Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай – рухы ұлы тұлға

Абай – рухы ұлы тұлға

Бүгін еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ресми сайтынан "Абай аманаты" атты мақаланы оқып, таныстым. Көлемді мақала ұлы ақын, ғұлама дарын иесі – Абай Құнанбайұлының өнегелі өміріне арналып, дара болмысын айшықтайды.

Абай Құнанбайұлы ел болашағын сонау заманда-ақ айқындап берген рухани темірқазық. Ол ұлттық құндылықтан бастап, халқымыздың сөз өнеріне, таным-түйсігіне, мінез-болмысына жаңа серпін берген ұлы тұлға. Елбасы мақаласында "Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?" деген сауал қойып, бала кезінде халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларды бойына сіңірген әжесі Мырзабала мен анасы Әлжанның аузынан естігендері Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болғанын айтады.

Елбасы мектеп қабырғасында жүргенде ұлы ақын атындағы мектепте оқығанын зор мақтанышпен еске алады. Яғни мектеп жасынан бастап Абайды тануға ұмтылағаны қазіргі жастарға үлгі-өнеге болары анық.
Дана Абайдың айтқан қағидаларынан үзінді келтіріп, өзінің өмір жолымен байланыстырған мақала тәлім мен тәрбиеге тұнып тұр. "Талапты ерге нұр жауар", "жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел" деген қағидалары әрбір адамзат баласына өмірлік ұстаным болуы тиіс.

Ұлы тұлға заманын суреттеген Елбасы тарих талқысына терең бойлайды. "Абай заманында толық бодандыққа душар болған қазақ жері бұтарланған, бөлшектелген. Қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген. Кезінде төрткүл дүние тарабын тоғыстырып, алаш жұртының айбынын асырған, мәңгілік ұйтқысына айналған кіндік шаһар – Түркістан өз мәртебесін жоғалтқанына біраз уақыт өткен. Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас", дейді Н.Назарбаев.

Ал бүгінде әлем таныған еңселі Елордамыздың қадірін білу – жасампаз ұрпақтың шын мәнінде бақытты болашағы.

Ақынның мерейтойын өткізу туралы шешім қабылданып, іргелі жұмыстың атқарылғанын ел-жұрт жақсы хабардар. Дегенмен ұлы Абайдың 175 жылдығы адамзатқа қатер төндірген індеттің жайылған кезімен тұспа тұс келді. Бұл жарқын келешекке деген сенімді жоғалтпайды, уақытша қиындықты ел бірлігінің арқасында еңсеретініміз айдан анық.

Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?», дейді Елбасы мақала соңында.

Лайым Абай сөзі мен ойы елдің еңсесін көтеріп, өркеніміздің өсуіне әкелсін.

Бибісара ЖАНӘЛІ
07 қазан 2020 ж. 859 0