Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық игілігіне қызмет етуде

Халық игілігіне қызмет етуде

Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы – ауылдағы мал өсіріп отырған, оның басын көбейте түссем деген ағайынға берілген зор мүмкіндік. Ол шар­уашылықтардағы, жеке мал иелерін­дегі жергілікті малдың тұқымын ет бағытында асылдандыру арқылы өнімділікті арттырып, еттің өзіндік құнын арзандатуды, мал басын өсі­ріп, мал шаруашылығы саласында қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді.
«Сыбаға» бағдарламасымен асыл тұқымды ірі қарадан бөлек, мал және қой бағамын деушілерге жеңілдетілген несие беріледі. Алайда, асыл тұқымды мал асырайтындарға жеңілдік көп. Яғни, етті бағыттағы ірі қара малына 15 жылға дейінгі уақытқа 1 млн теңгеден бастап шектеусіз несие беріледі. Бастапқыда сыйақы мөлшерлемесі 16 пайызбен алынатын несиенің мал әкелінген соң 10 пайызы мемлекет есебінен қайтарылады. Сонда шаруаға қалатыны бар-жоғы 6 пайыз. Сондай-ақ алғашқы 2 жылға үзіліс бар. Демек, мал алған соң одан табыс түскенге дейін ешқандай төлем жасалмайды. Кейінгі төлемдер де жылына екі мәрте ғана жүргізіледі. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан әрбір асыл тұқымды малға берілетін 225 мың теңге субсидия тағы бар. Алынған қаржының 5 миллионға дейінгісін жем-шөп алуға жұмсауға болады. Несие алу үшін кепілге жылжымайтын мүлік қойылады. Жылжымайтын мүлік бағасы алған несие құнының 25 пайызын өтесе болғаны. Қалған 75 пайызы алынған малдың есебіне кіреді.
Былтырғы жылы бағдарлама бойынша Ақжар­ма ауылынан «Мақсат», «Нұрсерік», шаруа қожа­лық­тары 260 бас, А.Тоқмағамбетов ауылынан «Қал­мұрат» шаруа қожалығы 183 бас асыл тұқымды қалмақ сиырларын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы сатып алса, биылғы жылы Қоғалыкөл ауылынан «Сейтбек» шаруа қожа­лығы 80 млн теңгеге 100 бас ет бағытындағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын сатып алуға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на өтінім тапсырып, құжаттары қазіргі уақытта қаралуда екен.
– «Агробизнес» бағдарламасы қаржы ұйымдары арқылы 5 жылдан 7 жылға дейін жылқы, мүйізді ірі қара малдарын сатып алуға 16 пайызбен несиелен­діріледі. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялай­ды. Несие қаражаты 1,5 млн теңгеден бас­тап шек­теусіз беріледі және жеңілдік кезеңі 24 айға дейін. Бағдарлама бойынша жыл басынан «Сырдария 1» кредиттік серіктестігі арқылы 3 кәсіпкер 28 млн теңге несие алып, 89 бас аналық жылқы мен 2 бас асыл тұқымды айғыр малдарын алды. «Іскер» бағдарламасы да қаржы ұйымдары арқылы 5 жылдан 7 жылға дейін жылқы, мүйізді ірі қара малдарын сатып алуға 6 пайызбен несиелендіріледі. Несие қаражаты 1 млн теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін беріледі. Жеңілдік кезеңі 24 айға дейін. Бағдарлама бойынша 9 шаруашылық құрылымдары 76,2 млн тең­ге несиеге 136 бас аналық сиыр, 5 бас асыл тұқымды бұқа, 111 бас аналық жылқы, 3 бас асыл тұқымды айғыр малдарын сатып алды, – дейді ау­дан­дық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбек.
Бүгінде еліміз бойынша мал шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Жергілікті халықтың әлеуетін арттыру мақсатында кәсіпкерлік саласы жандана бермек. Оның ішінде мал шаруашылығының орны бөлек екенін білеміз.


Айдана Қалиева
22 тамыз 2020 ж. 583 0