Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірді өлеңмен өрнектеген

Өмірді өлеңмен өрнектеген

Сыр сүлейлерінің жалғасы, «Сырдария ауданының Құр­мет­ті азаматы», ақын, журналист, мәдениеттанушы Сейітмұрат Ембер­геновтың есімі ауданның зиялы қауым өкілдеріне етене таныс. Саналы ғұмырында қоғамның тыныс-тіршілігін қаламына арқау етіп, оннан астам кітап жазып, өмірді өлеңмен өрнектеген қаламгердің шығармашылығы әде­биеттің белді өкілдері тарапынан жоғары бағаланған. Ар­тына өшпес із қалдырған ақынның өлеңдері ұрпақ жадында. Аудандық газеттің бүгінгі санына сырдариялық ақынның бірқатар өлеңін жариялауды жөн көрдік.

ҚАЗАҚПЫН

Қазақпын – қаралаумын, ұяңдаумын.
Қылт еткен қыл көңілді қия алмаймын.
Ал, бірақ адамшылық жөнге келсе,
Асқақпын, айбарлымын ұялмаймын.

Қазақпын – қарапайым, аңғалдаумын.
Аударылды ма дүниең, аңғармаймын.
Тидің бе намысыма шарт жаңғыртып,
Құдай боп қап тауыңды жарғандаймын.

О, шіркін, білсең менің өмірімді,
Ізімде тарих қаны төгілулі.
Сонда да бабама ұқсап рухтана
Білмейді мына жүрек сөгілуді.

Қазақпын, досым болсаң, барды берем,
Малды берем, қажет пе жанды берем.
Періштедей өзімді сезінемін,
Жүрегім – ақ, көңіл – пәк, арлы – денем.

Көлеңкем де баршылық сезінемін,
Қадам сайын құрғырға кезігемін.
Кезігем де «әттең-ай» деп тұншыға
Жүйкемді жеп өкіне езілемін.

Бақталастық, баршылық, күндестік те,
Оба болып тиетін бірлестікке.
Екі достың біреуі мұзға тайса,
Көңіл құсын қондырып тілдестік пе?..

Қазақпын, дүниеңді шашып өтем,
«Жылдар жинап бір тойға шашу етем».
Кемшілігім, кейде сол дүниемен,
Аямаймын, дос жүрегін басып өтем!..

Қазақпын, пәк көңілді көрік етер,
Жүзімнен жүрек мұзы еріп кетер.
Ал, кейде ібілістік жолға түсіп,
Сол жолға бауырымды да беріп кетем.

Жоқтық пен тапшылықтың кеселіне,
Төзімді, сірә, менен өтеді ме?
Ал, кейде байлық деген ит шананың
Өзім барып жегілем жетегіне.

Қазақпын, мақтанарлық ісім де көп,
Көнтерлімін, асқақпын, күшім де көп.
Білдірмеймін мың пәле жеп жатса да,
«Қолым сынса, көрінбес жең ішінде» - деп.

ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРІ

Берекелі болған қолы бабамның,
Мұны әркез есте ұста, қарағым.
Қонақ келсе төрін сыйлап тап-таза,
Ұсынған ғой кең дастархан, тамағын.

Наннан ұлық бар дегенге нанбаған,
Ән-жырын да осы нанға арнаған.
Ақ ниетін ақтамаған арамды,
Дәм-тұзының атыменен қарғаған.

Асыға аңсап арайланған ақ таңды,
Жайып жүрек жаз жайлаудай жатқан-ды.
Құрмет тұтып қадірлеген мәңгілік,
Бір-ақ рет үйінен дәм татқанды.

Арақ деген арам асты білмеген,
Ал, бірақ та айран ішпей жүрмеген.
Шарап деген шайтаныңа жоламай,
Қымызды үйге және түспей жүрмеген.

Ұрпаққа үлгі бабалардың дәстүрі,
Кеңшілікте жатыр оның бас сыры.
Ата жолын ұстанса деп ұрпақтар,
Жырға қосып, жария еттік жақсыны.

АБАЙ

Ұлы ақынсың ерекше, дана туған,
Дархан дала төсінде дара тұлғаң.
Абай ата, айналдым әруағыңнан,
Мыңмен жалғыз күреске жаратылған.

Надандық боп қазаққа жабысқан шел –
Қасіретпен аяусыз алысқан ең.
Сахараны сайратып жүз жыл бұрын,
Алыптармен әлемдік танысқан ең.

Аянбай-ақ ашынып күрескер ең,
Тізе бүкпей тартысқан тірестерден.
Жөн сілтедің халқыңа алып қал деп,
Білім – бұлақ нұры мол үлестерден.

Шарлап әсем шығыстың иран-бағын,
Асылының саралап жиған бәрін.
Ой бойламас батыстың байлығы да,
Өн бойына өнер боп сиған дарын.

Асыл сөздің құнарлы кенін қазып,
Даналықтан енші еткен еліне азық.
Абай – ғарыш төрінде жарық жұлдыз,
Абай – қазақ төрінде темірқазық.

ОТАН

Отан – қымбат ар-намысың, ожданың,
Оны сүйсең ер азамат болғаның.
Отаныңның қасиетін түсініп,
Мүддесі мен мақсаттарын қорғағын.

Жас түлектер – болашақтың тірегі,
Сендерсіңдер Ұлы Отанның жүрегі.
Көрсетіңдер келешекте қазақтың,
Мықты екенін қыран қанат түлегі.

Биік болып әрқашанда мақсатың,
Тілектес болып кәрі де тұр, жас та тұр.
Ел мерейін, ер мерейін тасытып,
Шыға берсін «Отан» сенің жақсы атың.

ҚАРТТЫҚҚА НЕ ЖАРАСАДЫ

Қарттықта қалың қауымға,
Ақыл айту жарасар.
Жастарға жөнді жол сілтеп,
Нақыл айту жарасар.
Жөнсіз кеткен жігітке,
Батыл айту жарасар.
Нелер жақсы, не жаман,
Атын айту жарасар.
Өресі тарлау шал болса,
Не болса соған таласар.
Қарттыққа тән қадірлі,
Жолдан сөйтіп адасар.
Сақта, Тәңірім, бұлардан,
Жағдайға әкел ес жиып,
Жақсылармен жанасар,
Заманменен санасар.

ҰСТАЗ

Ұстазбын, өзімнің де ұстазым көп,
Айта алман «елден ерек ұстазбын» деп.
Айта алам өнер білім бергендердің,
Ақылын мәңгі есте ұстадым деп.

Ұстазбын, тумысымнан солай бәлкім,
Демесін ұстаз болу оңай әркім.
Еңбекпен ерінбеген, жалықпаған,
Өмірдің әліппеден құрайды әрпін.

Ұстаздар еш уақытта жалықпайды,
Тәніне жат қылықтар дарытпайды.
Жемісі жұмысының – шәкірттері,
Солармен атақ-даңқы шарықтайды.

Қалайша мен айналман кәсібімнен,
Қабысқан рухани нәсібіммен.
Қалайша мен ұстазды ұлық тұтпан,
Даналар мен ұлылар басын иген.

Адамдық арқау еткен өнегені,
Ұстаздар құрмет тұтар ел өрені.
Еңбекпен абыройға бөленеді,
Алғыспен мәңгі көктеп көгереді.

АНА ТІЛІМ – АРДАҚТЫМ

Атам қазақ құрмет тұтып тілді бұл,
Қаратқан да кезі болды мыңды бір.
«Бас кессе де тіл кеспек жоқ» дегеннің,
Астарында данышпандық тұрды ұғым.

Ерді ерге таныстырған тілім бұл,
Топ жармаса, намыс қылған тілім бұл.
Найза орнына шешендікті қару қып,
Жауластарды табыстырған тілім бұл.

Әділдікті жақтаған да тілім бұл,
Ата жолын сақтаған да тілім бұл.
Елдің салтын, ердің даңқын жоймаған,
«Алқа көлді ақтабанда...» тілім бұл.

Тарих жүгін көп көрген де тілім бұл,
Қилы заман өткерген де тілім бұл.
Өктемдіктің құрығынан құтылмай,
Сетінеген, септелген де тілім бұл.

Ғашықтарды сырластырған тілім бұл,
Мұңлыларды мұңдастырған тілім бұл.
Сәбиімде бесік жыр боп есейсем,
Терме-дастан тыңдаттырған тілім бұл.

Тереңдік пен ауқымының шегі жоқ,
Бұрқырайтын тасқын сөздің селі боп.
Тілім менің, өзің берген санама,
Байлығыңның өлшемі мен теңі жоқ.

Мен қазақ боп даралансам басқадан,
Шақыртаған той-думанда асқақ ән.
Ол тілімнің жемісі мен жеңісі,
Мақтануға кімнен, неге жасқанам?!..

Шырайланып, шықты ана тіліміз,
Ойлап па едік оралар деп мұны біз.
Өз тілімді, өз үнімді мәпелер,
Туды, шүкір, ақжарылқап күніміз!
27 қазан 2020 ж. 319 0