытатын құдіретті күш – ұстаз десек, оны ардақтамайтын адам жоқ. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» десе, хакім Абай: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген екен. Осы жолда жас болсада бас болып жүрген Бекзат Қызылбай еңбек жолын былтырғы жылы өзі білім алған қарашаңырақта бастады. Аманкелділік жас мұғалім шәкірттеріне салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етуде. Себебі адам өміріндегі ең басты құндылық «денсаулық» деп біледі. Өзі де үздіксіз жаттығып, спорттың түр-түрімен айналысқанды ұнатады. Қалыпты дене формасын сақтау – оның басты мақсаты.

Жас маман биыл мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, бас­паналы болды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы көпке қуаныш сыйлаған қажетті жобаның бірі десек артық болмас. Аталған бағдарламаға биыл көптеген өзгерістер енгізіліп, қаражат сомасы артқан болатын. Мемлекетке де, ұлтымызға да пайдалы бұл бағдарламаның игілігін көріп отырған жастар легі артып келеді.

Аманкелді ауылындағы мектеп-лицей аудандағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі саналатын қара шаңырақ. Мұнда ұстаз деген ұлағатты атқа кір келтірмей, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген білікті педагогтар жетерлік. Олар өздерінің бай тәжірбиелерін жаңадан келген жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Мәртебелі мамандықты таңдап, еңбек жолдарын енді бастаған бала бағбандары мамандықтың қасиетін жүректерімен сезіне біледі. Білім ошағындағы – биік жетістіктерге жас ұстаздардың қосқан үлесі қомақты.
– Менің бұл бағдарламаның жастарға берері мол екендігіне көзім жетті. Елбасымыз жас мамандарға: «Ауылға елім деп, жерім деп өскелең ұрпақтың білім, тәлім-тәрбие алуына өз үлестеріңді қосуға келіп жатқандарың үлкен ерлік. Енді жас ұрпақты тәрбиелеп, отбасын құрып, осы ауылдың зиялы қауымына айналасыңдар...» – деп айтқан болатын. Осы мақсатпен туған ауылымды түлетуге, білімді ұрпақ тәрбиелеуге күш жұмсаудамын, – дейді Бекзат бізбен әңгіме арасында.

– Ауыл – қазақы мәдениеттің, өнердің алтын қазығы. Өзім қарапайым еңбек адамының отбасында тәрбиелендім. Еңбектің не екенін білемін, түсінемін. Сондықтан жастық күш-жігерімді, білім мен айқын мақсатымды осы жолға жұмсауға бел будым. Осы орайда, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, келешек кілтін ұстатқан Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан игі істерге өзімнің үлесімді қосамын, – дейді жас ұстаз.

Иә, жас маман Бекзат өз жұмысына жауап­кершілікпен қарайды, өте ұқыпты, тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындауға дағдыланған. Мектеп өмірінде өрелі істерге бел шеше араласады. Ендеше, еңбек майданына араласқан жас маманның ел үмітін ақтаған, туған ауылының гүлденуіне өз үлесін қоса беретініне сенімдіміз. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтай спорттың саңлақтарын өсіріп, ел намысын байрақты бәселекелерде асқақтатын жас спортшыларды тәрбиелеріне біз де үлкен сенім артамыз.

Майя ҚОЖАБАЙ 

31 қазан 2020 ж. 319 0