Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Руслан РҮСТЕМОВ, Сырдария ауданының әкімі: Жұртшылық қолдауы – жетістік бастауы

Руслан РҮСТЕМОВ, Сырдария ауданының әкімі: Жұртшылық қолдауы – жетістік бастауы

Бір жыл аз уақыт та, көп уақыт та емес. Бірақ, ол белгілі бір уақыттың, күндердің, апталар мен айлардың түйінін білдіреді. Жыл он екі ай бойы атқарылған істерге есеп берудің, өткенге және ертеңге көз тастаудың да маңызы зор. Осы ретте, Руслан Рүстемовтің Сырдария ауданының тізгінін ұстап, аудан әкімі болып тағайындалғанына бүгін, яғни 28 тамызда тура бір жыл толды. Осыған орай жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде аудан басшысымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Руслан Рүстемұлы, ең алдымен жауапты қызметіңізге жеміс тілейміз! Аудандық газетке сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс айтамыз.

– Рақмет. Аудандық «Тіршілік тынысы» газеті – аудан жаңалықтарының жаршысы. Ауданның тарихы, бүгіні мен ертеңі үшін аудандық басылымның орны ерекше. Өзім де ауылдарды аралағанда, еңбек ардагерлерімен кездескенде, күнделікті жұмыс барысында аудан тұрғындарының, әріптестерімнің аудандық газетті тұрақты түрде оқитынын аңғарамын. Сондықтан аудан тұрғындарына жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде басылым арқылы ақпарат бергеніміз өте дұрыс. Оның үстіне қазіргі таңда карантин талаптарына сәйкес елді мекендерде өтетін көшпелі жиналыс­тар азайды. Жұртшылық атқарушы биліктің жұмысын, аудан жаңалықтарын жергілікті басылымнан оқып, білуде деп ойлаймын. Осы ретте жүргізілген ақпараттық-насихаттық жұмыстар үшін газет ұжымына алғысымды білдіремін.

– Қызметке тағайындалғанда аудан халқы «ауданға әкім болып руханиятқа, өнер мен мәдениетке жақын азамат келді» дегенін білеміз. Бірақ, бүгінгі сұхбатымызды экономика, қаржы саласынан бастасақ. Бір жылдағы ауданның экономикалық жетістіктеріне қысқаша тоқталсаңыз.

– Әрине, аудан әкіміне жүктелетін үш негізгі міндет болса, оның бірі ауданның экономикасын көтеру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әлеуетін арттыру болып табылады. Қазіргі таңда аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасып, алғашқы жартыжылдықта өнеркәсіп 67,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 69 пайызға артып отыр. Өңдеуші өнеркәсіп көлемінің артуы негізінен тамақ өнімдерін өндіру есебінен ұлғайды. Оның ішінде ет өнімдерін өндіру 0,8 пайызға, өңделген сүт 0,7 пайызға, ақталған күріш 4,8 есеге өсті. Жыл басынан бері аудан экономикасына 13,8 млрд теңге көлемінде негізгі капиталға инвестиция тартылды.

– Ауданымыз аграрлы аудан екені белгілі. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Осы жылдың 6 айында ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өндіру көлемі 0,7 пайызға ұлғайды. Мал шаруашылығы да қалыпты даму үстінде. Осы аптада алғашқы егін орағы басталып, шаруашылықтар қызу еңбекке кірісті. Дала еңбеккерлері биыл да жоғары белесті бағындырып, ел қамбасын алтын дәнге толтыратынына сенім мол. Жалпы аудан бойынша 33110 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріштің көлемі 21126 мың гектар. Шаруашылықтарды аралап, еңбек ардагерлерімен, егіншілермен кездескенімде аңғарғаным, жұртшылықтың егін науқанының жемісті қорытындылануынан үміті зор. Лайым, егіншілердің еңбегі ақталып, қамба алтын дәнге толсын деп тілейміз.

Ауылшаруашылық саласын дамытумен қатар мал шаруашылығындағы мал өнімділігін арттыру мақсатында «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары арқылы аудан бойынша 83 млн теңгеге 135 бас жылқы, 141 бас мүйізді ірі қара малы сатып алынды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 100 бас ет бағытындағы мүйізді ірі қара малын сатып алуға тапсырылған құжаттар мақұлданды. Ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау жұ­мыстары жалғасуда. Осы жылы шет елге 337 тонна ақ күріш экспортталды. Ауданда индустриялды-аграрлық аймақ құру мақсатында аудандық бюджеттен барлығы 2,4 млн теңге қаражат бөлініп, 18,5 гектар жер учаскесі аграрлық индустриялдық аймақ болып белгіленді.

– Кәсіпкерліктің даму қарқыны қай деңгейде?

– Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жыл­дығы аясында Сырдария ауданында жап­­­пай кәсіпкерлікті дамыту, ауданның жұ­мыссыздық деңгейін түсіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша 2020 жылдың 1 шілдесіне 2239 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2182. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 93,3 пайызды құрады. 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10,8 пайызға өсті. Жыл басынан бері жаңадан 200 кәсіпкерлік субьектілері тіркелді.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дарламасының екінші бағыты бойынша 59 жоба несилендірілді. Осы бағдарлама аясында «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 79 тұрғын мемлекеттік грант иеленді. Сонымен бірге «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Агробизнес-2020» және «Кең дала» бағдарламалары бойынша несие алып кәсібін өрге доматып жатқан сырдариялықтар жетерлік. Жалпы биылғы жылдың осы кезеңіне ауданда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 414,9 млн теңгені құрайтын 151 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, нәтижесінде 152 жаңа жұмыс орны құрылды.

– Ауылдардағы әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізілуде. Осы жөнінде айтсаңыз.

– Ауданға қарасты елді мекендерде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдар­ламасы аясында әлеуметтік нысандар жөндеу­ден өтізіліп, жолдар салынуда. Жалпы, бағдар­лама шеңберінде ауданда барлығы 19 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде әлеуметтік-мәдени сала бойынша 8 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда А.Тоқмағамбетов ауылдық клубы ғимараты мен Тереңөзек кенті клубының ғимараты ағымдағы жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектептің су құбыры мен кәріз жүйесінің ішкі және сыртқы желілерін, Бесарық ауы­лындағы №147 орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Аталған бағдарлама шеңберінде Тереңөзек кентінде көпқабатты 2 тұрғын үйдің (42 пәтерлі) құрылысы да жүргізілуде. Сонымен бірге Жетікөл ауылындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жобасы жүзеге асырылды.

Бағдарлама аясында бірнеше жылдан бері елді мекендерде өзекті мәселеге айналған іш­кі жолдар кезең-кезеңімен жөндеуден өт­кізілуде және аудандық маңызы бар «Са­мара-Шымкент-Жаңадария» автомо­биль жо­лы орташа жөндеуден өтті. Жалпы, бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында барлығы 400 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 243 адам аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасты. Жобалар аяқталғаннан кейін қосымша 8 тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

– Алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыс жос­парларымен бөліссеңіз.

– Алдағы уақытта атқарылатын жобалардың ішінде ауданның 11 елді мекеніне салынатын тұрғын үйлер құрылысы бар. Әр ауылда 3 бөлмелі 3 тұрғын үйден салуды жоспарладық. Биыл осы 33 тұрғын үйдің құрылысын бастауға тәуекел етіп отырғанымызды ерекше қуанышпен жеткізгенді жөн санап отырмын. Ауылдарда тұрғын үйлер бой көтерсе, баспана мәселесі реттілігімен шешімін табады. Мұнан бөлек кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы саласын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу күн тәртібінен түспейді. Әлеуметтік сала жұмысына қолдау көрсету де басым бағыттар қатарында. Атап өту керек, тұрғындар көкейінде жүрген газдандыру мәселесі пандемияға байланысты уақытша тоқтап, жұмыс қарқыны бәсеңдеді. Дегенмен, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен күнделікті хабарласып, жұмысты жіті бақылауымызға алдық. Ұзақ жылдардан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген орталық алаң мен А.Иманов көшесін жөндеу де жоспарымызда бар. Жалпы ауданды дамыту бағытында тиісті министрліктерге ұсыныстар енгізіліп, бюджеттік өтінімдер берілген.

– Карантин талаптары түрлі салалардың жұмысына әсер етті. Аудандағы бүгінгі эпи­демиологиялық ахуал жөнінде мағлұмат берсеңіз.

– Әлемді алаңдатқан індет біздің ауданды да айналып өтпеді. Ауданда алғашқы науқас тіркелген күннен бастап сала мамандары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Түсіндірме жұмыстары да жүргізілді. Осы ретте қайырымдылық шараларына атсалысқан барша азамат­тарға, оның ішінде облыстық, аудандық мәслихат депутаттарына, жергілікті кәсіпкерлерге, шаруашылық төрағаларына және ерікті жастарға алғыс айтамын. Дәрігерлерге, ауруханаларға қолдау көрсеткен азаматтардың қолдауын жанашырлықтың жарқын үлгісі деп есептеймін. Бірер күн бұрын аудандық аурухананың провизорлық стационар бөлімшесіндегі соңғы екі науқас емделіп шықты. Жалпы жұқпалы індет тараған кезеңде аудандағы инфекциялық стационарда 30, провизорлық стационарда 50 төсек орны жасақталды. Қазіргі таңда ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып, сала мамандарының қажырлы еңбегінің нәтижесінде індеттің қаупі сейілді. Десе де бұл індет жойылды деген сөз емес. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларына мән беріп, ортақ тәртіпке бағынғаны жөн.

– Әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызда 1300-ге жуық оқырман бар. Жеке парақшаңызға келіп түсетін сауалдар көп пе? Олардың шешілуі қай деңгейде?

– Ел Президенті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын қолданысқа енгізді. Соған сәйкес әлеуметтік желіден жеке парақша ашып, халыққа жақындай түстік. Бұл өзіміз үшін де тиімді. Себебі, халықпен тікелей байланысқа шығу, олардың талап-тілектерін, ұсыныс-пікірлерін есту көп мәселенің шешілуіне әсер етеді. Бүгінде кез келген тұрғын жеке парақшаға сұрақ қойып, жауап ала алады. Мұнан бөлек «Сырдария ауданының әкімдігі» атты ашық парақша жұмыс істейді. Мұнда ресми мәліметтер мен жергілікті атқарушы биліктің атқарып жатқан жұмысы жөнінде күнделікті ақпарат жариялануда. Сондай-ақ әрбір бөлімнің, кент және ауылдық округі әкімі аппаратының ресми парақшалары жұмыс жасайды. Есепті мерзімде әлеуметтік желі арқылы жүзден аса сұрақтар мен ұсыныстар келіп түскен және оның барлығына уақытылы жауап берілген.

– Жыл көлемінде жастармен бірнеше рет кездестіңіз. Аудан жастарына қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінде ауданда 11 мыңға жуық жас бар. «Жастар жылы» мен «Еріктілер жылы» белсенді жастарға зор қозғау салды, жаңа мүмкіндіктер ашты. Бүгінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, олардың мамандық игеріп, жұмыс істеуіне жол ашу, кәсіпкерлікпен айналысуына бағыт-бағдар беру бағытында жұмыс істеуде. Десе де жастарға іздену, білім мен ғылымды, өнерді игеру қажет деп ойлаймын. Қазір заман талабына сай жаңа мамандықтар пайда болды. Сұранысы жоғары салалар бойынша оқу керек, сонда жастар өмірден өз орнын табады. Сондай-ақ жастар тұрақты түрде кітап оқуы қажет. Бұл олардың ой-санасының жетілуіне, сөз саптауына, тілдік қорының кеңеюіне тікелей әсер етеді.

– Бір жылда аудан халқы несімен ерекшеленді? Әкімдік қызметтегі жұмыс­тарыңызға сырдариялық жұртшылықтың көз­қарасы қалай деп ойлайсыз?

– Сырдария – тарихы терең шежірелі аудан. Үш жүздің баласы бас қосқан ауданда жұмыс істеу жауапкершілікті талап етеді. Жергілікті атқарушы биліктің жұмысы халықтың көз алдында деп ойлаймын. Ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда және бұл жалғаса береді. Жұртшылық қолдауы – жетістік бастауы. Күнделікті қарбалас жұмыспен бір жылдың өте шыққанын аңғармай да қалыппыз. Біздің қызметіміз – халыққа. Лайым, қасиетті дарияны жағалай орналасқан Сырдария ауданы дами берсін!

Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ


28 тамыз 2020 ж. 1 278 0