Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 25 газет

30 наурыз 2024 ж.

№ 24 газет

23 наурыз 2024 ж.

№ 23 газет

19 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Жемқорлыққа қарсы күрес уақыт күттірмейді

Жемқорлыққа қарсы күрес уақыт күттірмейді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – Мемлекет бас­шысы саясатының басты бағыт­тары­ның бірі. Президент былтыр 20 мамырда сыбайлас жемқор­лыққа қарсы реформа­лардың алғашқы пакетін жариялады.

Онда қол астындағылардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшыларды лауазымынан босату мен тәртіптік жауапкершілікке тарту институттарын енгізу, нормативтік-құқықтық актілер жоба­ларының сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру, азаматтар­ды жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін ынта­лан­­дырудың сараланған жүйе­сіне көшу тапсырылды. Жаңа бастамалардың барлығы нақты заңдарда көрініс тапты және өзде­рін тиімді алдын алу құралдары ретінде көрсетті.

Антикордың басқа бастамалары да тұжырымдамалық қолдауға ие болды. Бұл – квазимемлекеттік және жеке секторларда комплаенс-қызметтер құру; ұлттық компа­ния­­лардың сатып алу және жоба­лық қаржыландыруға жауапты қызметкерлері есебінен сыбайлас жемқорлық субъектілерін кеңей­ту; мемлекеттік қызмет­ші­лер­ге сыйлық беруге және сый­­лық­тар алуға толық тыйым салу; күштік құрылымдар қыз­ме­т­­кер­лерінің қылмыстық аран­дату­­­­шы­лық әрекеттері үшін қыл­мыстық жауап­кершілікті белгілеу; квази­мем­лекеттік сектор басшыларын сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл шараларын қол­данба­ғаны үшін әкімшілік жауа­п­кер­ші­лікке тарту. Бұл жаңа­шыл­дық­тардың қазір Сенатта қаралуы – бас­тамалардың жақын арада іске асы­рылатындығын көр­сетсе керек.

Қоғам мемлекеттік аппарат осымен ғана шектеледі деп ойлауы мүмкін. Алайда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дәйекті іске асыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жандандырды. Коронавирус пандемиясы іс жү­зінде мемлекеттік басқарудың әртүрлі салаларындағы, атап айт­қанда денсаулық сақтау саласынан бастап цифрландыруға дейін созылмалы сыбайлас жем­қор­лық «індеттерінің» бетін ашты. Сон­дықтан Мемлекет басшысы биыл 19 тамызда Қазақ­станның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі жаңғырту жөнінде арнайы кеңес өткізді, оның негізгі тезистері кешегі Жолдаудың жеке блогына кірді.
Президенттің сыбайлас жем­қорлыққа қарсы реформа­ларының үшінші пакетінің аса маңызды бас­тамаларына қысқаша тоқталып өтейін.

Біріншіден, сыбайлас жем­қор­лық үшін жауапкершілікті күшейту. Ең алдымен, бұл – құқық қорғау органдарының қыз­­­­мет­­керлері мен судьяларға қаты­с­­ты. Менің ойымша, олар заң­­ды­лық пен құқықтық тәртіпті сақтай отырып, сыбайлас жемқор­лық қылмыстары үшін қатаң жауап­­кер­ші­лікке тартылуы тиіс. Пара берушілер мен делдалдар үшін парақорлық жазасын қатаңдату мәселесі пысықталатын болады. Сотталған жемқорларға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою ең қуатты профилактикалық әсерге ие болады. Осы тәжіри­бенің жалғасы ретінде біз аса ауыр сыбайлас жемқорлық қыл­мыс­тары үшін бірнеше еселенген айып­пұл қол­дануды және жем­қор­ларға коло­ния-қоныстарда таға­йын­далған жазаны қайта қарау­ды жоюды жақтаймыз.

Екіншіден, 2021 жылдан бас­тап мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетелде банк шоттарын иеленуге тыйым салуды енгізу. Бұл бастама ел мүддесі үшін қызмет ету идеологиясы тұрғысынан ғана емес, жемқорлық капиталын шетелге шығару мүмкіндіктерін жою мақ­сатында да маңызды.

Үшіншіден, менің ойымша, «Қоғамдық бақылау туралы» заң­ның қабылдануы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды сыбайлас жемқорлық пен бюро­кратияға қарсы жүйелі түрде әрекет етуге барынша кең ауқымда тартуға нақты серпін береді. Онда сан қырлы мәселе бойынша қоғам өкілдерінің мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуінің нақты тетіктері көрініс табатын болады. Антикор әзірлеген Ашық бюд­­жеттердің интерактивті картасы ­мемлекеттік органдардың ашық­­тығын қамтамасыз етудің негізгі құралы болу арқылы алға қадам баспақ. Бұдан басқа, мем­­­лекеттік органдардың жанын­да ғана емес, ұлттық компанияларда да жұмыс істейтін қоғамдық кеңестердің рөлі едәуір күшейетін болады. Үздік шетелдік тәжірибелер негізінде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпарат берушілерді қор­ғау­дың кешенді жүйесін әзір­леу азаматтық қоғамды жан­дан­­ды­рудың маңызды құралы болмақ.

Президенттің 2021 жылдың соңы­на дейін мемлекет­тік қыз­метшілер мен квазимем­лекет­тік сектор қызметкерлерінің санын 25%-ға қысқартуды жеделдету шешімінің стратегиялық маңыз­дылығын ерекше атап өткен жөн. Осылайша, лауазым­дық жал­а­қыларын екі есе ұлғайта отырып, еңбекақы төлеудің факторлық-балдық жүйесіне толыққанды көшу мемлекеттік қызметтегі сыбай­лас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы тағы бір даусыз артықшылық болады.

Қазіргі таңда Үкіметпен бір­лесіп, ЭЫДҰ, ГРЕКО, БҰҰ ұсы­нымдарынан туындайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы баста­малар пысықталды. Олардың негіз­гісі – шенеуніктердің заңсыз байы­ғаны үшін азаматтық-құқық­тық жауапкершілікті енгізу. 2021 жылдан бастап жалпыға бір­дей декларациялаудың бірінші кезе­ңін іске қосуды ескере отырып, біз келесі тетікті ұсынамыз. Бас­тап­қы кіріс декларациясында мем­лекеттік қызметші өзінің бар­лық активтерін тіркейді. Егер кезек­ті декларацияны тапсыру кезін­де оның негіздей алмайтын табы­сы­ның едәуір өскені анықталса, оған мемлекеттік қызметтен босату және негізсіз асып кеткен соманы тәркілеу шарасы қол­данылады.

Дамыған елдерде қолданы­латын кәсіби сатылмаушылыққа тек­серу институтын енгізу бірша­ма алдын алу әсерін беретін болады.

Сондай-ақ күн тәртібінде мем­ле­кеттік қызметші емес, бірақ жа­рия­­лық міндеттерді орын­дай­­тын тұлғаларға сыбайлас жем­қорлыққа қарсы заңнаман­ы қолдану мәселесі де бар. Яғни біз пара алғаны үшін коммер­циялық банктердің топ-менеджер­лерін, табиғи монополиялар субъек­тілерінің басшыларын, жеке сот орындаушыларын және жария қызметшілердің басқа санаттарын мемлекеттік қызметшілер сынды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынамыз. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде кең таралған.

Бүгінгі таңда қоғамның сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға деген талпынысы бұрынғыдан да зор. Сондықтан жемқорлыққа қарсы кешенді реформалардың өзектілігін асыра бағалау мүмкін емес. Елбасы мен Мемлекет басшысының толық қолдауына ие бола отырып, біз алдымызға Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең пәрменді құралдарды енгізу мақсатын қоямыз. Бұл – экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі шарты.
 
Алик ШПЕКБАЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы,

04 қыркүйек 2020 ж. 244 0