Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қолдаймыз

«Жұртқа жақын полиция» қағидатын қолдаймыз

Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде егемен Қазақстанның құқық қорғау саласы бірнеше маңызды реформаны бастан өткізді. Бүгінгі күні сақшылар құрамын еліміздің ішкі тәртібін сақтауда шыныққан, орасан зор тәжірибе жинақтаған нағыз кәсіби құрылым деп айтуға болады. Ел Президенті өзінің Жолдауында учаскелік полиция инспекторларына тағы да маңызды міндеттер жүктеп, сала жұмысын жетілдіруді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» атты бөлімінде Заң үстемдігі жөнінде көптеген келелі ойлар айтты. «Жағдай жедел өзгеруде. Күштік құрылымдар жұмыстың озық әдістеріне көбірек ден қойған сайын олардың халықаралық тәжірибелерге бейімделу мүмкіндігі арта түседі. Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда. Бірақ құқық қорғау жүйесінің жұмысында бұрынғы дағды бойынша айыптауға бейімділік басымдау болып тұр. Азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылатын жағдайлары да аз кездеспейді» деген Президент көрсеткіш қуалап азаматтардың сенімі мен бостандығына селкеу түсіруге болмайтынын атап өтті. Осы ретте біздің алдымызға «Полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс» деп нақты міндет қойды.

Қазір барлық сала ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстануда. Жолдауда айтылған «Жұртқа жақын полиция» қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берері анық. Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсатына айналғанда ғана сала жұмысы нәтижелі болады. Сондықтан Мемлекет басшысының «Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет» деп айтуы өте орынды.

Қоғам мүшелері арасында бейнебақылаулардың тиімділігі жөнінде де көптеген оң пікір бар. Бейнебақылау құрылғылары қылмыстың алдын алу мен болдырмауға және қылмыскерді құрықтауға көп септігін тигізеді. Оған қарпайым өмірден көп мысал келтіруге болады. Сол себепті Жолдауда айтылған тапсырма бойынша аудандағы әлеуметтік нысандарға, халық көп шоғырланатын орындарға және тұрғын үйлер маңайына, ауылдардың кіреберісіне бейнебақылау орнатудың маңызы зор. Бұл басымдық ведомства жұмысының тиімділігін арттырады.

Түйіндей келе, Жолдауда учаскелік полиция инспекторларына қатысты айтылған жаңа реформаларды толық қолдаймын. Жолдауда айқындалған Президент тапсырмалары сапалы жүзеге асса, құқық қорғаушыларға деген халықтың сенімі артатыны анық. Сондықтан «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша тиісті жұмыстарды атқаруға күш саламыз.

Қайрат АДАЙ,
Сырдария аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Шаған ауылдық учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры
12 қыркүйек 2020 ж. 899 0