Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құс тұмауынан сақтаныңыз

Құс тұмауынан сақтаныңыз

Сырдария аудандық аумақтық инспекциясы еліміздің солтүстік облыстарының аумағынан құс тұмауы ауруының анықталғандығын хабарлайды.

Осыған байланысты кент және ауылдық округтеріне қарасты үй құстарының есебі жүргізіліп, ауыл шаруашылығы есепке алу кітабына енгізілу қажет. Құс тұмауының белгілері байқалған жағдайда жергілікті ветеринар мамандарға жедел хабарлау керек.
Құс тұмауы (Grippus avius) – септицемия, домбығу, тыныс және ас қорыту мүшелерінің зақымдануымен ерекшеленетін жұқпалы ауру.
Індеттің белгілері. Құстың тұмауы эпизоотия және энзоотия түрінде байқалады. Тұмаумен барлық үй, синантроптық және жабайы құстар ауырады. Вирус тыныс жолы, ауыз, тері асты, бұлшықет арқылы енгенде ауру қоздырады. Ауру қоздырушысының бастауы – ауырған және ауырып жазылған (2 ай бойы вирус алып жүреді) құстар.
Өтуі мен симптомдары. Жасырын кезеңінің ұзақтығы 2-5 күн. Ауру басталғанда құс күйзеліп, тұмсығынан сора ағады. Аққан сора тұмсық тесігінің айналасында тобарсып, кеуіп, құстың тынысы қиындайды. Кей жағдайда көздің қабақтары экссудатпен жабысып, кілегейлі қабықтары қабынып, құстың басы ісінеді. Атаксия, невроз, құрыстану белгілерімен құс бір орында айналсоқтап, мо­йы­ны мен қанаттары дірілдейді.
Емі. Аурудың емі табылған жоқ. Тұмауға шалдыққан құсты емдеу тиімсіз. Індеттің жайылып кету қаупінен сақтанып, індет ошағындағы құстар түгел өртеліп жойылады. Ауру шыққан ошаққа 21 күн карантин қойылады.
Аурудың алдын алу үшін құс фермаларында санитариялық реттілікті сақтаудың, зоогигиеналық талаптарды орындаудың маңызы зор. Құстың тұмауына қарсы сұйық және құрғақ өлтірілген вакциналарды қолдану ұсынылған.


ҚР АШМВБжҚК-нің
Сырдария аудандық аумақтық инспекциясы
29 қыркүйек 2020 ж. 428 0