Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абзал Ералиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері: «Туған елге деген құрмет туған жерге деген жанашырлықтан басталады»

Абзал Ералиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері: «Туған елге деген құрмет туған жерге деген жанашырлықтан басталады»

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев – Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданының төл перзенті әрі мақтанышы. Адал еңбекпен еңсе тіктеп, елге танылған ардақты азаматтың өнегелі өмірі мен еңбек жолы кімге болса да үлгілі. Биыл жерлестер мақтанышы Абзал Жұмашұлы асқаралы 60 жасқа толды. Бұл белес азамат үшін де, азаматтың сырдариялық жерлестері үшін де ортақ қуаныш. Осыған орай аудандық газет туған жердің тұғырлы түлегімен жүргізілген сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.

– Абзал Жұмашұлы, биылғы 60 жыл­дық мерейтойыңыз құтты болсын! Әуелі сұхбатымызды мерейлі мерей­тойдағы кө­ңіл-күйіңізден бастасақ.

– Рақмет, көңіл-күйіміз жақсы. «Алпыс – тал түс» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған екен. Алпыс жаста адамға «Осы уақытқа дейін не істедім, алдағы уақытта не істей аламын» деген ой келеді екен. Өткенге көз жүгіртсем, еңбегіміз еш кетпеген секілді. Әуелі Алла, екінші халықтың қолдауының арқасында Жер-Анадан нәсіп теріп, күріштен мол өнім алдық. Біздің бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістігімізде Сыр өңірінің алатын орны ерекше. Сондықтан туған жерге тағзым етеміз.

Мемлекет басшысы қазір той тойлайтын заман емес екенін айтты. Әлем қауіпті індетпен күрес жүргізіп жатқан күрделі тұста мерейтойды атап өту әбестік болады. Өткенге тәубе, ертеңге тәуекел деп, күнделікті тіршілігімізді атқара береміз. Бұл өмірдің бір белесі деп қабылдаймын.

– Иә, пандемия кезеңінде өзіңіз негізін қалаған «Абзал және К» ТС халықпен бірге екенін көрсетіп, қайырымдылық шараларының басы-қасынан табылды.

– «Абзал және Компания» ТС коронавирус індетіне қарсы күресте бірқатар емдеу мекемесі мен ұйымына дәрі-дәрмектер, қорғаныс құралдарын, азық-түлік жеткізді. Ұжым әлі де Қызылорда облысының медицина қызметкерлеріне қолдауын жалғастыруда. Мәселен компания қызметкерлерінің атынан Сырдария аудандық орталық ауруханасына гуманитарлық көмек жеткізілгенін білесіздер. Бұл – біздің міндетіміз. «Халық – Құдайдың бір аты» демекші, компания халықтың осал топтарын қолдау жұмыстарын жалғастыра береді.

– Бүгінде Нағи Ілиясов ауылымен Сіздің есіміңіз қатар айтылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ауылдың дамуына бірнеше рет жоғары баға берді. Елбасымен кездесуден алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Елге еткен адал еңбек әрқашан еленеді. Біздің еңбегімізді Елбасы да, ел де еледі. Ауыл­ға жасаған іссапарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Әр ауыл Нағи Ілиясов ауылындай болсын» деген жылы лебізін білдірді. Бұл біз үшін жоғары баға болды әрі бізге зор жауапкершілік жүк­теді. Елбасымен кездесуден кейін ауылға деген жанашырлық екі есе арта түсті. Негізі, туған елге деген құрмет туған жерге деген жанашырлықтан басталады деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, әлі күнге «Абзал және К» толық серіктестігі елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына мол қаржы құюда. Серіктестіктің қолдауымен ауылдағы әрбір әлеуметтік нысанның мәселесі оң шешілуде. Көшелер мен орталық алаң маңы да біздің тұрақты қолдауымызға ие. Ауыл – елдің алтын бесігі. Сондықтан біз ауылды түлетуге, абаттандыруға алдағы уақытта да үлес қоса береміз.

– Қазір бас қалада жауапты қыз­мет­тесіз. Мәжіліс мінберіндегі жұ­мы­с­ы­ңызға тоқталсаңыз.

– Парламент – заң шығарушы орган. Мәжілісте түрлі заң жобалары талқыланады, ұсыныстар сараланады, мақұлданады. Әр бастаманың астарында елге пайдалы, тиімді тетіктер қарастырылатыны белгілі. Тұрғындардың талап-тілегі бойынша Үкімет басшысы мен министрлерге депутаттық сауалдар жолдаймыз. Өңірлерді аралағанда түрлі кездесулер өткізіледі. Сол кездесудегі елге пайдалы ұсыныстарды Мәжіліс мінберінен көтеріп, шешімін табуға жұмыс жасау – басты міндетіміз.

– Бір сұхбатыңызда «ауылдан алыс­тай алмаймын» деген екенсіз. Нағи Ілиясов ауылына жиі келесіз бе?

– «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген тамаша өлең жолдары бар ғой. Сол секілді ауыл менің көңілімнің көгінде, жүрегімнің төрінде. Жұмыс кестемізге сәйкес бос уақытым бола қалса, бірден ауылға асығамын. Ауылдағы адамдармен пікірлесіп, сөйлесіп, әңгімелерін тыңдағанға ештеңе жетпейді. Оның үстіне егіншілік біздің ата кәсібіміз. Диқандарға айына бірнеше рет келіп, күріш алқабын араламасам көңілім көншімейді. Қазір бәрін техника атқарады ғой, десе де ауыл адамдарының адал еңбегі, жұмысқа деген көзқарасы мені әркез сүйсінтеді. Сондықтан ауылдан ұзағым келмейді. Ауыл мен үшін құт қонып, бақ дарыған жұмақ мекен.

– Халық даналығында «Адам ұр­пағымен мың жасайды» делінген. Ісі­ңізді ұлыңыз Мағжан жалғастыруда. Осы туралы ойыңызды білсек.

– Кей жандардың Мағжанның жастығына қатысты айтқан пікірлерін оқып отырмын. Рас, ол жас, бірақ еңбекке ерте араласты. Қазақта «Болар бала он бесінде баспын дер» деген өте жақсы сөз бар. Мен балаларымды еңбекке ерте баулыдым. Оның ішінде Мағжанға артқан үмітім зор. Жастығына қарамастан компанияны басқаруды тапсырдым. Ақ күрішпен аты шыққан «Абзал және К» компаниясына бүгінде Мағжан жастығымен жаңаша серпін әкелуде. Бүгінде Сыр брендіне айналып келе жатқан «Safia» су, @zhekas_doner_house_kzo секілді жаңа бағыттарды енгізуде. Оның кәсіпті дамытуға қатысты көзқарасы өзгеше, мәселелерді шешуде де стандарттан тыс тәсілдерді қолданады. Алдағы уақытта да сенімді ақтайды деп ойлаймын. Ол сондай-ақ жастар саясатында да жақсы қырынан танылып жүр. Ата-ана үшін ұрпағының биіктерге құлаш сермегенінен асқан бақыт жоқ.

– «Жас келсе, іске» демекші өзіңіз де еңбекке ерте араластыңыз. Еңбек жолыңыз, кәсіпкерлікті бастауыңыз жөнінде айта өтсеңіз.

– Қазір кәсіпкерлікті қалай баста­ғанымыздың өзі тарихқа айналып барады. «Уақыт – жүйрік» деген осы шығар. Егемендіктің алғашқы елең-алаң кезінде мен де көпшілікпен бірге кәсіп саласына бет бұрдым. Мамандығым инженер-құрылысшы болатын. Кеңес кезінде білім алып, бұл мамандықтың біршама қыр-сырын меңгеріп, нанын жеп үлгергем. Бірақ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында салынып жатқан құрылыс жоқтың қасы еді. Бұрынғы құрылыс мекемелері тарай бастаған кезең болатын. Қазіргідей қаптап жатқан құрылыс кәсіпорындарының әлі туырлығы көтерілмеген. Содан кейін саудаға қарай бұрылуға тура келді. Бұл саланың салты да, санасы да мүлдем бөлек екен. Ептеп оны да меңгере бастадық. Азын-аулақ ақша таптық. Алайда, ала қапшық арқалаған бұл тірлікпен ұзаққа бара алмасымды тез сездім. Алыпсатарлықтың да күні өлшеулі екеніне көзім жетті. Содан кейін маңайымда жүрген бір топ жігіттердің басын құрап, «Абзал және К» толық серіктестің тұсауын кестім. Сол бойда өзімізге етене таныс ауыл шаруашылығына бет бұруға шешім қабылдадық. Бұл 1994 жыл болатын. Ауылымның бұл кездегі жайы өзіме белгілі еді. Дайын тұрған жері, сақадай-сай техникасы, адам күші жоқ, шаруашылық әбден тұралап қалған. Осының бәрін көріп жүрген соң шыдамым жетпеді. Кәсіпкерлікпен айналысып, тапқан табыстарымды ауылымды көтеруге жұмсамақ болдым. Бұл ойымды аудан басшылары да, ауылдастарым да қолдады. Бірақ, шыны керек, жұмысты бірден дөңгелетіп алып кету оңайға соқпады.

– Иә, абыройға қажырлы еңбекпен, үздіксіз ізденіспен жеттіңіз. Жастарға айтар ақыл-кеңесіңізді білсек.

– Адамның екі үлкен жауы бар. Ол жалқаулық пен қызғаншақтық. Жастар осы екеуінен алыс болса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Сондай-ақ ізденуден, үйренуден жалықпау керек. Білім мен тәжірибе қай кезде де қажет. Бұл ретте білімге ұмтылған қазақстандық жастарда мүмкіндік мол. Жастарға қысқаша айтатын ақыл-кеңесім осы.

– Сұхбатымыздың соңында жерлес­теріңізге деген лебізіңізді білсек.

– Алашқа ана да, пана да болған Сыр елі – ырыс-құттың түпқазығы. Қасиетті өңірдің тамыры терең тарихы, бүгінгі бағындырған белесі және алдағы жоспарлары халықтың ынтымақ-бірлігінің арқасында қалыптасуда. Сол себепті бірлігі бекем, тірлігі көркем жерлестеріме тек жақсылықтар тілеймін. Әлемді алаңдатқан аты жаман індеттен аман болыңыздар, сақтық шараларын ұстаныңыздар. Егемен еліміз, өркендеген өңіріміз, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқан ауданымыз, ең бастысы ауылдарымыз гүлдене берсін!

Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
25 тамыз 2020 ж. 1 163 0