Барлық реформаның негізгі элементі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы аса маңызды 11 басым бағыттан тұрады. Оның ішінде «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі» атты тоғызыншы бағыттың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында алатын орны ерекше. Себебі, бүгінде әлемнің дамыған елдерінде халыққа қызмет көрсететін барлық сала жаһандану талабына сәйкес электронды форматқа көшірілуде. Сондықтан Қазақстан да бұл көштен қалмауға тиіс.
Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында цифрландыру сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы екенін атап өтті. Бұл ретте, ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз ету керектігін айтты. Сондай-ақ интернетке қолжетімділік жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отырғанына назар аударды.
– Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі. Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз. Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек, – деген Мемлекет басшысы мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан арылуды, сол арқылы ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып, мәліметті цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырды. Осы ретте, қарапайым өмірден мысал келтірейік.
Бұрын аудан әкімдігіне немесе аудандағы белгілі бір мекемеге қызмет барысымен хат жазылса, аталған хат міндетті түрде қолма-қол табысталатын. Бұл сөзсіз уақытты шығындайтын және мамандардың жұмысын кешеуілдететін. Ал қазіргі таңда хат электронды түрде шығысталып, ресми органның поштасына жолданады. Жүйеге келіп түскен хатты тиісті мамандар алып, басшының қарауына ұсынады. Ешкім барып, келіп әуре болмайды. Бұл екі тарап үшін де тиімді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Халыққа қызмет көрсету» орталықтарында кезектілік көп болатын. «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы алынатын анықтамаларды жұртшылық мекемеге барып алатын. Қазір бұл өзгерді. Қолыңызда смартфоныңыз болса, «Телеграмм-бот» жүйесіне кіріп үйден шықпай-ақ «Е-gov» арқылы қажетті анықтаманы алуыңызға болады. Бұл да уақытты, түптеп келгенде қаражатты үнемдеуге негіз екені анық. Осыны ескерген Президент мекенжай, мүліктік және өзге де анықтамалар бойынша оң тәжірибе бар екенін айта келе «мемлекеттік органдар жеке куәлікті, дипломды, жүргізуші куәлігін электронды түрде қабылдауға тиіс» деді. Расында да халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайдаланған жөн.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында мәліметтер базасының бірыңғай жүйесімен қамтамасыз ету және оны әрі қарай дамыту – Үкіметтің басты міндетінің бірі екенін айтты. Сонымен қатар аталған жұмыс тиісті деңгейде реттелмегенін сынға алып, жұмысты жетілдірудің тиімділігін аңғартатын бірқатар мысал келтірді.
– Министрліктер мен әкімдіктердің де ақпараттық-сараптамалық немесе IT-құрылымдары бар. Мұндай құрылымдар ортақ стратегиямен санаспай, мекеме деңгейіндегі мүддені ғана қорғайды. Ақпараттық технологиялар нарығын, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялар қызметін дамыту – елімізде қосымша құн қалыптастырып, жұмыс орындарын ашып қана қоймай, осындай қызметтерді шетелге экспорттауға да жол ашады. Осы әлеуетті толық пайдаланған жөн. Ақпараттық технологиялар саласы мен ұлттық бизнес ынтымақтастығының болашағы зор, – деді Президент.
Негізі соңғы жылдары мемлекет тарапынан цифрландыру бағытына мол қаржы қаралып, жұмыстарды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінуде. Мысалы, еліміздің «мәліметтерді» өңдеу және сақтау жөніндегі халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қабылданған. Былтырдың өзінде цифрлы майнинг ісіне 80 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылғанын да атап өту керек. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Сол себепті, Мемлекет басшысы «Елімізге әлемдік алпауыт цифрлы компанияларды тартуымыз керек. Әйтпесе өзге мемлекеттер алдымызды орап кетеді. Бес жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 миллиард теңгеге дейін жеткізуі қажет» деп нақты міндет қойды. Ендеше, ел Үкіметі мен салалық министрліктер Жолдаудан туындаған мақсат-міндетті сапалы жүзеге асыру үшін жедел шаралар қабылдауы керек. Сонда ғана ел тұрғындары жаңашылдықтың жемісін көретін болады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ